Айбыны асқан Астана
Жас Қазақстан мемлекетіне жаңа Астана керек екендігін Елбасы Н.Назарбаев күні бұрын ойлап жүрген екен. Қалай болғанда да Ақмола атауын өзгерту қажеттігі айтылады. «Шынын айтқанда астананың атауын
ауыстыру ұдайы ойымнан шықпай, ат іздеумен болдым. Мүмкін Қараөткел дерміз? Әлде Есіл ме? Сарыарқа ма? Бірақ көкейге қонар емес. Бір жола түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені – деп, есіне алады Елбасы «Еуразия жүрегінде» кітабында.
Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық, және айқындық рең бар. Астана! Біздің астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ, бұл атауда қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана. Бірақ, әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилия. Міне осылай. Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады. Бұл атауды жергілікті органдар, Үкімет жанындағы мемлекеттік ономастикалық комиссия ең бастысы жаңа Астана тұрғындарына сіңісіп кеткені бекер емес. Міне, осылайша 1996 жылы 6 мамырда Астананың ресми таныстырылуына бір ай қалғанда Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының астанасы Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы шығады. Сол күні Н.Назарбаев келесі Жарлығымен аудандарын құру туралы жарлық берді.
Астана қаласының 10 жылдық мерейтойы мерекеленген 6 шілдеден кейін көп ұзамай, Астананың үшінші ауданы – Есіл ауданы құрылды. 1998 жылы 10 маусымда Астананың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. Елорданың Алматыдан Ақмолаға көшуінің ресми шеруі 8 қарашада Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы эталондарының жеткізілуімен басталады. Осы күндері жаңа Елордаға Президент әкімшілігі, Үкімет, министрліктер, ведомстволар қызметкерлерінің алғашқы тобы келіп, орналасып, қызметке кірісті. Желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде Президент әкімшілігінің, Үкімет пен Парламент аппараттарының қызметкерлері толық көшіп болды. 10 желтоқсан күні жаңа астана – Ақмолада Парламент және Үкіметінің бірлескен отырысы болып өтті. Осы отырыс арқылы Ақмола қаласының астана мәртебесіне ие болғандығы мәлімделді. Астананы көшіруде, Ақмола қаласы астаналық мәртебеге дайындаудағы еңбектері үшін бір топ мемлекеттік қызметкерлер, құрылысшылар марапатталды. Президенттің жаңа астанадағы алғашқы жарлығы жария етілді. Астананың алғашқы әкімі болып, Ә.Жақсыбеков тағайындалады. 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Сарыарқа төсіндегі шырайлы шаһар Тәуелсіз Қазақстан елінің астанасы мәртебесіне қол жеткізді. Ал, 1998 жылы қазіргі Астана атауын иеленді. 1994 жылы 6 шілдеде еліміздің бас қаласы Ақмолаға көшіру туралы шешімінің қабылдануы арғы-бергі тарихындағы ерекше оқиға. Бұл оқиға бірден оңайға соқпағаны белгілі. Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» кітабында тағы «1994 жылы 6 шілдеде Парламент мәжілісінде мен астананы көшіру туралы идеяны жария еттім. Сол кезде жұрттың бәрі мені қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептеді. Өйткені, елдің жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақы, уақытында төленбей жатты. Ал, енді біреулер астананы көшіру идеясын қолдағанның өзінде бұл шешім 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осылай үш жыл өткенде депутаттардың өзі пойызбен жаңа астанаға көшіп келді. Енді шешімнің дұрыс болғандығына ешкім де күмән келтіріп, дауласпайды» деп жазған болатын.
Отанымыздың жүрегі мен тірегі, Сарыарқа төсіндегі сұлу қала – Астана қаласына биыл 20 жыл толды. Тарихқа зер салсақ, бұл шаһар 1832 жылы Есіл өзенінің жағасында, Қарөткелдің тұсында Ақмола бекінісі ретінде соғылған. 1863 жылы Ақмола қаласы болып жарияланған. Содан 1960 жылдың желтоқсан айында құрамына еліміздің солтүстік облыстары кіргізіліп, тың игеру аймағының орталығына айналды. 1961 жылға дейін ол Ақмола, 1961 жылдан 1992 жылға дейін – Целиноград, ал, 1992 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта қайтадан Ақмола деп аталды. Астана еліміздің бас қаласы. Астананың 20 жылдық мерейтойы – бүкіл еліміздің қуанышы.
