Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері Шеген Қодаманов жайында «Қуғын құрығының қайсары» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.
Зал ішінде ине шаншыр орын болмады. Алдымен Ш.Қодамановқа арналған шағын қойылым көрсетілді. Сонан соң сахна төріне аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, «Ататүрік» алтын медалінің иегері, профессор Өскенбай Тәшенов шықты. Алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов:
– Халқына қорған, ұлтына ұран болған мемлекет және қоғам қайраткерінің бірі – Шеген Ермұхамедұлы. Ұлағатымен ұлтын ұлықтаған қайраткер найзағайдай жарқылдап, мемлекет мүддесінің жоқшысы болып, саналы ғұмырын халқының рухани өсуіне, қазақ елінің дамуына арнады. Туған топырағы Шиеліге оралып, «Төңкеріс» ауылының іргетасын қалауға кіріседі. Ауылға береке кіріп, мал өсіру фермасы ашылып, халық егін егумен шұғылдана бастады. Оның іс-тәжірибесі еліміздің түкпір-түкпіріне таратылды. Қазір де ауыл келбеті жаңа заманға сай өзгерген. Бүгінде ауыл экономикалық кемелденуінің қайнар бастауында тұрған Шеген Қодамановтың есімімен аталады. Тұсауы кесілгелі тұрған «Қуғын құрығының қайсары» кітабы – әке рухына, ата-бабаның аманатына адал ұрпақтың парызын өтегеніндей, өлшеусіз еңбектің үлесі деп білемін, – деді.
Жинақта қуғын-сүргін құрбаны болған арда азаматтың бітім-болмысы, туған топырағына сіңірген өлшеусіз еңбегі мен естеліктері жазылған. Кітаптың авторлары қоғам қайраткерінің ұлы Бақытжан мен қызы Сәлима. Аталған кітапты басып шығаруды олар перзенттік парызы санаған.
Ауыздары дуалы, өздері уәлі ұлылар бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне ұлан-ғайыр әсерін тигізері хақ. Солардың қатарында Шеген Қодамановтың алар орны ерекше. Есімі қазақ еліне мәшһүр Ш. Қодаманов 1901 жылы сол кездегі Ақмая артелінде дүниеге келген. Ол ауыл молдаларынан білім алып, кейіннен Ташкенттегі темір жол техникумын бітірген. Сол кездегі астана – Ақмешіт қаласында комсомол комитетінің хатшысы болған. Содан кейін, Ленинград қаласындағы Гумилов атындағы университетте білім алады. Іздене жүріп Гурьев облысының Теңіз ауданында бірінші хатшы болып қызметін атқарады. Одан соң, Ақтөбе облысында облыстық комитеттің хатшысы болып 2 жылдай жұмыс істейді. Кейіннен Астана, Алматы қаласына көшкеннен кейін ЦК-бөлімшесінде меңгерушісі, Қазақстандағы Қант трестінің басшысы болып еңбек еткен. 1958 жылы Төңкеріс ауылына көшіп келеді. Содан кейін Төңкеріс колхозында 2 жылдай звено жетекшісі болып күріш егуге кіріседі. Осы колхозда халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтеріліп, 1972 жылдың көктемінде дүниеден озды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 30 мамырында жасаған үндеуінде: «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. 100 мыңға жуық азаматымыз қуғын-сүргінге ұшырап, соның 20 мыңнан астамы атылды» деп атап өткен еді. Демек, жаңа кітаптың тұсауы кесілуі – тарихи мәнге ие. Өйткені туындыда сол дәуірдің қанды қырғыны өткір тілмен айшықты суреттелген.
01 желтоқсан 2022 ж. 274 0