Ана тіліндегі контент мемлекетшілдікті қалыптастырады
Цифрлық дәуір адамзаттың ақпаратты қабылдау тәсілін түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазіргі адам қолы босай қалса, кітапқа емес, төртбұрышты телефонға көп телміретін күйге жетті. Бұл жағдай балалардың да өміріне өз әсерін тигізіп келеді. Осындай ақпарат тасқыны заманында контенттің қай тілде ұсынылатыны маңызды мәселеге айналды. Әсіресе ұлттық тілде сапалы контенттің болуы біз үшін мәдени қажеттілік емес, стратегиялық маңызы бар құбылыс болмақ.Ғалымдардың зерделеуінше, адам ақпаратты өз ана тілінде қабылдағанда ғана оны тереңірек түсінеді, байыбына барады, түйсіне алады. Себебі тіл – біз айтып жүргендей жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол адамның дүниетанымын қалыптастыратын рухани орта. Ғылыми мақала болсын, деректі фильм немесе әлеуметтік желідегі қысқа видео болсын, егер ол туған тілде ұсынылса, көрермен оны жақын қабылдайды.
Narxoz университеті CISTO зерттеу орталығының директоры, PhD Мадияр Саудбаевтың айтуынша, ол бұл мәселеге кейінгі кезде зерттеп жүрген алгоритмдер мәселесі тұрғысынан жауап бергісі келеді. Өйткені бүгінгі ақпараттық кеңістікте адамның не көретініне көбіне өзі емес, алгоритмдер шешім қабылдай бастады.
«Әсіресе TikTok, Instagram Reels, YouTube Shorts сияқты платформаларда адам ақпаратты іздемейді, керісінше алгоритм адамның назарын не ұстап тұратынын есептеп, контентті өзі ұсынады. Бүгінгі балалар цифрлық ортада туып, жасанды интеллект дәуірінде өсіп жатыр. Олар ақпаратты біз сияқты іздеп таппайды, ақпарат оларды өзі тауып келеді. Олардың дүниетанымын енді мектеп пен отбасы ғана емес, алгоритмдер де қалыптастырып жатыр. Қазіргі медиакеңістікте басты ресурс мұнай да, ақша да емес, адамның назары. Сондықтан әлеуметтік желілер адамның назарын мүмкіндігінше ұзақ ұстап тұруға құрылған. Бүгінде «назар экономикасы» деген ұғымның жиі айтылуы да содан. Жақында шетелдік ғылыми басылымға мақала дайындау барысында еліміздің орталық және аймақтық университеттеріндегі студенттер арасында шағын сауалнама жүргіздік. Қазақ тобының студенттерінен Instagram мен TikTok-та көрсетілген алғашқы он қысқа видеоны қарап, соның нешеуі орыс тілінде екенін сұрадық. Ал орыс тобының студенттерінен неше видео қазақ тілінде шыққанын анықтадық. Нәтиже алаңдатарлық. Қазақ тобы студенттерінде кейде алғашқы он видеоның төрттен бірі, кейде үштен бірі орыс тілінде ұсынылады. Ал орыс тобы студенттеріне қазақ тіліндегі контент мүлдем дерлік көрсетілмейді. Бұл жай ғана цифрлық статистика емес, алгоритмдердің қай тілді «негізгі», қай тілді «екінші деңгейлі» деп қабылдай бастағанының белгісі», дейді ол.
Ғалымның пікірінше, мұның артында «ақпараттық көпіршік» немесе «filter bubble» деген құбылыс жатқаны аян. Алгоритм адамның бұрынғы таңдауын талдап, соған ұқсас контентті үнемі ұсына береді. Нәтижесінде, адам өзі білетін, өзі қалайтын ақпараттың ішінде қалып қояды – басқа тіл, басқа көзқарас, басқа мәдениет оның экранына мүлдем түспейді. Көптеген зерттеу адамның ана тілінде оқыған немесе тыңдаған ақпаратты есте жақсы сақтайтынын көрсетеді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге бұл өте маңызды. Ана тілінде контент көріп өскен бала өз мәдениетінен алыстамайды, ұлттық болмысын жоғалтпайды. Қазір тілдің тағдырын тек әдебиет немесе мектептер емес, интернет кеңістігі де шеше алады. Егер белгілі бір тілде YouTube арналары, фильмдер, подкастар, ойындар, мобильді қосымшалар мен сапалы мақалалар аз болса, жастар басқа тілдегі контентке тәуелді бола бастайды.
