Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел аманаты

Ел аманаты

Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде Республика күні және Алтын күз –2022 мерекесі аясында мерекелік кеш өтті. Шарада дала академигі Ы.Жақаевтың күріштен әлемдік рекорд жасағанына 75 жыл толуы мен ақын-журналист Д.Смайыловтың 90 жылдығына орай аудан әкімінің қолдауымен ­Нариман Мизамбаевтың «Ел аманаты» атты жаңа кітабының тусаукесер рәсімі өтті.
Әсілінде Шиелі топырағы дүниеге небір ақын мен сазгерді, әнші мен күйшіні, мың бұралған бишіні алып келген қасиетті мекен. Батырлары жанын қиып алтын бесік жерін қорғаса, ақындары тілімен тас жарып ұлттық болмысын сақтаған, әншілері сазды әуендерін бұлбұл құсқа тыңдатқан өлке. Бір ғана халық ақыны әрі композитор Нартай Бекежановтың есімі қалың қазақ еліне етене таныс. Айта кетейік «Ел аманаты» жинағында ауданның 650-ге жуық әндері мен күйшілерінің жинағы жарық көрген. Кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде ауданда орындалып жүрген халық әндері сөз етіледі. Ал екінші бөлім Н.Бекежанов пен И.Құтпанұлы бастаған сазгерлерге арналса, үшінші бөлімде Шиеліге арналған Қазақстан сазгерлерінің әндері жаинақталған.
Аталған кітаптың тұсаукесерінде белгілі жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Кеулімжай ­Ботабаев және аудандық мәслихат хатшысы Ж.Тұрмағанбетовтер құттықтау сөз алып, кітаптың тұсауын кесті.
– Ауданнан қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлғаларды ардақтау біздің басты міндетіміз. Біздің өңірден небір танымал тұлғалар ақын-жазушылар шыққаны ақиқат. Көрнекті жазушы Ғ.Мүсірепов «Кітап дегеніміз алдыңғы ұрпақтың рухани кемелденіп өсуіне арналған негізгі құрал» деп бекер айтпаса керек. Бұл кітап келер ұрпаққа азық болар құнды дүние болар деген сенімдеміз. Ендеше баршыңызды өскелең ұрпаққа мұра болатын «Ел аманаты» атты кітаптың тұсаукесерімен құттықтаймын, – деді ол.
Құттықтау сөзден соң Алматыдан арнайы келген кеш қонақтары Қалау Мүлкамалдың жұбайы Бибайша Абдірасилова мен ауданның халық әндерін жеткізуші Құрбан Оспановқа «Ел аманаты» кітабын сыйға тартты. Шара соңында оркестірлер және дәстүрлі әншілер әуелетіп ән салса, күйшілер күмбірлетіп күй шертіп, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Ш. Тілеубаев
25 қазан 2022 ж. 155 0