Конституция
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституция – заң үстемдігінің кепілі

Конституция – заң үстемдігінің кепілі

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конс­титуциясы – елдің Негізгі Заңы күшіне енді.
Ол адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, құқық үстемдігін және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нығайта отырып, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты.
Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғауды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін нығайтуға бағытталған.
Жаңа Конституция бірқатар тұғырлы бағыт бойынша айтарлықтай өзгешеленеді.
Атап айтсақ, «Қазақстан Халық Кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» деген екі жаңа бөлім қосылды.
4 бөлімнің атауы өзгертілген:
1. «Жалпы ережелер» – «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталды;
2. «Адам және азамат» – «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» болып өзгертілді;
3. «Парламент» атауы «Құрылтай» деп өзгертілді;
4. «Соттар және сот төрелігі. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» бөлімі «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деген жаңа атау иеленді.
Ендігі кезекте Конституцияның түбегейлі жаңа тұстарының кейбіреуін атап өтсек.
– Адамға бағдарлану – мемлекеттің де, Конституцияның да өзегіне айналған басты идея.
– Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады.
– Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституциялық деңгейде бекітілген.
– Мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі және егемендіктің иесі – Қазақстанның біртұтас халқы екені нақты айқындалады.
– Маңызды мәндік бағыттардың бірі – цифрландыру.
Осыған байланысты Конституция мәтінінде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітіледі.
– Жаңа Конституция мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы.
Адамның құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана емес, бүкіл Конституцияның мағыналық өзегі мен басым бағыты ретінде айқындалады.
Одан бөлек, жекелеген баптардағы басымдықтарға тоқталып өтсек.
Конституцияның 18-бабында әрбір адамға ұсталған кезде оның бостандығын шектеудің негіздері мен құқықтарын түсіндіру міндетінің бекітілуі маңызды жаңа өзгерістердің бірі болды.
Бұл ұсталған сәттен бастап адамға оның бостандығын шектеудің себептері, үндемеуге құқығы, қорғаушының көмегіне жүгіну және ұсталғаны туралы жақын туыстарына хабарлау құқығы түсіндірілуге тиіс дегенді білдіреді. Мазмұны жағынан бұл конституциялық кепілдік, халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын Миранда қағидаларына сәйкес келеді.
Аталған норманың Конституцияда бекітілуі адамның бостандығы шектелген алғашқы сәттен бастап оның себептерін біліп, өзінің процестік құқықтарын түсінуіне және уақтылы заң көмегін пайдалануына мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды жаңалық – Конституцияның 19-бабында кінәсіздік презумпциясының, яғни өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығының, сондай-ақ бір құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайтадан тартуға жол бермеу қағидатының бекітілуі.
Бұл ережелер дербес конституциялық қағидаттар мәртебесіне ие болып, олардың адам құқықтарын қорғаудағы айрықша маңызын айқындайды.
Кінәсіздік презумпциясы адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденгенге дейін кінәсіз деп есептелетінін білдіреді.
Ешкім өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес, ал жойылмайтын барлық күмән адамның пайдасына түсіндіріледі.
Бұл азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғайды, сот талқылауының объективтілігін нығайтады және әрбір істің әділ қаралуына кепілдік береді.
Өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы азаматтарды өзін-өзі әшкерелеуге мәжбүрлеуден қорғайды әрі заңда көзделген барлық қорғану құралдарын еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
Ал бір құқық бұзушылық үшін жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салу іс бойынша түпкілікті шешім қабылданғаннан кейін адамды қайтадан қудалауға жол бермей, құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін күшейту жаңа Конституцияның маңызды жетістіктерінің бірі болды.
Конституцияда бекітілген кепілдіктер азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін нығайтуға, олардың бостандықтарын қорғау деңгейін арттыруға және адам құқықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық болып табылатын құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталған.

Мейрамбек Маханбетжанов,
Шиелі ауданының
прокуроры
07 шілде 2026 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№50 (9417).

04 шілде 2026 ж.

№49 (9416)

30 маусым 2026 ж.

№48 (9415).

27 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031