«Мәселе тілі өзге тілде болған «тәрбиеші» – телефонда. Біз әлі білім жүйесін кінәлап жүргенде, алгоритмдер баланың тілдік ортасын әлдеқашан өзгертіп қойған. Қысқа видеолардың әсері тек тілмен шектелмейді. Оның екінші, тіпті тереңірек әсері – құндылықтар жүйесіне байланысты. Бала немесе жасөспірім қай тілдегі контентті көп тұтынса, уақыт өте сол тіл оның ойлау тіліне айналады. Бұдан бөлек, қысқа видеолар адамның терең ойлану қабілетіне де әсер етеді. Адам миы бірінен кейін бірі ауысатын ондаған видеоны қабылдаса да, олардың ешқайсысын толық саралап, өмірлік тәжірибеге айналдырып үлгермейді. Нәтижесінде, тұрақты білімнен гөрі өткінші эмоция көбейеді. Құндылық дегеніміз бір сәттік әсер емес. Ол – уақыт өте жиналған тәжірибе, ой, бақылау мен әрекеттің қорытындысынан қалыптасатын ішкі жүйе. Ал қысқа видеолар адамды елітіп әкетеді де, ойды тереңдетуге мүмкіндік бермейді», дейді Мадияр Саудбаев.
Осы мәселе туралы Париждегі «KazFashionParis» француз қауымдастығының негізін қалаушы-төрайымы, сондағы Қазақстан елшілігінің аясындағы «Абай» Қазақ мәдени орталығының ерікті жетекшісі Баян Жанбауоваға хабарластық. Шетелде тұратын қазақ ретінде, оның үстіне бала тәрбиелеп отырған ана ретіндегі оның пікірін білдік.
«Мен шетелге саналы жасымда көштім. Содан болар ана тілді ұмытпай таза ұстану аса қиын болған жоқ. Әрі өз балаларым үшін де, басқа қазақтардың балаларына тіл сабақтарын өткіздім. Өзара тек қазақша сөйлесеміз. Күнделікті қазақ тілінде ақпарат алу, ел жаңалықтарына құлақ түру – біз үшін, жүрегінің, жанының жарты бөлігінде елде қалдырған сырттағы қазаққа тілді сақтап қалу мақсатында өте маңызды. Шетелде өмір сүріп жатқан қазаққа ана тіліндегі контент – жай ғана ақпарат алу емес. Бұл адамның түп-тамырымен байланысы, рухани қажеттілігі, ұлттық болмысын сақтап қалу амалы. Әсіресе балалы анаға бұл мәселенің маңызы өте терең. Бала дүниеге келген сәттен бастап ана баланың бойына тіл, мәдениет, мінез, дүниетаным қасиетін сіңіреді. Егер бала күнделікті тек өзге тілдегі ортада өссе, уақыт өте келе ана тілінен алыстай бастайды. Ал тілмен бірге ұлттық сезім, салт-дәстүр деген жақындық та әлсірейді. Сондықтан шетелдегі қазақ анасына ана тіліндегі контент – баласына қазақы рухты жеткізудің ең табиғи жолдарының бірі. Қазақ тіліндегі мультфильмдер, ертегілер, әндер, кітаптар, блогтар немесе пайдалы бағдарламалар балаға тілді үйрету ғана емес, балаларымның санасында өскен сайын үлкен тағы бір мәдениеттің бөлігі екенін қалыптастыруға тырысамын. Болашақта өзіне сенімді, тамырын білетін тұлға болып өсуіне көмектеседі», дейді ол.«Бұл мәселе жеке тәжірибеммен де байланысты. Ұлым кішкентайынан қазақша сөйлеп өсті. Маған бұл өте маңызды болды. Алайда біз Нью-Йоркке көшкенде балам үш жаста еді. Сол ортадан бастап ол көбіне орысша сөйлесе бастады, мультфильмдерді де орыс, ағылшын тілінде қарайтын болды. Қазір қазақ мектебінде оқығанымен, үзіліс кезінде балалардың көбі автоматты түрде орыс тіліне көшеді. Осы жағдай маған бір нәрсені анық түсіндірді: баланың күнделікті көретін контенті оның тілдік ортасына өте қатты әсер етеді. Егер мультфильмдер, ойындар мен балаларға арналған контент басқа тілде болса, бала сол тілге табиғи түрде жақындай береді. