Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «СЫР ҰЛАНЫ» – ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ ЖАРҚЫН МЕКЕНІ

«СЫР ҰЛАНЫ» – ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ ЖАРҚЫН МЕКЕНІ

Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін Халықаралық балаларды қорғау күні – әлемнің көптеген елінде аталып өтетін маңызды мерекенің бірі. 1950 жылдан бері тойланып келе жатқан бұл күн балалардың құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қоғам назарын аударуға бағытталған. Уақыт өткен сайын мерекенің маңызы артып, оның мәні мен мазмұны тереңдей түсуде.
«Балалы үй – базар» демекші, кез келген отбасының қызығы мен шыжығы – бала. Бала – өмірдің жалғасы, өзеніңнің арнасы. Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен дамыған қоғамның да мақсаты – білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы зор. Шуақты мереке күні Шиелі ауданында «Сыр ұланы» жазғы тынығу лагерінің салтанатты ашылуы өтті. «Балғын балалар біздің – болашағымыз» атты жазғы маусымның ашылу ісшарасына аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Дәуренбек Нәсібеков және ауданның зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. Лагерьдің ашылуында сөз алған аудан әкімі оқушыларға сәттілік тіледі. – Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Балалық шақ – өмірдің ең шуақты әрі бақытты кезеңі. Әрбір баланың алаңсыз күлкісі мен жарқын болашағы – еліміздің ең басты байлығы. Сондықтан өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие көруі, өз қабілетін толық дамытуы – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Білім тәрбиемен ұштасқанда ғана берекелі, сапалы болады. Білім мен тәрбие – кез келген қоғамның қос тұғыры. Бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарауға болмайды.» – деген болатын. Мемлекетімізде балалардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Бүгінде білім беру, спорт, мәдениет және шығармашылық бағытында жас ұрпаққа барлық мүмкіндік жасалуда. Бұл – Сіздердің армандарыңыздың орындалып, болашақта елдің дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасуларыңыз үшін жасалып жатқан игі жұмыстар. Б а л а л а р д ы ң а л а ң с ы з д е м а л ы п , денсаулығын нығайтып, жаңа достар тауып, жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. «Сыр ұланы» лагерінде өткізетін әрбір күндеріңіз мазмұнды да әсерлі болып, жарқын жетістіктерге жетелей берсін, – деді аудан әкімі. Ашылу салтанатында қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов және аудандық әйелдер кеңесінің төрайым Нәйла ­Палымбет те балаларға жылы лебізін білдіріп, жазғы демалысты сәтті өткізуге тілектестігін білдірді. Одан әрі жиылған жұртшылық, лагерь тынығушылары аудандық оқушылар үйі өнерпаздарының өнерлерін, бүлдіршіндердің қойылымдарын тамашалап, түрлі ойындар ойнады. Сонан соң аудан басшысы Айтбай Насриддинұлы және мерекелік іс-шараға арнайы қатысқан қонақтар балаларға балмұздақтар таратып, тәтті шырындар үлестірді. Ауданда осы жылдың жаз мезгілінде о қ у ш ы л а р д ы ң б о с у а қ ы т ы н т и і м д і ұйымдастыруға бағытталған кешенді ісшаралар жоспары жүзеге асырылуда. Осы жұмыстар аясында «Сыр ұланы» жазғы тынығу лагері биыл 7 ауысым бойынша жұмыс жүргізіп, жалпы 700 оқушыны қабылдайды. Әр ауысымда 100 баланың демалуына мүмкіндік қарастырылған. Лагерьде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілген. Демалушылардың сапалы тамақтануы, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, медициналық қызмет көрсету және тәрбиелік жұмыстар тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар лагерь аумағында балалардың белсенді демалысын ұйымдастыру мақсатында спорттық ойын алаңдары, жаттығу аймақтары мен демалыс орындары жабдықталған. Шығармашылық үйірмелер, мәдени-көпшілік шаралар, танымдық кездесулер мен спорттық жарыстар арқылы оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Өткен жылы лагерь аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қоршаулары заманауи әрі қауіпсіз үлгіде жаңартылды. Сонымен қатар аумақ толық жарықтандырылып, қосымша жарық шамдары орнатылды. Жалпы, Қазақстандағы Балаларды қорғау күні – балалық шақ әрбір баланың өміріндегі ең маңызды және ұмытылмас кезең екенін, оны қорғауға, бақытты етуге бар күшімізді салу керектігін еске салатын жарқын да көңілді мереке. Өмірдің базары мен ажары да біздің бүлдіршіндеріміз. Сондықтан Тәуелсіз еліміздің желкілдеп өсіп келе жатқан жас өрендері мен балауса бүлдіршіндеріміз аман болсын. Біз де балалардың жазғы демалыстарының қауіпсіз әрі тиімді өтуіне тілектестік білдіреміз!

Мейіржан ИБРАГИМОВ



02 маусым 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

№39 (9406)

26 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930