Суға түсу сәнге айналды, ал қауіпсіздік ше?
Жаздың аптап ыстығында адам баласы салқын суды іздейді. Күннің қызуы күшейген сайын бассейндерге ағылған халықтың қарасы көбейеді. Бірі отбасымен демалуға келеді, бірі балаларын қуанышқа бөлегісі келеді, енді бірі күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәтке сергіп қайтуды қалайды. Бүгінде бассейн – жай ғана жүзетін орын емес, көпшілік баратын демалыс мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Алайда көңілді демалыстың көлеңкесінде маңызды бір сұрақ тұр. Суға түсу сәнге айналды, ал қауіпсіздік ше?Адамдар бассейн таңдағанда көбіне кіру бағасына, тазалығына, жағдайына қарайды. Бірақ сол судың сапасы қалай бақыланады? Хлор мөлшері талапқа сай ма? Бассейнде құтқарушы бар ма? Балалардың қауіпсіздігі кімнің бақылауында? деген сауалдарға көп жағдайда жауап іздей бермейміз.
Ауданда да соңғы жылдары бассейндер тұрғындардың жиі баратын орындарының біріне айналды. «Ocean», «Бастау», «Aqua» бассейндері жаз мезгілінде келушілерге қызмет көрсетіп келеді. Әсіресе ыстық күндері бұл орындарға келетін халық саны артады. Кей күндері шамамен 500 адамға дейін жетеді. Балаларға кіру ақысы шамамен 1500 теңге болса, ересектер үшін 2500 теңге көлемінде. Бағасы қолжетімді, қызығушылық жоғары. Бірақ кез келген қызметтің сапасы тек бағамен өлшенбейді. Ең басты өлшем – адамның қауіпсіздігі.
Бассейндерді шолу барысында назар аударған мәселенің бірі – қауіпсіздік жауапкершілігіне қатысты ескертулер. Кейбір демалыс орындарында «Бассейндегі қауіпсіздікке әкімшілік жауап бермейді» деген жазулар кездеседі. Мұндай сөйлем қарапайым көрінгенімен, оның артында үлкен мәселе жатыр.
Егер әкімшілік жауап бермесе, төтенше жағдайда кім жауап береді? Суда қауіп төнген адамға кім көмек көрсетеді? Жүзуді білмейтін бала бассейнге батып кетсе, оның жанында кім болады? Құтқарушы тұрақты кезекшілікте ме? Бассейнге келген адам тек суға түсу үшін ғана ақша төлемейді. Ол қауіпсіз ортаға сенім артып келеді. Қауіпсіздік – ескерту қағазы емес, нақты әрекет.
Қазақстандағы санитариялық талаптарға сәйкес бассейндерде судың сапасы тұрақты бақылауда болуы керек. Су арнайы сүзгі жүйесі арқылы тазартылып, залалсыздандырылып отырады. Оның құрамындағы химиялық көрсеткіштер, соның ішінде хлор мөлшері белгіленген талаптарға сай болуы қажет.
Хлор бассейн тазалығы үшін маңызды рөл атқарады. Ол судағы зиянды микроорганизмдерді жоюға көмектеседі. Бірақ мөлшері шамадан тыс көбейсе, адам ағзасына кері әсер етуі мүмкін. Терінің құрғауы, көздің ашуы, тыныс алу жолдарының тітіркенуі сияқты белгілер пайда болуы ықтимал. Ал хлор жеткіліксіз болса, суда бактериялардың көбею қаупі артады.
Сондықтан бассейннің суы мөлдір екен деп, оның толық қауіпсіздігіне сенуге болмайды. Судың сапасын сыртқы көрініс емес, зертханалық тексеру анықтайды. Тұрғындардың да бұл мәселеге қатысты пікірі әртүрлі. Бірі бассейндердің жағдайына көңілі толатынын айтса, енді бірі қауіпсіздік шараларын күшейту қажет деп есептейді.
Аудан тұрғыны Айдана Сәрсенова:
– Балаларымды бассейнге алып барып тұрамын. Балалар үшін бұл – қызықты демалыс. Бірақ ата-ана ретінде бірінші кезекте қауіпсіздікке қараймын. Құтқарушының болуы, судың тазалығы және тәртіптің сақталуы өте маңызды, – дейді.
Бассейн қауіпсіздігі тек судың тазалығымен шектелмейді. Оның көлемі, тереңдігі, келушілер саны және бақылау жүйесі де үлкен рөл атқарады. Мысалы, ұзындығы 25 метр, ені 10 метр, орташа тереңдігі 1,5 метр болатын бассейнге шамамен 375 текше метр су сыяды. Бұл – 375 мың литр су. Осындай көлемдегі суды таза ұстау үшін үздіксіз сүзгілеу және санитарлық бақылау қажет.
Тағы бір маңызды мәселе – балалардың қауіпсіздігі. Бассейнге келетіндердің арасында жүзуді білмейтін балалар да бар. Бір сәттік бақылаусыздық үлкен қауіпке әкелуі мүмкін. Сондықтан құтқарушының болуы, арнайы құралдардың дайын тұруы және қызметкерлердің алғашқы көмек көрсете алуы маңызды.
Бұл мәселе бекер көтеріліп отырған жоқ. Жыл сайын елімізде судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан қайғылы жағдайлар тіркеліп келеді. Қызылордада бірнеше жыл бұрын спорт кешенінің бассейнінде жеті жасар баланың суға батып қаза табуы қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Бұл оқиға бассейндердегі бақылау мен жауапкершілік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Су – адамға қуаныш пен сергектік сыйлайтын табиғи байлық. Бірақ қауіпсіздік ескерілмесе, ол үлкен қауіпке айналуы мүмкін. Бассейнге келген адам тек қызметке ақша төлемейді. Ол қауіпсіз ортаға деген сенімін де бірге күтеді. Сол себептен қауіпсіздік те басты назарда болуы керек. Өйткені бір сәттік салғырттықтың салдары орны толмас өкінішке айналуы мүмкін. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







