Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзгеріс енгізген Махамбетәлі

Өзгеріс енгізген Махамбетәлі

Ел тағдыры таразыға түсетін тарихи сәттерде әр азаматтың таңдауы – жай ғана дауыс емес, болашаққа берілген аманат. Осындай елдік маңызы зор саяси науқанда жерлесіміз, қоғам белсендісі Махамбетәлі Әбдіхамитұлы өз азаматтық борышын абыроймен атқарып, референдум учаскесіне арнайы барып, дауыс берді.
Оның бұл қадамы қоғам алдындағы белсенділігі мен елдік мәселелерге деген сергек көзқарасының заңды жалғасы іспетті. Ол бұған дейін де ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік болмысты айшықтайтын маңызды бастамалар көтеріп келген азамат ретінде көпшілікке танымал. Соның жарқын дәлелі – оның Конституциялық кеңеске енгізген мазмұнды ұсынысы. Атап айтқанда, бұрынғы Конституция мәтінінде қолданылған «гимн» сөзін қазақы танымға жақын, ұлттық рух пен тілдік табиғатқа сай «Әнұран» атауымен алмастыру туралы бастама көтерген-ді.
Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің сыртқы белгісі ғана емес, халықтың ішкі рухын, тарихи жадын, азаттыққа деген арманын бейнелейтін қасиетті ұғымдар. Ту, Елтаңба, Әнұран – бұлар елдіктің көркем бейнесі, тәуелсіздіктің тұғыры. Осы тұрғыдан алғанда, «Әнұран» сөзі – қазақ халқының болмысына жақын, мағынасы терең, ұлттық таныммен сабақтас атау. Бұл ұғымда ән де бар, ұран да бар.
Махамбетәлі Әбдіхамитұлының пайымынша, әрбір атау мен әрбір ұғым халықтың тарихи зердесін, ұлттық келбетін және мемлекеттік мәртебесін айқындайтын маңызды тетік. Сондықтан мемлекеттік рәміздерге қатысты терминдердің де төл тіліміздің табиғатына сай, ұлттық дүниетанымға жақын болуы – уақыт талабы.
Тәуелсіздік тек шекарамен шектелмейді. Оның шынайы тереңдігі – санада, тілде, ұғымда, рәмізге деген құрметте. Ұлттың рухани тәуелсіздігі оның сөздік қорынан, ресми атауларынан, мемлекеттік мәні бар ұғымдарды қалай қабылдайтынынан да көрінеді. Сондықтан Махамбетәлі Әбдіхамитұлының бастамасы – ұлттық терминологияны жаңғыртуға бағытталған, елдік сананы тереңдететін, мемлекеттік рәміздердің мәнін ұрпақ жадында айшықтай түсетін салмақты ұсыныс.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
17 наурыз 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (9386)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (9385)

07 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031