Бала би мұрасы – ұлт рухының мәңгілік шамшырағы
Қазақ даласының әрбір қарыс топырағында елге тұтқа болған, әділдігімен жұрт жадында қалған тұлғалардың ізі жатыр. Солардың бірі – ел бірлігін ту етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, кемел ойы мен көрегендігі арқылы халық жүрегінен орын алған Бименбет Есенәліұлы. Биыл Бала бидің туғанына 215 жыл толуына орай Шиелі ауданындағы «Руханият орталығында» «Бала би – шешендік өнер шырағы» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, ұлттық рух пен сөз өнерінің салтанатына айналды.Тамыры терең тарихпен астасқан тағылымды шараның басты мақсаты – Бала бидің бай рухани мұрасын ұлықтау, оның елдік пен ерлікті, бірлік пен әділдікті дәріптеген өмір жолын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру, сондай-ақ ұлттық сөз өнерін жаңғыртып, шығармашыл жастарға қолдау көрсету болды.
«Бірлігі бар елдің тірлігі бар» деген ұлағатты ұстанымды өмірлік мұрат еткен Бала би ел ішіндегі дау мен жанжалды ақылмен шешіп, татулықтың туын биік ұстаған дара тұлға еді. Қазақтың қастерлі билер институтының көрнекті өкілі ретінде ол әділдікті бәрінен биік қойып, халықтың қамын жеке бастың мүддесінен жоғары бағалады. Сондықтан да оның есімі тек тарих беттерінде ғана емес, халық жадында, ұлт руханиятының алтын қорында мәңгі сақталып келеді.
Осындай асыл мұраны арқау еткен мүшайраға Қызылорда қаласы мен облыстың барлық аудандарынан келген ақындар қатысып, жырдан шашу шашты. Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Алғашқы бөлімде қатысушылар Бала бидің өнегелі өмірі мен даналық мұрасына арналған арнау өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы төл туындыларын ұсынып, ақындық болмыстары мен көркемдік ізденістерін паш етті. Сахна төрінде өрілген сырлы жырлар мен жүректен туған шумақтар көрермен көңіліне ұлттық рухтың нәрін сеуіп, тағылым мен тебіреністі қатар сыйлады.
Жыр додасының әділ бағасын ақын Талғат Күзембаев бастаған қазылар алқасы берді. Қазылар құрамында аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редактордың орынбасары Гүлнар Дүйсебай мен Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдени-шығармашылық орталығы директорының орынбасары Айзада Әшімқызы болды. Қазылар қатысушылардың шығармаларын мазмұндық тереңдігіне, көркемдік өрнегіне, тіл тазалығына, ой жаңашылдығы мен орындау шеберлігіне қарай саралап, үздіктерді анықтады.
Жыр бәйгесінің қорытындысында бас жүлде Жалағаш ауданының ақыны Сәния Жақыповаға табысталды. Бірінші орынды қызылордалық Ғабит Кәдірбай иеленсе, екінші орын Айман Үсенова мен Мақпал Жусанбаеваға бұйырды. Ал үшінші орын Қанат Көзейбай, Айбек Есқараев және Аяна Наурызбайдың еншісіне тиді.
Халық даналығы: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Сол секілді Бала бидің кемел ойлары мен әділдікке негізделген өнегелі жолы да ұлт руханиятының мәңгілік шамшырағы болып, келер ұрпаққа бағыт-бағдар беріп қала бермек.
Г.Әбдіханиқызы







