Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек мектебіндегі елеулі қызмет

Еңбек мектебіндегі елеулі қызмет

Шиелінің қадірлі қарияларының бірі болған соғыс және еңбек ардагері Нұрмахан Қасымов 1958 жылы Бәйгеқұмнан іргесін қалап алғашқы директоры болған №11 кәсіптік техникалық училищенің тарихы бай. Осы оқу орнында тәрбиеленіп шыққандар арасынан екі бірдей Социалистік еңбек ері, шығармашылық таланттарымен де танымал болған бір жазушы, екі ақын шыққанын көпшілік біле бермес. Ел ырысын молайтқан орденді механизаторлар мен еңселі ғимараттар тұрғызып сәулетін сомдаған құрылысшылар, озаттар көшін бастаған өзгелерінің де ел дамуына қосқан үлесі зор. Шиелі өңірінің өсіп өркендеуіне қажырлы еңбегімен де ұстаздық өнегесімен де ерен еңбек сіңірген тұлғалық тұрпаттағы ағаларымыздың бірі Құлашбек ­Полатовты аудан жұртшылығы осы оқу орнындағы ширек ғасырдан астам директордың оқу-өндіріс жөніндегі орынбасары болған қызметінен жақсы біледі.
Ауданымыз ғана емес, бүкіл аймағымыз үшін де ауыл шаруашылығы саласы Сыр халқының негізгі табыс көзі, экономикалық тірегі болатын маңызға ие. Ал кәсіптік маман даярлауды оқу-өндіріс жұмыстарымен ұштастырған байырғы оқу орны негізінен осы ауыл шаруашылығына қажетті механизаторлар мен құрылысшыларды дайындап шығаратын аудандағы бірден бір оқу орны.
Соңғы жылдары су тапшылығы жайлы да көп айтылып жүрген жағдайда, егіс шаруашылығын әртараптандыру жөніндегі тың бастамалар мен серпінді жобалардың қолға алынуы тегін емес. Халқымыздың егін егіп мал өсіруге ежелден қалыптасқан бейімі барын ескерсек, егіс орналастырудағы жаңа бағыттың да жат болмасы хақ. Жан қысылса, кетпенін арқалап, түлігін бағып, кәсібін істеп нәсібін ажыратарлық осы жер емген ата кәсіп өтпелі кездің қиындықтарынан да аман-есен алып шыққанын неге ұмытайық? Сондықтан да, жер Ана тек табыс көзі ғана емес, қастерлеп, аялап күтіп баптауды қажет ететін асыраушымыз екенін естен шығармау бүгінге қарыз, ұрпаққа парыз. Жекеге өтіп, бір реттік пайданы ғана көздейтін ашкөздікпен жердің бермесін алам деу, әдеттегі шамадан тыс химиялық тыңайтқыштарды пайдаланудың түбі қайыр болмаса не қылсын дейтін уайым да жоқ емес. Айтпағым, көп жылдар бұрын болжанған осы өміршең мәселе ертеректе жерді тиімді пайдаланудың оңтайлы жолдары қарастырылған ғылыми негіздегі кешенді шаралармен қамтамасыз етілетінін ескеру қажеттігі. Өткеннің бәрі қаңсық, бүгінгінің бәрін таңсық емес. Гидротехникалық инженерлік жүйелерімен реттелетін егіс алқаптарының агротехникалық ротациясын сақтау, ауыспалы егіс (жоңышқа, бидай, жүгері т.б дақылдар) орналастыру арқылы, жердің табиғи құнарын сақтап, танаптардың айналымнан шығып қалмауы қадағаланса деген тілек. Химиялық қоспасыз-ақ, бүгінгі 10-12 центнердің орнына бидайдың әр гектарынан 40-45-тен өнім алғандар қашанға дейін жүрер? Жердің құнарының азайып тоза бастаған жағдайында ауылшаруашылығы кадрларын салалық бөліністегі – агроном, ветеринар, механизаторлар дайындаудың да ақсаған тұстарын қалыпқа келтіру осы заман талабына сай қажеттілік екені көрініп тұрған шындық. Байырғы диқандар, бұрынғы мамандардың орнын басар буынның тізбегі үзілмесе екен. Ал олай болмаса ше?.. Өзім куәсі болған мына бір мысал осыған дәлел болатынға ұқсамай ма?
