Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗЫНА АНА: ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДАРА ЖОЛ

ҚАЗЫНА АНА: ДАЛА ТӨСІНДЕГІ ДАРА ЖОЛ

Жақында Шиелі ауданының Бидайкөл ауылдық мәдениет үйінде ауыл шаруашылығы саласының ардагері, ел анасы, көпшіліктің құрметіне бөленген Қазына Рысалдықызының 80 жас мерейтойына арналған «Сексеннің шықты биыл сеңгіріне» атты салтанатты кеш өтті.


Бұл тағылымды шара – бір әулеттің ғана емес, туған жердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамына көрсетілген халықтың зор құрметінің көрінісі. Кешке ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері, ауданнан келген қадірлі қонақтар мен мерейтой иесінің туған-туыстары қатысып, ардақты ананың мерейін асырды. Мерекелік шара ауылдың «Ақ тілекті әжелер» ансамблінің орындауындағы туған жерге арналған әсем әнмен басталды. Одан кейін Қазына Сәмекееваның өмір жолы мен еңбек белестерін баяндайтын арнайы бейнеролик көрсетілді. Экраннан көрсетілген әрбір кадр жиналған көпшілікті өткен жылдарға жетелеп, қарапайым еңбеккердің мағыналы ғұмырына тағы бір мәрте көз жүгіртуге мүмкіндік берді. Ол 1946 жылдың 9 мамырында қазіргі Байсын ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келсе де, жастайынан еңбекке араласып, өмірдің жауапкершілігін ерте сезінді. Сол кезеңде бойына дарыған еңбекқорлық қасиет кейінгі бүкіл ғұмырының басты ұстанымына айналды. Еңбек жолын 1963 жылы «Ақтам» елді мекенінде ­сау­ыншы болып бастаған Қазына ана 4 жыл бойы осы салада абыройлы еңбек етті. Кейін ауыл шаруашылығының маңызды саласы – күріш шаруашылығына ауысып, 1970 жылдан бастап 2002 жылға дейін егіс алқабында тынымсыз еңбек етті. Сол кезеңдегі ауыл шаруашылығындағы еңбек бүгінгідей техникаға арқа сүйеген уақыт емес еді. Жұмыстың басым бөлігі қол күшімен атқарылатын. Таң сәріден егістік басына барып, күн батқанша маңдай терін төкті. Жер жырту, тұқым себу, суару, арамшөптен тазарту секілді ауыр жұмыстардың барлығын жауапкершілікпен атқарып, қандай қиындық кездессе де мойымай, адал еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырды. Күріш өсіру – ерекше төзімділік пен ұқыптылықты талап ететін кәсіп. Қазына ана бұл істің қыр-сырын жетік меңгеріп, шаруашылықтағы озат күрішшілердің біріне айналды. Әр дәннің қадірін білетін еңбеккер жыл сайын мол өнім алуға өз үлесін қосып отырды. Күріш алқабында жүріп жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, әріптестері арасында үлкен беделге ие болды. Жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырды. Ардақты анамыз тек еңбек майданында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенділігімен ерекшеленді. 1971-1975 жылдары аудандық мәслихат депутаты, 1976-1978 жылдары ауылдық кеңес депутаты болып сайланып, ел сенімін абыроймен ақтады. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауылдың өсіпөркендеуіне өз үлесін қосты. Ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте аудандық және облыстық марапаттарға ие болды. Бүгінде «Алтын алқа» иегері атанған Қазына анамыз 2023 жылы «Ардагер ана» марапатымен, ал 2026 жылы Түркістан облысының «Ел ардақтысы» алтын медалімен марапатталды. Мерейтой кешінде ауданға белгілі, ел ішінде беделі жоғары ардақты аналар арнайы келіп, ақжарма тілектерін жеткізді. Солардың қатарында ­Айжамал Әбдіхамитқызы,Нәйла Әбілқасымқызы, Құттықыз ­Ыханова, Жібек Баймұратова және Роза ­Мизамбаева болып, олар Қазына анамыздың еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталып өтті. Олар мерейтой иесінің ауыл өміріндегі орны мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін ерекше атап өтіп, ақжарма тілектерін жеткізді. Ақ жаулықты аналардың жүрекжарды лебіздері кештің әсерін арттыра түсті. Өнегелі ғұмыр иесінің өміріндегі ең үлкен жетістіктерінің бірі – берекелі отбасы. Жұбайы Тасболат Жарылқасынұлымен бірге 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсіріп, оларды елге сыйлы азамат етіп қалыптастырды. Балаларына адалдықты, еңбекқорлықты, үлкенді сыйлау мен кішіге қамқор болуды үйретті. Бүгінде немерешөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты ана, ардақты әже. Сондай-ақ қоғамдық өмірден де қол үзбей, ауылдағы «Ақ тілекті әжелер» ансамблінің белсенді мүшесі ретінде ұлттық өнер мен салтдәстүрді насихаттауға атсалысып келеді. Оның өмірлік тәжірибесі мен өнегелі сөзі жастар үшін әрдайым құнды. Кеш барысында сөз алған азаматтар мен қонақтар Қазына Рысалдықызының қарапайымдылығын, еңбекке адалдығын, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтті. Расында да, оның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің еңбек шежіресі. Сексеннің сеңгіріне шыққан өнегелі ғұмыр иесінің тағылымды өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі. Ол – маңдай термен абыройға жеткен, елінің құрметіне бөленген, ұрпағына өнеге қалдырған ардақты жан. Қазақ халқында «Еңбек ер атандырады» деген дана сөз бар. Қазына Рысалдықызының бүкіл ғұмыры осы сөздің шынайы көрінісі іспетті. Адал еңбегі, парасат-пайымы, отбасы тәрбиесіндегі өнегесі мен ел алдындағы беделі әрдайым құрметпен атала бермек. Ардақты мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен ұрпақтарының қызығын көре беруін тілейміз. Еңбекпен өрілген дара жолы кейінгі буынға әрдайым бағыт-бағдар беретін шамшырақ болып қала берсін!

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
02 маусым 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

№39 (9406)

26 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930