СУШАРДА СУ ЖАҢА БАСШЫ
«Шиелісушар» өндірістік учаскесі аудан жұртшылығын аяқ сумен қамтып отырған бірден-бір мекеме. Жыл сайын аталған учаскенің қарқынды жұмысының арқасында шаруа қожалықтар мен тұрғындар судан тапшылық көрмей, еккен егіннен мол өнім алып келеді.
Бұл мекемеде 7 сәуір күні басшылық қызметте ауыс-түйіс болып, учаскеге жаңа басшы тағайындалды. Жаңа дейміз ау, анығында Дихан Әубәкіровтің «Шиелісушарға» сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Ол 1980 жылы Қызылорда политехникалық техникумын бітіріп, 1985 жылы осы мекемеге жұмысшы болып орналасқан. Қызметтің түрлі сатысында шыңдалып, адал еңбегінің арқасында бүгінде басшылық қызметке тағайындалып отыр.
Дихан Уалиханұылының еңбек жолына тоқталар болсақ, 1985 жылдан бері осы мекемеде құдық мастері, инженер гидрометр, бас инженер, учаске басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. «Өзінің лауазымдық міндеттерін адал, сапалы және жоғарғы жауапкершілікпен орындайды. Ұжым ішінде ұйымдастырылатын қоғамдық жұмыстар мен шараларға белсене қатысады және өзін-өзі жетілдіру қабілеті жоғары» деп қызметкерлері де мақтап отыр. Ағамыз да өзі 36 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан жұмыс орынын «Қарғыс емес, алғыс алатын мекеме» деп жоғары бағалады. Ендеше «Шиелісушардың» жаңа басшысына табыс тілеп, ел-жұрттың пайдасына адал қызмет етіңіз демекпіз. «Бақ иттің итаяғымен де келеді» деп сенген қазақтың ұрпағы ретінде, жаңа басшының келуімен жеріміз құнарлы болып, еккен егініміз мол өнім береді деген сенімдеміз.
Рамазан Бектұрғанұлы