Былтыр күз жеке шаруа қамымен өз ауылым Жақаевқа баруға тура келгені бар. ЖШС төрағасы Асқар інімді іздеп шаруашылықтың аумағы атшаптырым гаражына бас сұқпаймын ба? Өзім түстеп танымайтын неше түрлі заманауи шетелдік техникалар нақ бір көрмеге қойылғандай көздің жауын алады. Япыр-ау, уақытындағы бір колхоздың байлығы да мұндай болмас деп таңырқап тұрғанымда сыныптасым Алмас Смаханов ұшыраса кетті. Шүйіркелесе амандасып «Не қылып жүрсің?», «Сен ше?..» деп жауаптасқан әзілмен жөн сұрасып жатырмыз. Өз жүрісім өзіме мәлім, ал оныкі... – Енді бір жыл шыда деумен биыл бесінші жылға кетті, айрылғысы жоқ, босатпайды! (Қуанғаны, әлде ренжігені ме айыра алмадым.) Анау тұрған көк «тұлпар» менікі, селтеңдеген жас­тар жағы трактор айдағысы жоқ, осқырынып сонадайдан үркиді нәлеттер... – дейді айып артқандай аптығып. Сенің күрішші құдаң Әмірді де 70-тен асқанда әрең босатып еді, мен де, анау Әшірхан, мынау Мақұлбек құрдастарың да осындамыз... Бұрынғы құшақтаған папкесі, желбіреген галстугі жоқ мені аяп тұрған сыңайлы. – Үш-төрт пенсионер әлі жұмыс істеп жүрміз, деніміз сау , үйде жатқанда не істейміз? – дегенді қосты. Уәж-ақ қой. Зейнетақысына қосымша 250 мың айлық тауып отырған абыройының мен сияқты қатардағы зейнеткерден әлдеқайда жоғары екенін ішім біліп тұр. 8-ді бітіріп, СПТУ-дың бірыңғай қара жейдесін киетіндерді «қара тоқтылар» деп келемеж қылушы-ек, енді міне ... Бұрын менсінбеуші едіңдер ғой деген сыңайдағы миығынан мысқыл да байқалады... Қалай болғанда да, осы күні Алматының КазПТИ-ін тауысқан менен көрі, Шиелінің СПТУ-ін бітірген сыныптастарымның мәртебесі әлдеқайда биік, сұранысқа ие, беделі жоғары. Нарық заманының айдай ақиқатын неге мойындамасқа? Ілгеріректе Қызылту колхозында екі мәрте орденді механизаторға тәнті болған колхоз бастығы Қазыбек Оспановтан: «Қара нарым Мықтыбегім сияқты тағы 4 жігіт болса, Қызылтуға коммунизм орнар еді...» дейтін қанатты сөз қалған. Сол Мықтыбек (шын аты Майырбек) те сонау жылдары Бәйгеқұмдағы оқыған осы училищенің түлегі екенін жақсы білемін. Осы бір-екі мысалдың өзінен кәсіптік колледждің ауданның даму тарихынан алар орнын анық көруге болмас па? Олай болса, ендігі сөз осы мекемеге 28 жыл өмірін арнап еңбегі сіңген бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Құлашбек Жабағыұлы жайлы болмақ.

