Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАЛЫННЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖҰМЫСЫ

ЖАЛЫННЫҢ ЖАСАМПАЗ ЖҰМЫСЫ

Бүгінгідей дамыған заманда кәсіптің түр-түрін көріп, тіпті санына жете алмай жүрміз ғой. Десек те газеттің осы күнгі шығарылымына өзгелерден айрықша кәсіпті бастап, оның көзін тауып, ісін дөңгелетіп отырған Жалын Өркенұлының жұмысын таныстырсақ дейміз. Әлгінде қызығушылықтан туындаған бастама, қазір сұранысқа ие, үлкен шаруаға айналып отыр.
Иә, Жалын Өркенұлы құс шаруашылығын қолға алғалы 7-8 жылдың көлемі болған. Шиелі ауданында құс өсіріп, жұмыртқа өндіріп отырған бірден-бір кәсіпкер. Осы жылдар аралығында ол үнемі ізденіс пен тынымсыз еткен еңбектің арқасында жұмысын жүйелеп, саланың қыр-сырын меңгереді. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деп бейсенбіде қолға қалам ұстап, Жалынның жасампаз жұмысымен таныспаққа бет алдық.
Әні-міне дегенше Жалын Өркенұлының үйіне келісілген уақытта жетіп, дидарластық. Алдымен редакцияның ұсынысын қабыл алып, шақырғаны үшін алғысымызды білдірдік. Әрі қарай есік алдында құс өсіретін орындарға барып, шаруаның жайын сұрадық. Құдды бір хайуанаттар бағына кіріп келгендей әсер алдық. Қорадағы құстың сан түрі, олардың балапандары, өздеріне тән ерекше дауыстары біздің қызығушылығымызды одан әрі еселей түсті.
Бүгінде кәсіпкердің ауласында үй құстарымен қоса қырғауыл, тауыс және кекілік құсы өсіріліп, күтіп бапталуда. Ал соңғы жылдары күміс түстес адлер тауықтарын көбейтіп келеді. Оның айтуын­ша ет-жұмыртқа бағытында құстың бұл тұқымы ыстыққа төзімді келеді. Жұмыртқа салуды 6 айдан бастайды және 3-4 жыл бойы жылына 190-ға дейін жұмыртқа береді екен.

ҚЫРҒАУЫЛДЫҢ 5 ТҮРІ БАР
Зиянкес жәндіктер мен шыбын-шіркейлерді қорек ететін қырғауылдың қоршаған ортаға тигізер пайдасы орасан. Сондай-ақ халқымыз қырғауылды тоқшылықтың, берекенің белгісі деп білген. Көнекөздер қыстың қатты немесе жайлы болатынын оның салған жұмыртқа санына қарап та білетін болған. Сонымен қатар қырғауыл еті ішкі ағзаларды қуаттандырып, әлсіреген жүйке жүйесіне шипа болады. Қырғауылдың қанат бояулары арқылы ерекшеленетін 30-ға жуық түрі бар. Қырғауылдың еті тауықтың етіне ұқсас болғанымен, біріншіден, ол өте дәмді келеді. Құрамындағы 13 түрлі дәрумен адам ағзасына қажет барлық минералды заттарды бере алады.
Осы бағытта Жалын Өркенұлы бүгінде қырғауылдың 5 түрін асырап, оларды көбейтіп отыр. Қытайдан арнайы қырғауылдың лимон тұқымын әкелген. Сондай-ақ сұлулығы алыстан көз тартатын алтын түстес қырғауыл және жергілікті жабайы қырғауылды тұзақпен ұстап, жұмыртқаларын инкубаторға салып, санын арттыруда.
Кейіпкеріміз құстардың тілін тауып, тіпті жабайы құстарды қолға үйреткені кімді де болса таңғалдырмай қоймасы анық. Құстарға деген жанашырлығына, оларды қажетті азықпен қамтамасыз етіп, өсіп-жетілдіруіне деген құштар­лығын көріп біз де қуандық.
Оның сөзінше бұл қырғауылдар шамамен 15 жылдай өмір сүріп, бір мекені көктем айынан тамыз айына дейін 60 жұмыртқаға дейін туады екен.
– Қырғауыл етінің адам ағзасына пайдалы қасиеттері көп. Әрі өте сұлу құс. Қазір күнделікті қырғауыл жұмыртқаларын жинап, инкубаторға салуға дайындаймыз. Әр қырғауылдың жұмыртқасы өзінше түске ие. Инкубаторға салғаннан кейін 24 күнде балапан шығады, – дейді кейіпкеріміз.

КЕКІЛІК ҚҰСЫН ҚОЛҒА ҮЙРЕТКЕН
Кейіпкеріміз кекілік құсын Қаратауда айлап, апталап жүріп тұзақ арқылы ұстаған. Ондағы мақсаты кекілікті қамап қою емес, керісінше сирек кездесетін құстың тұқымын көбейту. Қазіргі таңда мақсатына қадам басып келе жатқан ол кекіліктің жұмыртқаларын алып, инкубатор арқылы балапанын басып шығарту. Әрине, инкубаторға салғаннан соң да оған көп күтім керек. Қажетті температура, жарық, су, тамағы бәрі өлшеммен болуы шарт. Себебі, жұмыс барысында мүлт кетсең, нәп-нәзік балапандаран айырылып қалуың әбден мүмкін. Ал Жалын Өркенұлы осының бәріне ден қойып, ерекше құстың тұқымын сақтап қалу мақсатында тер төгуде. Ал үйде өзі болмаған сәтте ұлы Кемеңгерге істі толықтай сеніп тапсырады. «Әке көрген оқ жонар» демекші ұлы да әкесінің ізін басып, құсты бағып-қағудың шеберіне айналып келеді. Бұл да ұрпақтар сабақтастығы арасындағы дәстүрлі жолы мен әкенің баласына көрсеткен даналығының айнасы емес пе?

ТАУЕШКІ САНЫН КӨБЕЙТЕМІН
Бұдан бөлек кеіпкеріміз ауласында сүті дәруменге бай орыс ешкілерін де асырайды. Оны да назардан тыс қалдырмай арнайы көрдік. Сонымен қатар Талғат Жұматов деген ағасы сыйға тартқан тауешкіні көріп тағы бір тамсандық. Сонан соң өзі де тауешкілерді асырап, оның да басын көбейтуді көздеп отырғанын аңғардық.
Бүгінгі таңда Жалын Өркенұлының жұмысына қызығушылық танытатындар өте көп. Бұларды баптауға таңнан кешке дейін қыруар уақыт пен үлкен күш жұмсалатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен бүгінде атқарып жатқан жұмыстар айқын нәтижелерін беруде. Жыл сайын құстардың балапаны мен жұмыртқаларын алуға еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар алып кетеді. Кәсіп иесінің айтуынша жылына 600-700-ге жуық балапандарды өткізеді.
«Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың» деген дана халқымыз. Ерінбей еңбек етудің үлгісін көрсетіп, құс шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан кейіпкеріміздің жұмысына толағай табыс тілейміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
22 маусым 2026 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№46 (9413).

20 маусым 2026 ж.

№45 (9412).

16 маусым 2026 ж.

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930