Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоңыр күй қалықтаған рухани кеш

Қоңыр күй қалықтаған рухани кеш

Қазақтың кең даласын ғасырлар бойы тербеп келген қоңыр домбыраның үні – ұлттың жүрек соғысы, халықтың жан дүниесінің айнасы. Қос ішектен төгілген әрбір күйде елдің өткені, бүгіні мен болашағы, бабалардың аманаты мен ұрпақтың үміті астасып жатыр. Домбыра күмбірлеген жерде ұлттық рух асқақтап, ата дәстүр жаңғырып, елдік пен бірлікке деген құрмет арта түседі. Осындай рухани құндылықтарды дәріптеген ерекше кеш «Мұстафа Шоқай» атындағы орталық алаңда өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Айтбай Жандарбеков жиналған жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның халқымыздың рухани өміріндегі орны мен ұлттық болмысты сақтаудағы маңызына кеңінен тоқталды.
– Домбыра – халқымыздың қастерлі қазынасы, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлшегі. Қазақты қазақ еткен – тілі, ділі және қара домбырасы. Ұлы Абайдан Құрманғазы мен Тәттімбетке, Динадан бүгінгі күй шеберлеріне дейінгі өнер иелері осы киелі аспап арқылы халқымыздың рухын асқақтатып, ұлттық сананы жаңғыртты. Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, дәстүрлі өнер мен мәдениетті дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде де жүйелі жүзеге асуда. Бүгінгі байқау – соның жарқын көрінісі, – деді аудан басшысы.
Кештің мазмұнын байытқан «Ауыл Vibe, Retro NIGHT» байқауында Иіркөл және Алмалы ауылдық округтерінің өнер ұжымдары өздерінің шығармашылық бағдарламаларын ұсынды. Театрландырылған қойылымдар, патриоттық әндер, ұлттық билер мен сахналық композициялар арқылы әр ауылдың тарихы, еңбек дәстүрі, мәдени мұрасы және шығармашылық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Көрермендер өнерпаздардың әрбір өнерін ыстық ықыласпен қабылдап, қошеметке бөледі.
Қоңыр күй қалықтаған бұл рухани кеш ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындап, домбыраның қазақ руханиятындағы мәңгілік орнын айшықтай түсті. Ұлттың үнін ұлықтап, дәстүрдің діңгегін бекемдеген мұндай игі шаралар халықтың рухын көтеріп қана қоймай, өскелең ұрпақтың бойына елге, өнерге және ұлттық мұраға деген құрметті сіңіретін тағылымды бастамалардың жалғасы болмақ.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
08 шілде 2026 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

№50 (9417).

04 шілде 2026 ж.

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031