Өмір өткелдері
Ол Бәйгеқұмның іргесіндегі теміржол жағасында 18 бекетте 1953 жылы дүниеге келген. Ұзап барып талып естілер поездың гудогі алғаш естіген әуезді үндей, әліге дейін жанға жайлы құлағына жағымды естіледі. Осындағы орта мектеп табалдырығын аттап, 5-сыныпқа дейін оқыған Бәйгеқұм балалық дәурені өткен ыстық ұясы. 1970 жылы Қазақстанның ХХХ жылдығы колхозы орталығындағы оқу ағарту саласындағы жетістіктерімен республикаға танылған, орденді ұстаз Асанбек Бәкіров директоры болатын №50 орта мектебін үздіктер қатарында бітіріп шығады. Тәртіп пен тәрбиенің мазмұн мәдениеті өзгеше қалыптасқан бұл мектепте нашар оқу мүмкін емес еді дейтін әңгімелерді аузы дуалы, сөзі уәлі біраз кісілерден естіп жүрміз. Жасөспірім Құлашбектің де Алматыға барып КазГУ-дің заң факультетіне бір емес екі рет құжат тапсырған талабы тегін емес. Өзінің білімі мен күшіне сенгендік. Бірақ жолы болмапты (тура өз басымдағы жағдай). Еңбек өтілі жоқ деген сыңайдағы түрлі сылтаумен конкурстан өтпей ауылға қайтып, әскерге кетеді.
Әскери міндетін өтеп келген соқталдай жігіт қыстай Бәйгеқұмдағы училищеден шопырлық оқып, жаз бойы туған ағасы Мұратқа қолқабыс етіпті. Бір жазда үш-төрт үй тұрғызып қомақты табыс та тауыпты. Бірақ жұмысы ауыр. Қомақты табысы қызықтырғанмен, лай жатқызып кесек тасып мезі қылған қара жұмыстан қашып құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол әрине оқуға түсу. Ерте үйленіп шымылдырығы желбіреп тұрған жігіттің тым алысқа ұзағысы жоқ. Сәті түсіп көршілес Түркістан индустриалды педагогикалық техникумына оқуға түседі. ТИПТ ол кездегі орта азиадағы (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан) 5 республикаға кәсіптік білім беретін училищелерге оқу өндіріс шеберлерін дайындайтын, қосымша техник-механик мамандығын алатын базасы мықты, беделі жоғары бірден-бір оқу орнын гидромелиоративті жұмыстарды механикаландыру техник механигі және оқу өндіріс шебері мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтайды. 1977 жылы арнайы жолдамамен Тереңөзектегі №88 кәсіптік училищеге мұғалім болып орналасып, бір жылдан кейін елге оралған оның барлық саналы ғұмыры осы туған өңірі Шиелімен байланысты. Бұл жылдар Қызылорда облысында күріш өсіру алқаптарын кеңейтуге бағытталған жерді инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары мықтап қолға алынған кез болатын. Алматыда «Главриссовхозстрой», облыста «Риссовхозстрой», «Монтажспецстрой» екі бірдей трест құрылып, дарияның арғы бетінде Қандөзден Задарияға дейінгі Түгіскен массивін игеру, бергі беттегі Шиелі ауданына қарасты шаруашылықтардың мыңдаған гектар егіс алқаптары тегістеліп (планировка) инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары қарқынды жүрген мыңдаған техникалар, ондаған жылжымалы механикаландырылған арнайы мекемелер жұмылдырылған тұс. Мұны тәтпіштеп отырғанымыз, мақала кейіпкерінің осы жұмыстардың да қайнаған ортасында жүріп, облысымыздың шығысындағы ең шеткі Қандөз ауылынан Аралға дейінгі аралықтағы инженерлік жүйеге келтірілген жерлердің құнарын сақтауға бағытталған жұмыстарға тікелей қатысқан еңбек жолымен байланысты. Егіс танаптарын сор мен жоғары тұздылықтан арылту, ыза суды төмен түсіру үшін жүздеген метр тереңдіктен жер асты суларын соруды қамтамасыз ететін участке