Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзектің тынысы ашылды

Өзектің тынысы ашылды

Су саласында көп жылдардан бері қызмет істеген соң осы саланың жалпы халық біле бермейтін тұстарын білуге, зерттеуге тырысасың. Оған себеп кейінгі жылдары Иіркөл ауылы округінде орналасқан Кривое, Круглое көлінің тартылып, өзектерінің бұзылуы, осы округтегі шаруа қожалықтарының егісін ыза су кері теуіп, аққан жерінен тұзданып сапасының төмендеуі еді. Осы мәселені анықтау үшін 2011 жылы Р-7 каналына 165 бекетінен бастау алатын №1 қашыртқының ағу жолдарын зерттей келе судың Кривое, Круглое көлдері Ақөзек, көкирім өзектер арқылы Жансейіт елді мекенін басып өтіп, 21-бекет ауылынан басып өтетін К-4 қашыртқысына құйылатын арнасын аралап көрдім.
Зерттеу барысында Р-7 каналынан 165-бекетінен шыққан су №1 сбростың арнасымен Кривое, Круглое көлдеріне неге жетпейтінін, Жансейіт ауылы тұсындағы өзенге салынған көпірдің асты мен 21-бекет тұсындағы К-4 қашыртқысына қосылатын өзектің арасын қоға-қамыс, лайқа басқанын анықтадым. Осы мәселелер шешілу үшін төмендегі жұмыстары назарға алу керек:
1. Р-7 каналы 165-бекетінің №1 сбросы арнасының дамбасын қалпына келтіріп, (1,5 шақырым) лайқадан тазалап, Кривое көліне қосу;
2. Жансейіт ауылы тұсындағы өзенге салынған көпірдің астынан бастап 500 метр жерді қоға-қамыстан, лайқадан тазалау;
3. 21-бекет ауылындағы өзектің К-4 қашыртқысымен қосылатын 500 метр жерді қоға-қамыстан, лайқадан тазалау;
4. К-4 қашыртқысының 0-бекетіндегі өзенге қосылатын арнасының 100 метр жерін қоға-қамыс, лайқадан тазалау;
Егер осы ұсыныстар іске асатын болса:
1. Р-7 каналының 165-бекетінен шыққан таза су Кривое, Круглое көлінің суын жаңалап, Ақөзек, Көкиірім өзектері арқылы Жансейіт ауылы үстімен 21-бекет ауылына жетіп К-4 сбросына құйылып, аяғы Қанқожа көлі тез толады.
2. Иіркөл ауыл округі шаруа қожалықтарының егіс танаптарынан шыққан ыза сулар кері теппей емін-еркін К-4 қашыртқысына құйылып, жерлер тұзданудан құтылар еді.
3. Судың тазаруы осы ортада өмір сүретін тірі жан-жануарлардың (балықтардың) тынысын ашып, жақсы көбеюіне жол ашып, экологияның жақсаруына алып келетіні хақ.
Осы жобамды «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің, облыстық су басқармасының сол кездегі басшыларына ұсынып көрген болатынмын. «Өзектер мекеменің теңгерімінде жоқ, қаражат бөле алмаймыз» деген жауап алдым. Одан кейін «Шиелісушар» өндірістік учаскесінің атынан облыстық Экология, Төтенше жағдайлар басқармасына хат жолданған болатын, бірақ «қаражат жоқ» деген жауап алынды.
Жылдар зымырап өтіп жатты. Өзектер арнасының тазаланбауынан, судың жаңармауынан көлдер сасып, ыза суы көтеріліп, егістік жерлер тұзданып жатты. Көлдің сасық суын ішкен Жансейіт, 21-бекет ауылдарының малдары ауырып, шығынға ұшырады. Халықтың дем алатын ауасы бұзылып, қолқаны қабатын жағдайлар көрініс тапты.
Алланың қалауымен биыл наурыз айында Шиелі ауданы әкімдігінің ұсынысымен, облыстық су мекемесінің қолдауымен, «Шолпан Ана», «Балаби-2024» шаруа қожалығының демеушілігімен Жансейіт ауылы тұсындағы өзекке салынған көпірдің астынан бастап, 21-бекет тұсындағы К-4 қашыртқысына қосылатын өзектің арнасы қоға-қамыстан, лайқадан тазаланып, тынысы ашылып, судың еркін ағуына жағдай жасалды.
Өзектен шыққан суға жан бітіп, К-4 қашыртқысына қарай құлап ағып жатыр. Қазақ атамда «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөз бар. Өздерінің игі істерімен Шиелі ауданындағы ыза суын азайтуға, жерді тұзданудан сақтауға, көлдердің суын тазартып, тынысын кеңейтуге ықпал жасады. Экологияның жақсаруына есепсіз үлес қосқандары үшін, маманның айтқан пікірін елеп-ескергендері үшін су маманы есебінде Аудан әкімдігіне, облыстық су мекемесіне, «Шиелі сушар» өндірістік мекемесіне, демеушілік еткен «Шолпан Ана», «Балаби-2024» шаруа қожалық басшыларына өзімнің үлкен рақметімді айта келе, «Алланың нұры жаусын!» демекпін.

Әлияр Сейітов,
су саласының ардагері
06 сәуір 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9391)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930