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы контенттің маңызы өте зор. Себебі тіл тек мектеп арқылы емес, эмоция, қызығушылық және күнделікті қолдану арқылы сақталады. Өкінішке қарай, бүгінде қазақ тіліндегі сапалы балалар контенті аз. Көп жағдайда балаларға ұсынылатын контенттің деңгейі әлемдік анимация индустриясымен бәсекелесе алмайды. Мысалы, «Балапан» арнасының маңызы зор болғанымен, кей контенттердің сапасы әлі де дамытуды қажет етеді. Ал қазіргі балалар «Disney», «Pixar», «Netflix» секілді әлемдік көшбасшылардың өнімдерін көріп өсіп келеді. Сондықтан қазақ тіліндегі контент тек аударма емес, сапа жағына қарай ұмтылуы керек.Осы себепті біз «AR Sana» қосымшасын ең алдымен қазақ тілінде жасап жатырмыз. Бұл техникалық тұрғыдан әлдеқайда қиын, себебі қазақ тілінде дайын модельдер аз, көп нәрсені қолмен жасауға тура келеді. Соған қарамастан, бұл таңдауды саналы түрде жасадық. Себебі бұл жай технологиялық шешім емес, тілдің болашағына қатысты ұстаным. Қазір балалардың кейбірі қазақ тіліне тән дыбыс-тарды дұрыс айта алмайтынын жиі байқаймын. Бұл – тілдік ортаның әлсіреп бара жатқанын көрсететін маңызды белгі. Егер бала ана тілін күнделікті сапалы контенттен естімесе, оның дыбыстауы мен сөйлеу мәдениеті де толық қалыптаспайды. Кейінгі жылдары қазақ тіліне материалдар аударып, контентті бейімдеп жүрген көптеген волонтерлік ұйымның пайда болуы үлкен үміт сыйлайды. Олар әлемдік білім беру және балалар контентін қазақ тіліне қолжетімді етіп, тілдің сақталуына үлкен үлес қосып жатыр. Менің ойымша, дәл осындай бастамалар болашақта қазақ тілінің жаңа цифрлық кеңістікте өмір сүруіне көмектеседі. Сондықтан ана тіліндегі балалар контентін дамыту – жай ғана медиа жасау емес. Бұл – тілдің, мәдениеттің және келесі ұрпақтың болашағын сақтау», дейді ол зерттеуіне сүйеніп.
«AR Sana» жобасының бас жетекшісі Айнұр Нұрәділдің көзқарасынша, балаға ана тілі оның әлемді тануы, эмоцияны сезінуі, өзін қауіпсіз әрі жақын ортада сезінуі. Сондықтан баланың контентті өз ана тілінде көруі өте маңызды. Қазіргі уақытта әлемдегі ірі тілдер өз ықпалын дәл осы цифрлық контент арқылы күшейтіп отыр. Netflix, TikTok, Spotify секілді платформалар тек көңіл көтеру құралы емес, мәдени ықпал тарататын алаңға айналды. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту – тілді сақтаудың ең заманауи жолдарының бірі. Ана тіліміздегі контенттің тағы бір маңызды қыры – ақпараттық тәуелсіздік. Егер қоғам өз жаңалығын, сараптамасын, ғылыми және мәдени өнімдерін ана тілінде тұтынбаса, онда ол өзге ақпараттық кеңістіктің ықпалына түседі. Мысалы, халықаралық оқиғалар туралы ақпаратты тек шетелдік медиадан оқыған адам сол елдің көзқарасын қабылдайды. Ал сол жаңалық ана тілінде, жергілікті контекстпен түсіндірілсе, оқырман оқиғаны өз қоғамының мүддесі тұрғысынан бағалай алады. Бір сөзбен айтқанда, контентті ана тілінде көру – мәдени қауіпсіздік, ұлттық сана, ақпараттық тәуелсіздік және болашақ ұрпақтың рухани иммунитеті мәселесі.