бастығы болып 10 жыл қатарынан жұмыс істеген оның осы салада ауыз толтырып айтарлықтай сіңірген еңбегімен орайлас. Жерді инженерлік жүйеге келтірудің құрамдас бөлігі болатын бұл жұмыстар 1976 жылы құрылып білікті инженер Жантөреев Мүтәліп басшылық жасаған арнайы мамандандырылған жылжымалы колонна СПМК-9 мекемесі күшімен атқарыпты. Осы мекемеге барлық аудандары қамтылған бүкіл Қызылорда облысы аумағында кәріз (скважина) қазу (вертикальный дренаж), оларды іске қосып жұмысын жүргізу жүктелген. Осы жұмыстар Румыниядан әкелінген бұрғылау диаметрі (960 мм) 1 метр болатын ФА-12 маркалы станоктарымен орындалатын. Бір скважинаны қазуға дайындық жұмыстарының өзі кемінде үш күнге созылатын жұмыстың машақаты көп. Станок орнағаннан кейін де ені 4, тереңдігі 2,5, ұзындығы 20 метрдей хауыз орнатып суға толтыруды, т.б 4-5 техника, 10-15 адам үздіксіз жұмыс істейтін қауырт қарбалас, 200-300-500 метрге дейін қазылатын ұңғыманың тереңдігіне байланысты одан арғы технологиялық тізбектегі жұмыстарды санамалап шығудың өзі қиын. Басталған жұмыс күннің райына тәуелді емес, аптап ыстық, жауынды күндері де бір сәт тоқтатуға болмайтын, апта емес айға созылатын осы жұмыстардың қиыншылығының аз болмайтынын шамалауға болады. Бір ұңғыманың жұмысы бітіп трубасы шығарылып, подстанция­сы орнатылып электр желілері тартылып іске қосылғанда бірнеше адам тұрақты жұмыспен қамтылатын әлеуметтік маңызы өз алдына. Өзім ауыл әкімі қызметін атқарған 200 гектар алмасы 50 гектар жүзімі болған бір ғана Алмалы ауылында ауыз су мен аяқсуға бірдей пайдалануға болатын осындай 18 ұңғыма болды. Ал енді осыны облысымыздың ана шеті Қандөзден мына шеті Сексеуілге дейінгі аралықтағы барлық ауылдарды қосып, көбейтіп көріңіз? Осының барлығы да бүгінгі ардагерағамыз Құлашбектің тікелей басшылығымен аяқпен жүріп қолымен өткерген жұмыстары десем құй сеніп, құй сенбеңіз.
Мекеме тек егіс алқаптарын ыза мен тұзданудан ғана қорғады емес, тұрғындарды тұщы ауыз сумен қамтумен қатар айналысқан. Ең ауқымды деген жұмыстың бірі Сексеуіл станциясы маңайындағы Қосаманнан 5 жылда қазылған 20 ұңғыма, 5 сорғы станциясы құрылысы бүгінгі Арал – Сорбұлақ су жүйелеріне қосылып Арал, Қазалы аудандарын осы күнге дейін ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді. Халық тығыз шоғырланған қаланы қоса алғанда сол жағалауға орналасқан Қармақшыға дейінгі барлық ауылдар қамтылған және қала тұрғындарының ауыз су мәселесін түбегейлі шешкен Тасбөгет-Бірқазанға дейінгі аралықтағы 24 ұңғыма, қала іргесіндегі су жинағыш (водозабор) станциясы да осы саладағы 10 жылғы еңбек жолындағы бедерлі белес, белгілі із қалдырған жауапты да сауапты жұмыстар. 1988 жылы мекеме тарап ПМК-31-ге қосылып кадрлық өзгерістер болған ауыс-түйісте өз мамандығы бойынша №11 КТУ-ге қатардағы мұғалім болып жұмысқа орналасады. Өкінері жоқ. Тәжірибе жинақтап, төселіп қалыпқа түсуіне көмегін көрсетіп, жөн-жоба үйреткен директордың оқу өндіріс ісі жөніндегі орынбасары Дәуітпай Шәйжанов пен аға шебер Қыдыр Өтебаев ағаларын інілік ілтипатпен үнемі еске алады. Екі жыл мұғалім, 26 жыл орынбасарлық қызметтерін үздіксіз атқарып 1916 жылы лайықты құрмет қошеметтен кенде болмаған, білім министірі мен облыс, аудан әкімдерінің Құрмет грамоталары табысталған үлкен абыроймен зейнетке шықты.
