АҚ ХАЛАТТАҒЫ МЕЙІРІМ
Алладан кейінгі адам жанына арашашы ақ халатты жандар туралы қоғамдағы әңгімелер ала-құла. Көңілімізден шыққан күні мақтаймыз, ренжіген күні даттаймыз. Дегенмен, қолы шипалы дәрігерді адамға жақындастыратын бір көзге көрінбес жылы байланыстар бар екені анық. Ең алдымен, дәрігердің жылы сөзі, кейде айналаңдағы жанашырың жасай алмас көмегі, денсаулығыңа өзіңнен бұрын бәйек болатыны, соның бәрі осы мамандық иелеріне деген сеніміңді де, құрметіңді де арттыра түседі.Жаз мезгілі – демалыс пен көтеріңкі көңіл-күйдің ғана емес, сонымен қатар түрлі тері ауруларының жиілейтін кезеңі. Күн сәулесінің әсері, жоғары температура, шаң-тозаң, аллергиялық реакциялар мен жұқпалы аурулар осы уақытта көбейіп, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді. Осындай кезде дерматолог дәрігерлердің еңбегі ерекше маңызға ие. Тері аурулары адамның денсаулығына ғана емес, оның күнделікті өміріне, психологиялық жай-күйіне де әсер етеді. Сондықтан науқасқа дер кезінде нақты диагноз қойып, тиімді ем жүргізу – дәрігерден жоғары кәсіби біліктілік пен жауапкершілікті талап етеді. Бүгінде өз ісіне адал дерматолог мамандар көптеген азаматтардың сауығып, қалыпты өмірге оралуына ықпал етіп келеді. Сондай ақ желеңді жандардың бірі – Гүлвира Абуова. Гүлвира Темірәліқызы 1976 жылы 24 қырқүйекте Жақаев ауылында дүниеге келген. 1993 жылы №149 «Қызылту» орта мектебін үздік тәмамдап, сол жылы Қарағанды Медициналық Университеті Академиясында білім алған, сол академия базасында дәрігерлік интернатурадан өтеді. 2000 жылы аудандық ауруханасында дәрігер акушер-гинеколог мамандығымен жұмысқа қабылданып, 2000-2008 жылдары «Болашақ» Шипагер амбулаториясында, аудандық перзентханада дәрігер акушер гинеколог қызметін атқарады. 2008 жылы Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институты базасында дәрігер дерматовенеролог мамандығын оқып, сол жылдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» мекемесіне қарасты медикосанитарлық мамандығымен жұмысқа ауысып, сол жерде ұзақ жыл дерматолог дәрігер болып жұмыс жасайды. Қазіргі таңда аудандық көпбейінді ауруханасына қарасты Көкшоқы ауылдық емханасында дерматовенеролог қызметін атқарып келеді. Гүлвира Абуова – тек ауруды емдеуші маман ғана емес, сонымен қатар науқастың жан дүниесін түсініп, оған қолдау көрсете білетін жанашыр тұлға. Дәрігердің жылы жүзі – емнің алғашқы қадамы. Науқас үшін дәрігердің кәсіби білімімен қатар, оның мейірімді қарым-қатынасы мен жылы шырайы да үлкен мәнге ие. Күлімдеп қарсы алған дәрігер сенім ұялатып, алаңдаушылықты азайтады. Міне, Гүлвира дәрігер нағыз осындай жан. Қашан барсаң да, науқасты күлімдеп қарсы алып, жылы жүзбен шығарып салады. Науқас үшін бір ауыз жылы сөз бен шынайы жанашырлық кейде дәріден де күшті әсер береді. Гүлвира Темірәліқызының науқасқа қуат беретін жылы сөздері мен қолданған ем-домына адам сүйсінеді. Жүзінен үнемі мейірім төгіліп тұратын дәрігердің алдағы еңбегіне сәттілік тілейміз. Дәрігер еңбегі – құрметке, ал дәрігерге деген сенім мен ризашылық – қоғам мәдениетінің айнасы. Осындай өз ісіне берілген мамандардың абыройы артып, еңбегі әрдайым елене берсін.
Айнұр НАЗАРОВА







