Ұлттық құндылықтар ұмытылып бара ма?
Ұлттық құндылық – тек домбра немесе ұлттық киім ғана емес. Бұл – тіл, тәрбие, үлкенге құрмет, ішіге ізет, салт-дәстүр, тіпті күнделікті мінез-құлық. Мысалы айтар болсам, үлкенге сәлем беру, дастархан басында бата жасау, туыстық қарым-қатынасты сақтау – бұлардың барлығы қазақтың болмысын айқындайтын маңызды дәстүрлер.Соңғы жылдары «жастар қазақы дәстүрден алыстап бара жатыр» деген сөзді жиі естиміз. Расында да, бүгінгі буынның өмірі бұрынғыдан мүлде бөлек. Оған әлеуметтік желі, шетелдік мәдениет, жаңа өмір салты әсер етіп жатқаны белгілі. Бірақ осы өзгерістердің арасында ұлттық құндылқтардың орны қандай? Бұл сұрақ көпшілікті ойландырады.
Қазір ғаламтордағы контенттің басым бөлігі басқа тілде, ал трендтердің көбі шетелден келеді. Бірақ бұл ұлттық құндылықтар толық жойылып бара жатыр дегенді білдірмейді. Керісінше, соңғы кезде ұлттық дүниеге жастар қызығушылық танытып жатыр. Яғни, жастар арасында домбыра үйрену, ұлттық киім кию, қазақша контент жасау трендке айналып келеді. Әлеуметтік желіде қазақ тілінде сапалы блог жүргізіп жүргендер көбейді. Бұл – жақсы белгі.
Әр адам өз болмысын өзі қалыптастырады. Егер біз ұлттық құндылықтарды тек «ескі нәрсе» деп қарасақ, онда олар шынымен жоғалады. Ал егер оны заманауи өмірмен ұштастыра білсек, онда ол қайта жандана түседі.
Бұл жерде отбасылық құндылықтың рөлі ерекше. Балаға ұлттық тәрбие ең алдымен үйде береді. Егер ата-ана баласымен қазақша сөйлесіп, дәстүрді үйретсе, ол бала оны өмір бойы ұмытпайды. Сонымен қатар мектеп пен қоғам да бұл бағытта белсенді болуы тиіс деп санаймын.
Дастан Үсен