Өткенге көз салса, өзінің тікелей араласуымен оң шешімі табылып, оқу-өндіріс мәселелері мен мекеменің қаржы-шаруашылық жағдайын оңалтуға қосқан біраз еңбек сіңіргенге ұқсайды. Бастапқы қарқында 400-500 бала оқитын 40-тың үстінде шебер, 60-тан аса мұғалім қызмет ететін оқу орнының материалдық базасы өте мықты болды. Бірнеше комбайын, 6-7 автомашина, 1 дана К-700, бірнеше шынжыр табанды, доңғалақты тракторлары болатын техникалық жарақталуы кәсіптік бағдардағы оқу процессін стандарт талаптарына сай өз дәрежесінде ұйымдастыруға толық мүмкіндік беретін. Бірақ, кейінгі жылдарғы өтпелі кездің салқыны бұл саланы да айналып өткен жоқ. 1998-2004 жылдар аралығы ең қиын тұс. 2 топ ғана жасақталған оқу орнын өзін-өзі қаржыландырып, штатын сақтап, айлығын төлеп, ең бастысы оқу орнының материалдық базасын мұртын бұзбастан сақтап қалу оңайға түскен жоқ. Егін де еккізді, мал да баққызды, шаруашылықтармен келісім-шарт арқылы техникалық (жер жырту, дән себу, ору және тасымал) қызмет көрсету жұмыстары арқылы табыс тауып, мекемені толық сақтап қалуға қол жеткізген көп қиындықтар еңсерілді. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда ұзақ жылдар директорлық қызметте болған Ысқақ Оспановтың еңбегі айрықша.
Облыс аумағындағы материалдық базасын 100 пайыз сақтап қала алған бірден-бір мекеме осы Шиелі кәсіптік техникалық училище болғаны барша аудан халқының да абыройы. 2005 жылдардан бастап бірте-бірте жағдай оңала бастады. Егесіз қалған кәсіптік білім жүйесі облыстық білім басқармасына өткен құрылымдық өзгерістер оң нәтижесін берген қайта өрлеу жылдары болатын 2009 жылы, заң органдарында қызметтік тәжірибесі бар ­Мейрамхан Дүйсеновтің директорлық қызметке келуімен колледждің бүгінгі көркейіп көріктенген кескін келбеті қалыптасты. Өткен қиын жылдардың әсерінен сәл божырай бастаған оқушылардың сабаққа қатысуына қатысты мәселеге нүкте қойылып қатаң тәртіп орнады. 36 бала оқудан шығарылып, бірқатар баланың ата-анасынан оқу шығыны сот тәртібімен мемлекет пайдасына өндіріліп алынды. Осы тізімде Құлекеңнің туған інісінің өзімен тектес баласы, директордың ет жақын туыс інісінің болуы да біраз жайды аңғартса керек. Адалдық пен әділдік ту көтерген жерде тұғырымыздың да берік болатын ақиқаттың айнасындай шындық бұл. Тұлғалық қасиеттердің осындай кішкентай нәрселерден құралып тәртіп дейтін қағидамен әдіптелетін ақиқаттың қарапайым ғана мысалы болса керек. Ардагер ағамыз осындай қарапайым адами қасиеттерімен де сыйлы. Жеңгеміз Мәстура екеуінен өрбіген 1 қыз, 3 ұлдан тараған 10 немере сүйіп отырған мазмұнды ғұмыр иесі де.

Исабек Сәрсенбайұлы
22 маусым 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

№45 (9412).

16 маусым 2026 ж.

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930