Ұлы даланың жүрегі – Астана
Кең-байтақ қазақ даласының кіндігінде көкке бой созған Астана – тәуелсіз Қазақстанның ең ұлы жетістіктерінің бірі. Ол – тарихтың жаңа парағын ашқан, азаттықтың айбынын асқақтатқан, елдік мұраттың еңселі ескерткіші. Ұлы даланың сайын төсінде самғаған бұл шаһар уақытпен бірге түлеп, армандардың ақ ордасына, болашақтың бағдаршамына айналды.Астана – жай ғана әкімшілік орталық емес. Ол – халықтың үміті мен сенімі тоғысқан, ұлттық рух пен заманауи өркениет үндескен қасиетті мекен. Есілдің жағасында бой көтерген сәулетті қала бүгінгі Қазақстанның жасампаздық рухын, елдің өрлеуі мен өркендеуін әлемге әйгілеп тұр. Елорданың тарихы тәуелсіздік тарихымен егіз. 1994 жылы ел астанасын көшіру туралы тарихи шешім қабылданды. Бұл – алысты болжаған көреген қадам еді. Ал 1997 жылдың 10 желтоқсанында ел астанасы ресми түрде Ақмолаға көшіріліп, арада көп ұзамай, 1998 жылдың 6 мамырында қалаға Астана атауы берілді. Содан бері Ұлы Даланың төсіндегі шағын ғана қала аз уақыт ішінде әлем назарын аудартқан сәулетті мегаполиске айналды.
Бүгінде бас қала – ғасырлар арманы мен заманауи сәулет өнерінің жарасымды тоғысқан ордасы. Оның әрбір көшесі – уақыттың ізі, ғимараты – тәуелсіздіктің қолтаңбасы іспетті. Күн сәулесіне шағылысып жарқыраған зәулім ғимараттар, көкпен таласқан мұнаралар, кең даңғылдар мен жайқалған саябақтар қаланың ажарын айшықтап, келбетіне ерекше көрік береді. Елорданың символына айналған Бәйтерек – халқымыздың тамыры терең тарихы мен биік болашағын бейнелейтін мәңгілік белгі. Ал Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Хан Шатыр, Әзірет Сұлтан мешіті сынды сәулет жауһарлары ұлттық нақыш пен әлемдік сәулет өнерінің үйлесімін танытады. Бұл ғимараттар тас пен темірден тұрғызылған құрылыстар ғана емес, тәуелсіз елдің рухын сөйлеткен сәулелі шежіре.
Астана – ғылымның, білімнің, мәдениет пен инновацияның ордасы. Мұнда әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу орталықтары, заманауи медициналық кешендер мен халықаралық ұйымдар шоғырланған. Қалада өткен халықаралық саммиттер, дүниежүзілік форумдар мен айтулы басқосулар Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді ту еткен ел екенін жаһан жұртшылығына талай мәрте дәлелдеді.
Күн санап Елордамыз – қарқынды дамудың жарқын үлгісіне айналып келеді. Мұнда жаңа тұрғын аудандар бой көтеріп, өндіріс орындары ашылып, цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. «Ақылды қала» жүйелері, жасыл аймақтардың көбеюі, қолайлы қоғамдық кеңістіктер мен заманауи инфрақұрылым елорданың келешекке нық қадам басқанын аңғартады. Жыл сайын жаңа мектептер мен балабақшалар салынып, мәдениет пен спорт нысандары пайдалануға беріліп келеді. Мұның бәрі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Астана – төрт құбыладан келген сан түрлі тағдырды бір шаңырақтың астына тоғыстырған достықтың мекені. Бұл қалада жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп, ортақ Отанымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Есілдің ерке толқынына сәулесі төгілген елордамыз күндіз күмістей жарқырап, түнде жұлдыздай жарқылдайды. Қаланың шамдары самсаған аспанмен сырласып, көшелері болашаққа бастар ақ жолдай созылып жатыр. Ол – сайын даланың төсіне қонған аққу секілді сұлу, самұрықтай самғаған асқақ шаһар. Астана – алып жүректің дүрсілі, тәуелсіздіктің тынысы, ұлт рухының биік тұғыры.
Қай халықтың да қуаты – оның жасампаздығында. Ал жасампаздықтың жарқын көрінісі – Астана. Ол – кешегі арманның бүгінгі ақиқаты, бүгінгі еңбектің ертеңгі жемісі. Жылдар өткен сайын еңсесі биіктеп, айбыны асқақтай түсетін елорда – Қазақстанның өркендеу жолындағы мәңгілік мақтанышы.
Астана күні – әрбір қазақстандық үшін туған елдің табысына, тәуелсіздіктің тағылымына, елдік пен бірлікке деген құрметтің мерекесі. Көк байрағымыз желбіреген сайын елордамыздың да еңсесі биіктей берсін! Ұлы даланың жүрегі – Астана әрдайым өсіп-өркендеп, әлем мойындаған айбынды шаһар ретінде Мәңгілік Елдің мерейін асыра бергей.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ








