Тіршілік нәрінің білгірі
Кез келген соқтықпалы, соқпақты кезеңдерде тек тазалық пен ақ адал бейнесін алдына бағдаршам етіп ұстаған жан Нұржамал Досымқызының ізгілікке толы, тағылым-тәрбиесі мол өмір жолдары кейінгі ұрпаққа өнеге. Ол 1934 жылы 15 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Бұқтарма ауданы, Аюлы ауылында дүниеге келген. Орта мектепті 1953 жылы аяқтап, сол жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына инженер-гидротехник мамандығы бойынша оқуға қабылданады. 1958 жылы қолына дипломын алған соң, алғаш еңбек жолын Еңбекші қазақ ауданаралық су басқармасының Түрген өзені бойынша инженер-гидрометр қызметінен бастады. 1961-1992 жылдары аралығында Алматы қаласындағы республикалық су объектілерін зерттеп, жобалайтын «Казгипроводхоз» жобалау институтында жобалаушы инженер, топ жетекшісі, жобаның бас инженері, бөлім басшысы қызметтерін 30 жылдан астам уақыт атқарды.
Елдегі әрбір тамшы суды ел пайдасына жаратып, елдің ырысына айналдыруды мақсат еткен Нұржамал Досымқызы елді мекендерді сумен жабдықтау, жаңа суармалы жерлерді жобалап, іске қосу, жайылымдық және шабындық жерлерді сумен жабдықтау жұмыстарын зерттеп-жобалау ісімен айналысты. Ол Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі аудандарын, Маңғыстау, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының бірқатар аймақтарына көптеген зерттеу-жобалау жұмыстарын жасап, су құбырын жүргізуге мұрындық болған. Сол кездегі орнатылған құбырлар әлі күнге дейін халыққа қызмет көрсетіп келеді. Н.Досымқызы Семей қаласындағы Ертіс өзені суы мен суармалы жерлерді одан әрі дамыту жобаларын дайындады. Ертістің сол жақ бетінде ірі көлемді суармалы жерлер жаңадан игеріліп, облыстың мал шаруашылығын жем-шөппен, Семей қаласын көкөніспен қамтуға үлкен үлесін қосты.
Жобалау институты болғандықтан республикадағы суға, өзен-көлдерге байланысты ғылыми негізге сүйенген тұжырымдар дайындауға міндетті болатын. Сондықтан көп жұмыстар мемлекеттік жоспарды орындауға бағытталды. Ол уақытта тұрғындарды ауыз сумен және аяқсумен қамтамасыз ету үлкен мәселеге айналып тұрған шақ еді.
Н.Досымқызы осы қызметте жүріп, кіммен қалай тілдесу керек екенін жетік меңгерді, үлкен тәжірибе жинақтады. Ол институт жүйесінде өзінің білімділігі, біліктілігі, қарапайымдылығы мен іскерлігіның арқасында үлкен беделге, құрметке ие болды. Апайдың бір ерекшелігі – өзінен кейінгі жас мамандарды жобалау-іздестіру жұмыстарының қыр-сырына үйретуден жалықпайтын. Ол өмірде өте сабырлы, маңайындағы қызметкерлермен тез тіл табысатын, бос сөзбен айналыспайтын кісі еді.
Нұржамал Досымқызының өзгелерден даралау туғанына, қатарластарына ұқсай қоймайтын өзіндік мінезі, іс-әрекетінің молдығына ешкім күдік келтіре қоймас. Ол қызметте ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, «Казгипроводхоз» институтының «Құрмет» кітабына аты жазылған. 1941-1945 жылдары КСРО мен Герман соғысы кезіндегі еңбегіне сәйкес, сондай-ақ ҚР Президентінің жарлығымен Ұлы Отан соғысының 65 және 70 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған.
Нұржамал апай өзінің айналасындағылардың қамын ойлап, қамқорлық жасап жүретін дос-жарандардың арасында қадірлі азаматша болатын. «Еңбек ардагері» деген атақ та оған оңайлықпен берілген жоқ. Бұл атаққа ол адал еңбегі мен қажырлы қайратының арқасында қол жеткізді.
Жалпы әйел заты үшін жақсы жар таңдап, онымен бірге ұзақ жыл ғұмыр кешу де үлкен бақыт. Бұл тұрғыда Нұржамал апай 1958 жылы Нариман Қыпшақбайұлымен жанұя құрды. Жолдасы Нариман аға – бүгінде елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі. Балаларының бәрі жоғары білімді мамандық алып, Отанына қызмет етеді.
Саналы ғұмырын сапалы еңбекке арнаған Нұржамал Досымқызы осылайша елдің есінде қалды. Өнегелі өшпес із қалдырды. Оның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда қалмақ.
Әбділда МАҚҰЛБЕКОВ