Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАЙТАЛМАН МЕХАНИЗАТОР

МАЙТАЛМАН МЕХАНИЗАТОР

Осыған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады» деген болатын. Одан соң мемлекет басшысы Сыр еліне сапарында «Еңбек адамдары – ел үшін ең керек азаматтар» деп бір түйіндеді. Ал соңғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Осыдан-ақ елімізде еңбеккерлерге деген қолдаудың қалыпты жолға түскенін байқауға болады.

Ерте көктемнен қара күзге дейін Жер-Анадан несібесін теріп жейтін шаруалар мен диқандардың жұмысын көбі біле бермейді. Еселі еңбектің артында қаншама маңдай тер, қара жұмыс бар. Әрине, дала төсіндегі әрбір іс – ұжымдық жұмыс. Десек те, біз бүгін майталман механизатордың елеулі еңбегін сөз етпекпіз. Ел арасында еңбекқорлығымен дараланған кейіпкеріміз Бекбай Мұханов 1954 жылы 29 шілдеде Мұстафа Шоқай ауылында дүниеге келген. Қай салада болсын, өз мамандығын шексіз жақсы көретін, жұмысынан ләззат алатын мамандар болады. Міне, сондай майталманның бірі осы кісі екеніне мақала жазу барысында әбден көз жеткіздік. Бекбай ағамыз – буыны бекіместен еңбекке ерте араласқан азамат. Өйткені, әкесі Мұхан қарапайым шаруа адамы болған. Үлкендер салған сара жолдан айнымай, кейіпкерімізден кейінгі бауырлары да – еңбек адамы атанған жандар. Жастайынан әкесіне қолғабыс ете жүріп, техникаға деген қызығушылығы артқан бала Бекбай еңбекке бір табан жақын болып, техниканың тілін ерте меңгереді. Осы арада 1972-1974 жылдары Отан алдындағы борышын Ленинград қаласында өтеп елге келеді. 1974 жылы СПТУ-да автомектепті 6 ай оқып, жүргізуші мамандығын алып шығады. 1975 жылы Бидайкөл ауылында комбайнға бір жыл көмекші қызметінде жүріп, мамандықтың қырсырын үйреніп, 1976 жылы «СКД-6» комбайнын тізгіндейді. Бүгінде осы бір алып техниканы жүргізіп, шаруашылықтың жұмысын атқарып жүргеніне де 50 жылға тарта уақыт болыпты. Осы салада табанды еңбек етіп жүрген білікті механизатор жұмыста жауапкершілікті бірінші орынға қояды. Білікті басшы Талғат Байдалиев басқаратын «Бидайкөл» шаруа қожалығында 50 жыл бойы тынымсыз еңбек етіп жүрген майталман маман ел қамбасындағы астықты еселеуге сүбелі үлес қосуда. – Шаруа қожалығындағы әр қызметкердің өз орны бар. Жұмыстың жүйелі атқарылуына, еңбек өнімділігінің артуына жұмыла іс қыламыз. Осы орайда, Президентіміздің өзі көпшіліктің еңбек адамына деген көзқарасын оң бағытта өзгертіп бергендей. Бектай Мұханов – мықты маман, майталман механизатор. Мұны 50 жылдық еңбек өтілінен-ақ байқауға болады. Біз өз мамандығын мықты меңгерген қызметкерлерімізбен мақтанамыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы Талғат Байдалиев. Мамандығына адалдығы үшін кейіпкеріміз шаруа қожалығының тәжірибелі механизаторы атанып, жыл сайын түрлі марапатқа ие болып, озат механизатор атанған. Кейіпкерімізбен әңгіме барысында ерінбей еңбек етіп, жалықпай техника меңгерген адамның жерде қалмайтынына көзіміз жетті. Әсіресе, қазіргі бәсекелестік белең алған шақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгерген жөн. Бүгінгі мақаламызға арқау еткен кейіпкеріміз – заманмен біте қайнасып, маңызын жоймайтын мамандықтың иесі. Еңбегі ескеріліп, 1983 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Одан бөлек түрлі алғыс хаттары, грамоталары да бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы серіктестік жұмысына серпін берген майталман мамандардың бірі де бірегейі. Бүгінде 70-тің желкенін керсе де, еңбектен қол үзген жоқ. – Жастайымнан еңбекке ерте араласып, техниканың қыр-сырына қанық болдым. «МТЗ-80» және басқа да трактордың түр-түрін жүргіздім. Қазір «СКД-6» маркалы комбайнын айдаймын. Онымен жұмыс істеген өте қолайлы. Ішінде барлық жағдай жасалған. Таңмен таласып, техника руліне отырғалы кешке дейін тыным таппай шаруада боламыз. Ауылда демалатын уақыт жоқ. Егістікті қоректендіру, жер жырту, астық жинау секілді жұмыстарды жүргіземіз. Бір жұмыс бітсе, келесісі дайын тұрады. Шаруаның бәрі уақытылы жасалуы қажет, – дейді майталман механизатор Бекбай Мұханов. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен, ұ қ ы п т ы л ы қ п е н қ а р а й т ы н Б е к б а й ұжымдастарының арасында мәртебесі биік, абыройы асқақ. Отбасында жұбайы Биханша апамыз екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Иә, оның бос уақыты жоқ, себебі қазір – егін жинау науқанын қорытындылайтын шақ. Алқаптан астық жиған кейіпкеріміз «ешкімге жамандық жасама, жақсылық жаса, ол еселеніп қайтады» деген қағиданы қатаң ұстанады. Жұмысы қиын болғанымен, ол артылған сенім үдесінен шығып келеді. Әңгіме барысында мықты механизатор «жұмысыңды жақсы көріп, одан ләззат алсаң, қиындықтар байқалмайды» деген сөзін тағы қайталады. Мұның өзі асқан жауапкершілікті аңғартса керек. Елдің ырысын еселеуде ауыл еңбеккерлері қарап қалмайды. Бүгінгі алқап басына жасаған сапарымызда осыған көзіміз жетті. Бекбай секілді білікті мамандардың өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Себебі, еңбек адамдары – еліміздегі ең сыйлы адамдар.
Шапағат ТІЛЕУБАЕВ

01 қазан 2024 ж. 88 0

Қоғам

Мен өмірді қалаймын!
07 қараша 2024 ж. 60

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (9252)

05 қараша 2024 ж.

№87 (9251)

02 қараша 2024 ж.

№86 (9250)

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930