Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыт құшағындағы жан

Бақыт құшағындағы жан

«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек». Халық неткен дана, ұтқыр сөз, терең ой, кемелді теңеуді орнына қоя білген.
Бойына біткен алғырлығы, сабырлы қалпынан айнымайтын қасиетімен дараланатын нар тұлғалы азаматтың жанымызда жүргені бір ғанибет.
Ақын Нартай ауылында кіндік қаны тамған Мұхамеджан Әлиұлының ел ағасы болып, ақылды қария атанғанынан аудан халқы түгел хабардар.
М.Әлиев 1946 жылы 10 қарашада дүние есігін қарапайым, елге сыйлы отбасында ашқан. 1962 жылы №47 М.Ломоносов атындағы орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік политехникалық институтына түсіп, «Кен байытушы» мамандығын алып шығады. Кеңес үкіметі кезінде мамандарды арнайы жолдамамен жер-жерге жіберетін еді. Сол кезде оны Өзбек ССР-нің Алмалық қаласындағы «Средазниакроцвет» ғылыми зерттеу институтына жібереді. Онда инженер, аға инженер болып жұмыс жасайды.
Отбасы болуына байланысты 1972 жылы туған ауданы Шиеліге келіп, теміржол жөндеу механикалық шеберханасына жұмысшы болады. Осылайша жас маманның құлшынысы аға инженерлікке жеткізді. Шойын жолдың бойындағы жауапкершіліктің қиындығына төтеп бере білген Мұхамеджанның зеректігіне тәнті болған басшылық 1979 жылы ашылған Шиелі локоматив депосына бас инженер етіп тағайындайды.
Бұл мамандыққа қатты қызыққан ол, Алматы Темір жол институтын сырттай бітіріп алады. Мұхамеджанның табандылығы, талапты қоя да, орындата да білетін қасиеті оны депо бастығының локоматив жөндеу жөніндегі орынбасарлығына көтерді.
Мұхамеджанның өмірге деген көзқарасы ерекше болды. Ол қолына алған істі адал, таза, мүлтіксіз орындауды бірінші кезектегі міндетім деп түсінді.
Бірде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Шаухаманов деподағы қайнаған жұмыс пен темірдей тәртіпті көріп, «Үлкен жетістікке жететін, үміт ақтайтын маманның бірі мұнда жүр екен ғой. Жалғастыра бер, еңбегің еш кетпейді» деп арқасынан қаға-қаға кеткен еді. Сол жақсы сөз жалғасын тапты. 1985 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. Еңбегі текке кетпеді. Сенім биігіне шыққан Мұхамеджанды 1986 жылы облыстық кеңестің, екі рет аудандық кеңестің, екі дүркін поселкелік кеңестің депутаттығына ұсынып, халық қалаулысына айналды. Темір жол саласында 12 жыл еңбек еткен шойын жолдың емшісі тағы бір қырынан таныла бастады. Ұйымдастырушылық қабілетін таныған аудан басшылары 1985 жылы Шиелі поселкелік кеңесі атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындады. Халықпен қоян қолтық араласқан бұл азамат поселкедегі қыруар кемшіліктің орнын толтырды. 1995 жылы аудан әкімінің шешімімен жаңадан құрылған өндірістік коммерцияның «Шиелі» фирмасының директоры болып 1997 жылға дейін жұмыс істеді.
Жігітке жеті өнерде аз дегендей, Мұхамеджан қай салада болмасын жеткілікті іскерлігі мен біліктілігі даладағы жайқалған егіс даласына жетеледі. 1997-1999 жылдары аралығында Нартай Бекежанов атындағы өндірістік кооперативтің директоры болып, ел ризығын жинауға атсалыс­ты. Абыройсыз болған жоқ. Халық көңілінен шықты. Мамандардың жетіспеуіне байланыс­ты 1999 жылы Шиелі станциясының локаматив шеберлігін шақырылып, 2005 жылға дейін сол қызметті атқарды. 2005 жылдан ТЭК Қазақстан ЖШС отын қоймасының меңгерушісі болып сол жерден зейнеткерлікке шықты.
Азаматтың биіктен көрінуіне өзінің қабілетімен қоса оны түсінетін, барлық жағдайын жасап отыратын жақсы жары болуға тиіс. Мұхамеджан ондай жанды алыстан іздеген жоқ. Өзімен он жыл бір партада отырған Қарлығаш атты сұлуымен бас қосты. Қарлығаш – жоғарғы білімді хим-биолог. Екеуі бір мекемеде жұмыс істеп, еңбек еткен жандар. Үлгілі отбасы. Бала тәрбиесінде де зор жетістікке жеткен. «Нұр үстіне нұр» дегендей, еңбегі зая кетпеген Мұхамеджан халықтан тиісті бағасын алды. Аудан әкімі кеудесіне Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» деген төс белгіні тақты. Ауданның экономикас­ын, мәдениетін, әлеуметтік жағдайын көтеруге табыс биігінен көрінген осындай азаматтар арамыздан оза шауып бәйге алып жатса оған қуанайық, дәріптейік, құрметтейік! Кімнің кім екенін біліп, ұрпағымыз да мақтансын.

Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ

30 тамыз 2019 ж. 727 0