АСТАНА КЕЛБЕТІ – ҰЛТ КЕЛБЕТІ
Бүгінде Тәуелсіз еліміз әлемнiң дамыған елдерiнiң қатарына қосылды. Айбынды мемлекетке айналып, дамудың даңғыл жолына түсті. Мемлекетiмiздiң бас қаласы Нұр-Сұлтан – Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін паш еткен, Отанымыздың жүрегi, тәуелсiздiктiң тiрегiне айналды. Елбасының төл туындысы астана жиырма жылдан аса уақыт ішінде өзіндік келбетін қалыптастырып, әлемнің ең көрікті шаһарларының бірі болды. Астананы көшіру туралы алғаш рет 1994 жылы 6 шілдеде Жоғарғы Кеңестің сессиясында өз ойын ортаға салған Президентіміз Н.Ә.Назарбаев оны табанды әрі жоспарлы түрде іс жүзіне асыра білді. 1995 жылы 15 қыркүйекте Мемлекет басшысы астананы Ақмолаға көшіру, 1997 жылы 10 қазанда «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы», ал, 1998 жылдың 6 мамырында Ақмоланы Астана деп қайта атау туралы Жарлықтарға қол қойды. Міне, содан бері 20 жыл өте шықты. Бүгінде Астанада сәулет өнерінің жауһарлары: «Ақорда», «Бәйтерек», «Хан Шатыр», «Қазақ елі монументі», «Мәңгілік Ел» аркасы, зәулім ғимараттар, елшіліктер бой көтерді. Өткен жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елорда атауын Тұңғыш Президент есімімен атау туралы тарихи шешімі қабылданды. Бұл еліміздің бас қаласының өсіп-өркендеуіне зор еңбегі сіңген Елбасыға деген үлкен құрметтің белгісі еді. Мемлекет үшін маңызы мол шешімдер қабылдайтын Нұр-Сұлтан бүгінде – елдің айнасы, ұлт келбеті, еліміздің кіндік қаласы саналады. Астанаға қоныс аударғалы бері біраз жылдың жүзі болды. Қаламыз көркейіп, өркен жайып келеді. Ерке Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Нұр-Сұлтан– елдің тек әкімшілік-саяси орталығы ғана емес, мәуелі мәдениет пен ұлтаралық келісімнің, саяси диалогтың бас ордасына айналды. Нұр-Сұлтан– еліміздің жүрегі. Оның аспанынан тек тыныштықтың, ізгіліктің, арманның саф самалы еседі. Сондықтан, әр қала, әр облыс орталығы Нұр-Сұлтансекілді сәулетті де, көрікті шаһар болуға талпынады. Астанаға қарап бой түзейді, болашағын астанамен байланыстырады. Өйткені, Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласы егіз ұғым. Елорданың көркейгені – елдің көркейгені, бас қаланың өскені – баршамыздың өскеніміз. |
Гүлбарам ПІРМАНБЕТ