Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰРПАҚ АМАНДЫғЫ МАҢЫЗДЫ

ҰРПАҚ АМАНДЫғЫ МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы өткен жылға «Балалар жылы» деп айдар тақты. Осы жылдың аясында балаларды қорғау, олардың білімін арттыру және сауықтыру мақсатында түрлі жобалар да қолға алынды. Ендеше, балалардың тынығу лагерьлерінің жай-күйін білу мақсатында қаламға салмақ салдық.
Жадыраған көк майсалы жаздың салтанат құрғаны кеше ғана еді. Енді міне, аяқталуға таяу. Жазғы дема­лысқа шыққан мектеп оқушы­лары үш ай демалысты мағы­налы әрі мәнді етіп өткізуге тырысады. Бірінің аңсары ауылға ауса, енді бірі қалаға қарай асығады. Ал кейбірі жазғы лагерьге барғанды құп көреді.
Жазғы лагерь – тек демалыс орны ғана емес, тәрбие мен насихат құралы. Балаларды жан-жақты дамытып, зейіндерін ашып, еңбекке баулитын орта. Ауданға қарасты «Сыр ұланы» лагеріне жергілікті бюджеттен биыл 15 341,0 мың теңге қаралған. Жазғы лагерь барысында балаларға медициналық қызмет көрсетуге, олардың сауықтырылуына барынша көңіл бөлінген. Жасөспірімдердің денсаулығын қадағалау мақсатында демалыс базаларының әрқайсына арнайы тексеріс те жүргізілген. Оны білу үшін аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқар­ма­сы­ның бас маманы Ш.Нұржанова­ға байланысқа шықтық.
– «Сыр ұланы» тынығу лагері және аудандағы мектепішілік лагер­леріндегі балаларды демалдыру іс-шарасы маусымның 1-нен бас­талды. Аудандағы мектепішілік тамақсыз лагерлерьде 12 190 бала қамтылу жос­парланып, 15 күндік лагерьде балалар демалды. «Сыр ұланы» лагерінде 553 бала демалдыру жоспарланып, 6 кезеңде 511 бала демалысын қызықты өткізді. 7 кезеңде 70 бала демалса, оның 26-сы демеушілердің көмегімен уақыттарын тиімді пайдаланды. «Сыр ұланы» тынығу лагерінің ғимаратына санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы алынған, – дейді бас маман.
Лагердің салтанатты ашылуы халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген. Оған аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің мамандары қатысты. «Сыр ұланы» 2000 жылдан бері бейімделген бала бақша ғимаратының бір бөлігінде орналасып жұмыс істеуде. 100 орынға арналып 4 топ жабдықталған. Бізге жеткен мәлімет бойынша, мамырдың 30 күні аудандық СЭББ, білім бөлімі және «Сыр ұланы» тынығу лагерімен 3 жақты келісім меморандумға отырған.
– Лагерьдің медициналық талап­тарға сәйкес, жұмыс істеуіне арнайы «Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК мекемесінің мамандары бекітіліп, іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстар атқарылды. Аккредиттелген «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы филиалымен келісім шарт арқылы тағам өнімдерінің қауіпсіздігін аспаптық және зертханалық зерттеулерді қоса алғанда, өндірістік бақылауға, «Дезинфекция, дезинсекция және дератизация» жұмыстары бойынша келісім шарттар жасалынып, әр
ауы­сым сайын жұмыстар жүргізілді. Аудандық көпбейінді орталық ауруханасымен «Балаларды сауықтыру ұйымдарында балалардың демалысын, тамақтануын, медициналық көмек пен сауықтыру шараларын ұйымдастыру туралы» бірлескен бұйрығы бойынша 7 рет семинар өткізілді. Семинарға 164 мектепішілік лагерьлер қызметкерлері, лагерь аспаздары мен медицина қызмет­керлері қатысты. Тиісінше, әр кезең­де өткізілген семинарлар фэйсбук әлеуметтік желісіне жарияланды. Өндірістік бақылаудың келісім шартына сәйкес, бактериологиялық зерттеуге 18 тағам үлгісі, 2 ауыз су, 120 шайынды, санитарлық-химиялық зерттеуге құнарлылыққа 30 тағам үлгісі, 2 ауыз су, 2 залалсыздандыру ерітіндісі зертханалық зерттеуге алынды, – дейді Ш.Нұржанова.
Аудандық санитариялық-эпи­де­миологиялық бақылау бас­қар­­­масының мамандары берген мәлі­метке қарап, балалардың тыны­ғуы үшін тыңғылықты тексерістің бол­ға­нын бағамдауға болады. Бір ұққаны­мыз, жазғы тынығу лагерьлері мектеп оқушыларын қуантуға қашан да даяр. Балалар демалысының дұрыс ұйымдастырылуы жайлы сөзімізді қорыта келгенде, біз көп нәрсені ұсақ-түйек деп елемейтін сияқтымыз. Ал тереңірек ойлап қарасақ, жазғы лагерьлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен шыңдалу орталығы. Себебі балалар онда жай демалып қана қоймай, әрі денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
28 тамыз 2023 ж. 253 0