Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨҢІЛДІ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС

КӨҢІЛДІ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС



Жаз мезгілі – оқушылар үшін демалысқа шығып, ойын шыңдап, шығармашылық қабілетін, түйсігін дамытып, денсаулығын нығайтатын кезең. Сондықтан оқу жылы аяқталысымен, әрбір ата-ананы баласының қайда және қалай демалатыны толғандырады.
Аудандағы білім беру ұйымдары жыл өткен сайын оқушылардың жазғы демалысына айрықша көңіл бөліп келеді. Соның дәлелі ретінде лагерлерде демалатын оқушылар саны артқанын айтуға болады. Өткен жылы аудандағы 15 626 бала жазғы демалыспен қамтылса, биыл оның саны 16 557-ге жетіп отыр.
Маусым айының алғашқы күнінен бастап бас-аяғы 6 мыңға жуық оқушы аудандық білім бөліміне қарасты 38 мектептің жанындағы лагерлерге қабылданған. Сондай-ақ спорттық сауықтыру шараларына 100 бала, дебаттық лагерге 80 бала, еңбек тынығу лагеріне 1309 балаға жолдама беріліп отыр. Одан бөлек міндетті оқу қоры есебінен шілде-тамыз айларында 60 баланы Нұр-Сұлтан қаласына сая­­хаттату үшін жергілікті бюджеттен 2 700 мың теңге қаралған. Одан бөлек Арал қаласындағы «Қамбаш» лагеріне 100 бала, Жаңақорған ауданындағы қосымша білім беру орталығына 200 бала барып демалып қайтты.
– Аудандық «Сыр ұланы» сауықтыру лагерінде 7 кезең бойынша 10 күннен 700 оқушы демалады. Қазір лагерь 6-шы кезеңге аяқ басты. Лагердің ауызсу, кәріз жүйелері, асхана, технологиялық-тоңазытқыш жабдықтарының жұмыс жасауы үнемі қадағаланып отырады. Сонымен қатар биылғы жылы лагерь ауласындағы кәріз жүйелері, балалар жуынатын себелегіштер (душ) ретке келтірілген. Лагерь ғимаратында 4 топқа жабдықталған 8 жатын бөлме, 50 орындық асхана, санитарлық-гигиеналық бөлмелер мен медициналық кабинет толық жұмыс жасап тұр. Балалардың алаңсыз демалуына барлық жағдай жасалған дейді, – аудандық білім бөлімінің әдіскері Аида Ташкенбаева.
Сала маманының айтуынша, лагерь өз жұмысын заманауи бағытта жандандырып отыр. Демалыс орнында жасөспірімдердің тынығуына барынша қолайлы мүмкіндік бар. Бұл жердегі би, қолөнер, ән, ойын, спорттық-сауықтыру үйірмелері оқушыларды қызықтыра түседі. Мұнда Шиелі ауданаралық ауруханасынан арнайы дәрігер мен тіс дәрігері де бөлінген.
– Оқушылар үйінде құны 11,6 млн теңге тұратын «IT IMAQ SHIELI» балалар технопарктерін қалыптастырудың бастамасы ретінде «3D-модельдеу», «Робототехника» және цифрлық зертхана кабинеттері жұмыс жасауда. Бұл жерде жазғы демалыс уақытында арнайы «Жайдарлы жаз-2019» атты үйірмелер жұмыс жасайды.
Сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша аудандық Оқушылар үйі мектеп жанындағы және аудандық «Сыр ұланы» лагерлерінде «Көркем сурет», «Киімді моделдеу және дизайн», «English for Jastar», «Ойындар үйірмесі», «Үстел теннисі», «Қолөнер», «Қазақ тілі мен әдебиеті» үйірмелері бойынша 2150 баланы қамтыған, – дейді А.Ташкенбаева.
Жазғы лагерде бала жаңа дос тауып қана қоймай, қоғамдық өмір дағдысын дамытып, өзін-өзі басқарып, ұқыптылығын шыңдауға да мүмкіндік алады. Бұрын-соңды көрмеген танымдық дүниелермен танысып, өзінше бір ой түйеді. Сондықтан да баланың жыл сайынғы жазғы демалыс уақыты сапалы әрі тиімді өтуі тиіс.


Гүлхан
СӘБИТҚЫЗЫ
30 шілде 2019 ж. 3 400 0