Қазақстан тарихында бұл қаланың орны ерекше. Астана – армандар бастауы мен олардың орындалатын орны. Елорда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың идеясымен жүзеге асқан Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы басты жобалардың бірі. Астана мемлекеттік шараларды өткізетін, халықаралық жиындарды қабылдайтын үлкен орталық. Қазақ елінің көрікті астанасы. Құлпырған әсемдігімен әлем назарын өзіне аудара білген Елордамыз. Сәні мен салтанаты жарасқан көркем қаланың бас архитекторы да Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев. Президент пен Астана егіз ұғымға айналған. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі. Қаланың атауы қазақ тілінен алынған. Қазақша ол сөз бас қаласы дегенді білдіреді. Астана сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Онда ол «киелі орын», «босаға» деген мағыналарға ие. Бүгінгі заман қаласы – өзін қоршаған экономикалық кеңістікпен және табиғи ортамен алуан түрлі экономикалық-географиялық қарым-қатынастағы, демографиялық жолмен қалыптасатын, әлеуметтік-экономикалық күрделі жаратылыс. 1998 жылы Астана қаласын ЮНЕСКО «Бейбітшілік қаласы» деген атаққа сай деп таныды. Астана әлемдегі суық астаналардың қатарында. Ұлан-Батор қаласынан жылырақ, ал, Оттавадан суық. Әлемдегі екі астана атауы «Астана» деген мағына береді екен. Сеул және Астана қалалары. Қаланың бас жоспарын жасауға Елбасы Н.Назарбаев, әлемге әйгілі жапон суретшісі Кисе Курокава, ұлы сәулетші ағылшын Норман Фостер, итальяндық шеберлер Монфреди Николетти мен Максимильян Фуксастор қатысып, Астана құрылысына қолтаңбаларын қалдырды. Астана танымастай өзгерді. Ол Шығыс пен Батыстың архитектуралық жаңалықтарын, тарихи байланысын, заманауи жетістіктерді, философиялық мазмұнға бай мәнерді бойына сіңірген ең жас астаналардың бірі. Астанада қазір 1 миллионнан аса халық тұрады. Астана қаласы – халықаралық маңызды жиындардың, симпозиумдар мен форумдардың ордасына айналды. 2011 жылы Астана төрінде ЕҚЫҰ-ның бірегей саммиті өтті. Былтыр ЭКСПО-2017 көрмесі ашылып, үш ай бойы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында халықаралық мамандандырылған көрме ел назарын өзіне аударды. Астана маңына «Жасыл белдеу» жобасы аясында үлкен орман бағы өсірілуде. Онда әлемнің әр елінен әкелінген ағаштар отырғызылып, Астана маңы жасыл желекке бөленуде. «Астана-Бәйтерек», «Ақорда», «Хан шатыр», «Думан», «Солтүстік сарайы»,
ЭКСПО қалашығы секілді ондаған бірегей сәулетті кешендер арқылы өзіне елді баурап алады. Астана – еліміз экономикасын өрге сүйреп отырған локоматив. Болашақта ЭКСПО қалашығын әлемдік экономикалық орталыққа айналдыру көзделуде. Еліміздің даму барысына көз жіберсек, бұл қаланың ел дамуына қосқан үлесі өте зор. Өйткені, Оңтүстіктегі сауда, қызмет көрсету, өндіріс ошағын ашу қызмет түрлері Солтүстікке жылжыды. Инфрақұрылым, халықаралық қатынас жолдары, автожол мен теміржол салынып, елшілік барыс-келіс нығайды. Бұл үрдіс әлі де тоқтамайды. Гүлденсе Астанамыз – гүлденеміз бәріміз. Жасай бер, Астана – бас қала! Қазақтың Елордасы арман қала, жас қала!
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.