Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРОЙ – ОРТАҚШЫЛДЫҢ ЫРЫСЫ, ҚОСТОҒАН – ТАБИҒАТТЫҢ ТЫНЫСЫ

ҚАРОЙ – ОРТАҚШЫЛДЫҢ ЫРЫСЫ, ҚОСТОҒАН – ТАБИҒАТТЫҢ ТЫНЫСЫ

Мен көп жылдардан бері су саласында қызмет істеп, зейнетке шыққан су маманымын. Өзім білетін көлдің, көлшіктің, шабындықтың судан сусап қалмауын әлім келгенше қадағалауды әдетке айналдырғанмын. Осы әдетіммен жақында Ортақшыл ауылы маңындағы Қарой көлінің жағдайын көзбен көріп, шолып шықтым. Қарой көлінен сән кеткен, шалқайып жататын суы ортайып жағадағы қамыстар азайып қалған екен. Бұл көлге келетін су жолдарын саралайтын болсақ, Батыс жағынан «Бәжі» каналы құятын еді. Соңғы жылдары бұл канал лайқадан тазаланбағандықтан, қамыс, қоға басып, келетін судың мөлшері азайып кеткен. Ал «Л-5» каналының суы «Мақсат» шаруа қожалығы, Ортақшыл халқының егін егуінен, аяқсуынан артылмайды. Енді не істемек керек?
1. Бәжі каналын лайқадан тазалау;
2. Л-5 каналынан күз-қыс айларында Карой көліне су тастау керек;
3. Ортақшыл ауылы сыртында «Шолпан – Ана», «Мақсат», «Атамұра» шаруа қожалықтары және Ортақшыл ауыл халқы егін егуде. Осы егістіктерден шыққан ыза суды Қарой көліне құйдыру қажет. Болашақта Қостоғанға су тоспасын салып, Қарой көлінің артылған суын ары қарай сай-саланы толтырып, шабындықтарға суландырып Сырдарияға түсіру керек. Осы менің ойымды «Ортақшыл құт мекенім» кітабының авторы Серікбай Мұсалдаев та құптайды.
Сол кітаптан үзінді келтірейін: «Көктем кезінде ауылды су алып кетпеу жағы да қарастырылып отырған. Ол үшін су жолдары мен су қоймаларын пайдаланған. Су Күркіреуіктен Ошақты көлге құяды, толғаннан кейін Морттықты толтырып Қошқар баздың сыртымен ескі қыстаудың астымен ауылдың сыртын жағалай Қаройға, одан соң Қостоған арқылы Сары шүңеттен қайта Дарияға құйған.
Қазіргі уақытта сол су жолдарының ескі орындары мен мұндалап тұр. Ауыл сыртындағы жыңғыл мен шеңгел шығып кеткен сайлар» дейді. Қазір жоғарыда айтып өткенімдей Жансейіт пен Ортақшыл ауылы арасында шаруа қожалықтар, Жансейіт, Ортақшыл ауыл тұрғындары егін егу жұмыстарына кірісіп кетті. Осы егістіктерден шыққан сулар Ортақшыл ауылына келетін асфальт жолға әсер етіп бұзылуына әкелуде.
Неге осы суларды қашыртқы қазып жетектеп Қарой көліне құйдырмасқа? Сөйтіп «бір оқпен екі қоян алуға» болады. Біріншісі – ызадан құтылу, екіншісі – Қарой көлін сумен толтыру. Мұндай фактілер ауданда іске асып жатыр.
Мысалы: Гигант, Жақаев ауылы егістерінен шыққан суды К-4 сбросы арқылы өзекке түсіріп, Қанқожа көлін көп жылдан бері сумен толтырып келеді.
Бірақ кейінгі кезде Ортақшыл ауылының бір топ тұрғындары «егер қашыртқылар қазылса малымыз түсіп мерт болады, ол Қарой толса ауылды ыза басады» деген пікірлерді айтып жүр. Бұл жаңсақ пікір. Мен Шиелісушар мекемесінде учаске бастығы болып жұмыс істеп жүргенде күз-қыс айларында экологиялық судың есебінен Қарой көлінің толып келгенін және Ортақшыл ауылын ыза баспағанына куә болдым. Себебі Ортақшыл ауылы биікте орналасқан. Сонымен қатар Шиелі ауданы бойынша қаншама ауылдың сыртынан қашыртқылар қазылып жатыр. Бірақ малдың шығыны содан болды деген сөзді естіген жоқпыз.
Қостоғанға тоспа салу, шаруа қожалықтарының егістерінен шыққан суды қашыртқылар арқылы Қаройға құйдыру жөніндегі жоспарларды ойға алған соң, осы жерлерге нивелировка жасалды. Қашыртқылардан Қаройға толық су жіберілген соң, ол толғанда Қостоғанға тоспа салып әрі қарай суды асыратын болсақ қауіп жоқ екені анықталды.
Егер Қостоғанға су тоспасын салсақ: Көктем айларында есепсіз төтенше су келіп қалғанда су тастайтын сброс есебінде пайдаланып, Ортақшыл ауылын судан аман алып қалатын бірден-бір жол деп есептеймін.
Жансейіт – Ортақшыл асфальт жолы бойындағы ыза сулар азаяр еді.
Қостоған арқылы артық суды дарияға түсіретін болсақ сай-салаға шөп шығып малға азық, аң-құсқа пана болар еді. Тарихқа үңілсек бұл жұмыстарды бізге дейінгі ата-бабаларымыз істеп келген.
Сан-салаға жайылған судан Ортақшыл ауыл халқы балық ұстап мәре-сәре болар еді.
Атам қазақта «Өткенін ұмытқан болашақтың наласына қалады» деген сөз бар. Сондықтан осы жобаларды іске асыру біздің парызымыз деп есептеймін. Егер бұл жұмыстар іске аспаса болашақ ұрпақ бізді кешірмейді.

Әлияр СЕЙІТОВ,
су саласының үздігі
18 маусым 2024 ж. 1 512 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031