СӨЗ ҚҰДІРЕТІН САРАЛАҒАН ҮШ ТОМДЫҚ
Қазақтың тарихын парақтасаңыз, оның тағдыры көбіне найзаның ұшымен емес, сөздің күшімен шешілгеніне көз жеткізесіз. Дала демократиясының алтын арқауы болған билер институты, ұлт бірлігін ұйыстырған шешендер мектебі, елдік мүддені қорғаған көсемдердің өнегесі – барлығы да сөз өнерінің құдіретін айғақтайды. Сондықтан қазақ үшін шешендік өнер жай ғана әдеби құбылыс емес, ұлттық болмыстың, рухани мәдениеттің өзегі саналады. Осынау ұлы мұраны ғылыми тұрғыдан жүйелеп, көпшілікке ұсынған маңызды еңбек «Қазақтың шешендік өнері» кітабының үш томы жуырда біздің де қолға тиді. Жерлесіміз, үш томның авторы Мамай Ахетов арнайы «Өскен өңір» редакциясына бас сұғып, журналистер қауымына құнды қазынаны өз қолымен табыстады. Бұл – автордың 30 жылға жуық уақыт бойы жүргізген ізденісінің жемісі. Қазақ шешендігінің бастау көздері, тарихи қалыптасуы, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік табиғаты мен қоғамдық қызметі кеңінен қамтылған үш томдық еңбек осы саладағы іргелі зерттеулердің қатарын толықтырды. Еңбекті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған. Зерттеу қазақтың шешендік өнері мен ауызекі сөйлеу мәдениетін монографиялық деңгейде қарастыратын көлемді ғылыми еңбек ретінде бағалануда. Үш томдықтың авторы Мамай Қаниұлы – Сыр өңірінің тумасы. Ол 1967 жылы киелі Шиелі жерінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Филология ғылымдарының кандидаты, PhD дәрежесінің иегері. Ғалымның ғылыми қызметі қазақ әдебиеті мен руханиятының ірі тұлғаларының мұрасын зерттеумен тығыз байланысты. Ол «М.Әуезов шығармаларының елу томдықтолық жинағы» мен екі томдық «Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары» ғылыми басылымдарының жауапты шығарушыларының бірі ретінде танылған. Бұған дейін жарық көрген «М.О.Әуезов драматургиясындағы шешендік дәстүр» монографиясы мен әдебиеттану, әуезовтану, шешендік өнер және мемлекеттік қызмет мәселелеріне арналған жүзден астам ғылыми мақалалары ғалымның осы бағыттағы ізденістерінің ауқымын аңғартады. Зерттеуде қазақ шешендік өнерінің генезисі, типологиясы мен поэтикасы жан-жақты талданған. Әлемдік риторика дәстүрлері мен қазақ шешендік мектебі салыстырмалы түрде қарастырылып, ұлттық сөз мәдениетінің терең тамырлары ашылады. Еңбекте көне дәуірдегі Анахарсистен бастап бүгінгі заман қайраткерлеріне дейінгі шешендік дәстүр сабақтастығы сараланған. Сонымен қатар Темірбек Жүргеновтің риторикалық шеберлігі, Әбіш Кекілбаев пен Нұрлан Оразалиннің сөз саптау ерекшеліктері және әлемдік көшбасшылардың шешендік үлгілері ғылыми тұрғыдан талданған. Филология ғылымдарының докторлары Нұрдәулет Ақыш пен Гүлжаһан Орда, филология ғылымдарының кандидаты Пәтима Әуесбаева еңбектің құндылығын жоғары бағалап, оған арнайы пікір жазған. Ғалымдардың пікірінше, бұл еңбек тек әдебиеттанушылар мен фольклортанушыларға ғана емес, мемлекеттік қызметшілерге, жас зерттеушілерге, ұстаздар мен студенттерге де пайдалы құрал болмақ. Шын мәнінде, Мамай Ахетовтің ғылыми болмысын оның зерттеу тақырыптарынан-ақ аңғаруға болады. Ол үшін шешендік өнер – архивте қалған жәдігер емес, бүгінгі қоғамдық өмірге қажет рухани құндылық. Ғалыммен әңгімелескен жан қазақ сөзінің қадірқасиеті, тіл мәдениеті, Әуезов тағылымы жөніндегі терең ойларға қанығары анық. Оның пайымынша, сөз мәдениеті – ұлт мәдениетінің айнасы, ал шешендік өнер – қоғамды өркениетке бастайтын маңызды құралдардың бірі. Сондықтан да «Қазақтың шешендік өнері» атты үш томдық еңбек өткеннің мұрасын түгендеумен ғана шектелмейді. Ол ұлттық сөз мәдениетінің бүгінгі орны мен болашағына қатысты маңызды ой қозғайтын, қазақ руханиятына қосылған сүбелі ғылыми туынды ретінде бағалануға лайық.
Г.ДҮЙСЕБАЙ







