ЖАЗҒЫ БАЗАРДЫҢ ЖАНЫ КІРДІ
Жаздың шуағы күшейген сайын базардың да тынысы кеңейе түседі. Қыстың қымбатшылығы мен көктемнің құбылмалы күндерін артқа тастаған жұртшылық енді табиғаттың өз өнімін асыға күтуде. Себебі жаз – дастарқанның молаятын, бақша өнімдерінің берекесі артатын кезең.Базарға бас сұққан адам мұны бірден аңғарады. Сатушылардың алдындағы қияр мен қызанақ, бал татыған өрік пен жаңа піскен шие жаздың келгенін үнсіз-ақ хабарлап тұр. Бірақ базардағы қызу сауданың арасында тағы бір сұрақ қылаң береді: бүгінгі баға халықтың қалтасына қаншалықты қолайлы? Қазір жергілікті қиярды диқанның өз қолынан 150 теңгеден сатып алуға болады. Бұл – жер емген жанның маңдай терімен өсірген өнімі. Алайда сол қияр дүкен сөрелеріне жеткенде бағасы екі есеге жуық өсіп, 250-300 теңгеге дейін барып тұр. Мұның өзі өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдық жүйенің бағаға айтарлықтай әсер етіп отырғанын көрсетеді. Жергілікті бағбандардың айтуынша, биыл сары өріктің түсімі көңіл көншітеді. Қазір оның бір шелегі 1500-2000 теңге аралығында сатылып жатыр. Ал шие керісінше, аз салған деседі, бірақ келісі 800 теңгеден саудалануда. Кент тұрғындары үшін бұл жаздың дәмі болса, бағбан үшін бір жылдық еңбектің жемісі. Дегенмен базардағы әр бағаның артында ауа райының да ықпалы жатқанын ұмытпау керек. Биыл көктем салқын болып, кейбір дақылдардың пісуі кешеуілдеді. Соның бірі – қызанақ. Жергілікті қызанақ әлі толық пісе қоймағандықтан, оның бағасы 600 теңге шамасында сақталып тұр. Саудагерлердің айтуынша, алдағы апталарда өнім көлемі артқан сайын баға да төмендеуі мүмкін. Жазғы сауданың тағы бір ерекшелігі – өңіраралық өнім алмасу. Түркістан облысынан жеткізіліп жатқан әңгелек қазір тұрғындар арасында сұранысқа ие. Оның бір қалтасы 600 теңгеден сатылуда. Ал саудагерлер «ташкенттік» деп ұсынып отырған қарбыздың келісі 300 теңге шамасында. Шабдалы мен алхоры секілді жемістердің бағасы 1200-2000 теңге аралығында құбылып тұр. Бір қарағанда бұл жоғары баға болып көрінуі мүмкін. Бірақ соңғы жылдары тыңайтқыш, жанар-жағармай, суару және тасымалдау шығындарының өсуі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнына тікелей әсер етуде. Бүгінде халық арасында «бәрі қымбаттап кетті» деген пікір жиі айтылады. Алайда мәселенің екінші жағына да назар аударған жөн. Мәселен, өріктің әр түйірінде бағбанның көктемнен бері төккен тері бар. Қиярдың әр келісінде таңғы бесте тұрып бақша суарған диқанның еңбегі жатыр. Сондықтан баға туралы сөз қозғағанда тек сатып алушының емес, өндірушінің де мүддесін ескерген жөн. Сарапшылардың пікірінше, жергілікті өнімді тікелей өндірушіден сатып алу мәдениеті қалыптасқан сайын баға тұрақтылығына қол жеткізуге болады. Өйткені делдал азайған жерде өнім арзандайды, ал еңбек иесінің табысы артады. Алдағы күндері жергілікті қызанақ, қауын мен қарбыздың негізгі бөлігі пісіп жетілген кезде сауда қыза түсетіні анық. Сонда баға да жаңа арнаға түседі. Жаз берекесі тасыған керемет мезгіл. Себебі базардың әр бұрышында ауыл еңбегінің иісі аңқып тұрады.
Гүлхан ЯХИЯ






