Қазақ сарбаздары Тәжік-Ауған шекарасында
1992 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы Кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылды.Қазақстанның мемлекетаралық келісім-шарттарына сәйкес, ҚазБат құрамы ІІМ Қарулы күштерінің бөлімшелері, ішкі әскерлері және ҰҚК шекаралық қызметі Тәжік-Ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын бөлігінің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты – жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін Тәжік-Ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру, сонымен қатар гуманитарлық көмек тауарларының және босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау еді. Тәжік-Ауған шекарасына аттанған сарбаздар Қазақстан егемендік алғаннан кейін сыртқа шыққан алғашқы әскер. 1992-2001 жылдары аралығында 9 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында Қазақстаннан 17 батальон аттанып, содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда 49 қазақстандық сарбаз қаза тапты, көпшілігі жарақат алды. Осы жылдар ішінде 8,5 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер тәжік жерінде борышын өтеді.
Шекараны бұзушы қарулы топтармен қақтығыс барысында, заставаға бандиттік шабуыл, қазақстандық контингент құрамымен терактілер және диверсиялар нәтижесінде көптеген адам шығындары болды. Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Пшихавр шатқалында орын алды. Сол жерде болған шайқаста 17 қазақ жігіті қаза тауып, 33-і жарақат алды. Осы ұрыста шейіт болған 17 сарбаздың ішінде жерлесіміз Ержан Әбдиев те бар еді. Соғыс ресми түрде 1998 жылы аяқталғанымен, қазақ жауынгерлері 2001 жылға дейін шекара күзетінде тұрды.
Содан бері де 25 жылдың жүзі болыпты. Сол 9 жылдың көлемінде көрші елдің қауіпсіздігін қорғаған, Шиелі ауданынан барған 60-қа жуық азамат өздерінің әскери міндеттерін абыроймен атқарып келді.
Бүгінде бұл азаматтардың алды 50-ден асып, 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасының № 322-VІ Заңына сәйкес, «Ардагерлер» мәртебесін алды.
2001 жылы аудандағы қаруластар бас құрап, «Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігін құрды. Содан бері аталған санаттағы азаматтар ауданның қоғамдық, мәдени дамуына белсене араласып, өскелең ұрпақты Отанын сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу бағытында өз үлестерін қосып келеді.
Бекболат Әбутегі,
Қазбат ардагері








