Тарихы терең, еңбегі ерен ұжым
Сыр бойында су шаруашылығы саласының орны ерекше. Себебі өңірдің тынысы ежелден сумен, суармалы егіншілікпен тығыз байланысты. Осы бағытта жылдар бойы ел игілігі үшін еңбек етіп келе жатқан іргелі ұжымның бірі – «Шиелісушар» өндірістік учаскесі.9 шілде – су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай біз аталған мекемеге арнайы барып, ұжымның қалыптасу тарихымен, бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық.
Су жүйесінің тарихы сонау XIX ғасырдан бастау алады. Ел жадында сақталған деректерге сүйенсек, Сыр бойының ақылшы бас мұрабы болған Соқпан Қоспамбеттің ұлы Нұртаза ақсақал Байсынның көмегімен 1870 жылдар шамасында өңірдегі су жүйесін дамытуға бастамашы болған.
Ол төңіректегі 21 ауылнай елді ұйымдастырып, дарияның Төменарық тұсындағы ұрма иінінен бастау алатын суды егістік алқаптарға жеткізу мақсатында үлкен арна қаздырған. Халық күшімен жүз шақырымға жуық Шиелі өзегі тартылып, Бәйгеқұм мен Жөлектің аралығынан «Қанқожа» су қоймасы салынған. Сонымен қатар артық суды қайтадан дарияға бұратын қашыртқы жүйесі жасалған. Бұл жұмыстар сол кезең үшін үлкен еңбек пен ұйымшылдықтың көрінісі еді. Нұртаза мұрап бастаған игі іс су шаруашылығы жүйесінің қалыптасуына негіз болды.
Кейін су саласын жүйелі басқару мақсатында арнайы мекемелер құрыла бастады. 1938 жылы «Шиелі суландыру жүйесі» басқармасы құрылып, аудандық су шаруашылығының жаңа кезеңі қалыптасты. Әр кезеңдегі басшылар мекеменің дамуына, өндірістік жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне және мамандардың қалыптасуына айрықша еңбек сіңірді. Бүгінгі таңда «Шиелісушар» өндірістік учаскесіне Дихан Әубәкіров жетекшілік етіп келеді.
Бүгінде өндірістік учаске ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалының құрамында жұмыс істейді. Мұндағы негізгі міндет – су ресурстарын тиімді пайдалану, суару жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және шаруашылықтарды қажетті сумен уақытылы қамту.
Жылдар бойғы жүйелі еңбектің нәтижесінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамыды. Егіс көлемі 43 мың гектарға дейін ұлғайып, күріш алқабы 15 мың гектарға жетті. Инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістіктер көлемі 36 мың гектарды құрады.
Бұл өңірден елге танымал талай еңбек адамы шықты. Күріш өсірудегі ерекше жетістіктері үшін Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам екі мәрте Еңбек Ері атанды. Ал су шаруашылығы саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен М.Сейітов, Г.Кан, Т.Апбасов Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі атағына ие болды.
Су шаруашылығының дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлерінің орны да ерекше. 1970-2022 жылдары Ж.Өтеев, Д.Жәрімбетов, Ә.Сейітов, С.Ибаділдаев, М.Қалышев сынды азаматтар өз еңбегімен саланың дамуына үлес қосты. Бүгінде Забира Рахметова, Дихан Әубәкіров, Жармахан Отарбай секілді тәжірибелі мамандар кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, еңбек сабақтастығын жалғастырып келеді.
Мекеме басшысы Дихан Әубәкіровтің айтуынша, су шаруашылығы – үлкен жауапкершілік пен тиянақтылықты қажет ететін сала.
– Біздің басты міндетіміз – су ресурстарын тиімді пайдаланып, шаруашылықтарды қажетті сумен уақытылы қамтамасыз ету. Бұл бағытта аға буын қалыптастырған тәжірибені жалғастырып, су жүйелерін жетілдіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ұжымдағы әрбір маманның еңбегі маңызды. Себебі су шаруашылығы – бірлікті, жауапкершілікті талап ететін сала, – дейді ол.
Қазіргі таңда өндірістік учаскеде 94 қызметкер еңбек етеді. Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 31 213 гектарды құрап отыр. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің үлесі 11 600 гектар. Осы алқаптарды сумен қамтамасыз ету үшін 615,50 миллион текше метр су лимиті бөлінді. Оның 495,50 миллион текше метрі егістікке, 120 миллион текше метрі экологиялық қажеттілікке қарастырылған.
Су тапшылығының алдын алу мақсатында мекеме тарапынан каналдарды тазалау, гидротехникалық құрылыстарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Қазсушар» РМК қолдауымен үш шаруашылықаралық канал механикалық тазалауға берілді.
Инвестициялық жоба есебінен Р-12 каналының 4,30 шақырымы тазартылды. Сонымен қатар 0-2 каналының, Р-12 және Р-7 каналдарының бірқатар бөліктерінде тазалау жұмыстары жүргізілді. Гидротехникалық құрылыстарды жаңарту бағытында Р-8 және Р-10 каналдарындағы нысандар ауыстырылып, ЖШМК-85 су тоспасының бетон плиталары жөнделді. Бүгінде аудан бойынша 60-тан астам электрлі және дизельді насос қондырғысы жұмыс істейді. Оның 23 данасы өндірістік учаскенің теңгерімінде. Алдағы уақытта су тапшылығының алдын алу үшін қосымша насос қондырғыларын орналастыру жоспарланған.
Су бар жерде – тіршілік бар. Ал сол тіршіліктің тамырына нәр беріп отырған су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ








