жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз
жазғы тынығу лагерьлері өз жұмысын бастады. Ия, «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз», – деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары тынығу лагерлеріне баруға асығады. Сондықтан, жаз – балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, олардың жеке басына тән байланыстарын жетілдіру, өз жоспарларын іс жүзіне асыру, жеке бас мүдделерін қанағаттандыру, ойын-сауық, бойында жиналып қалған шиеленістен арылу, жұмсалған күшінің орнын толтыру, денсаулығын нығайту кезеңі. Жаз – балаларға өзінің сантүрлі талантын ұштауға мүмкіндік береді. Бұл кезеңді жеке басының жақсы жақтарын ашып көрсетуге жағдай жасауға, балалар арасында рухани және эмоциялық құндылықтардың алмасуына, мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдалану керек. Биыл оқушылардың үш ай бойғы демалысын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастырылатын жазғы тынығу лагеріне аудандық білім бөлімінің мәліметі бойынша 7034 бала барады.
100 бала Астанаға саяхаттайды:
Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Дәурен Нәсибековтың айтуынша, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған тегін жолдама арқылы 1750 бала жан-жаққа саяхатқа бармақ.
– Үстіміздегі жылы міндетті оқу қоры есебінен 100 бала Астана қаласына саяхатқа баратын болса, оған жергілікті бюджеттен 5 400,0 мың теңге, Арал қаласындағы «Қамбаш» лагеріне 100 балаға 3 100,0 мың теңге, Жаңақорған ауданындағы қосымша білім беру орталығына 210 балаға 5 250,0 мың теңге, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Машат» лагеріне 100 балаға 4 500,0 мың теңге қаралған. Аудандық «Сыр ұланы» сауықтыру лагерінде демалатын 700 бала 10 күннен 7 кезеңде демалады деп күтілуде, оған 12 205,0 мың теңге және 29 мектеп жанынан бір мезгіл ыстық тамақпен 15 күннен ұйымдастырылатын лагерлерде 1750 балаға 9 870,0 мың теңге қаралып, балалар сауығып демалатын болады.
Ағымдағы жылы 1-10 сынып аралығында 15626 бала білім алса, жазғы демалыс және саяхатпен олардың 93 пайызы қамтылады деп жоспарланып отыр. Демек, балалар бос уақытын тиімді әрі пайдалы істерге жұмсайды.
– Биыл ата-аналар есебінен 100 бала, аудан, ауыл, кент әкімдерінің ұйымдастыруымен 130 бала, мәслихат депутаттары есебінен 50 бала, мекемелер демеушілігімен, салалық кәсіподақтар тарапынан 250 бала, басқа да көздерден 303 бала, жалпы 680 бала жазғы кезеңде демалады деп жоспарланып отыр. Мектеп жанынан тамақсыз ұйымдастырылатын 38 лагерьге 3795 бала, 29 мектепте бір мезгіл тамақпен ұйымдастырылатын мектеп жанындағы лагерьлерде 1750 бала, спорттық сауықтыру шараларына 100 бала, дебаттық лагерьге 80 бала, еңбек тынығу лагеріне 1309 бала, жалпы 7034 бала қамтылу жоспарланған – деді, аталған бөлімнің жауапты маманы.
Көзді ашып-жұмғанша оқу жылы да аяқталды. Барлық салаға енген жаңғырулар білім саласына да біршама өзгерістер әкелді. Ендеше, революциялық даму үстіндегі мемлекетке қажет маман болып шығу үшін үш тілді меңгерген оқушылардың жазғы демалысы үйлесімді өтуіне жасалған мүмкіндік бұл.
«Сыр ұланы»:
Аудандағы балаларға жайлылық сыйлайтын «Сыр ұланы» лагері алғашқы маусымдық ашылу салтанатын өткізді. Жазғы демалысқа шыққан оқушылардың алғашқы легі тынығу орнына жайғасты. Көк туды желбіретіп, көкке көтеруден бастау алған шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов және білім беру ұйымының басшылары, ата-аналар қатысты. Ашылу салтанатында «Балалық шаққа саяхат» деп аталатын көрмені қақпадан кірген әрбір адам тамашалап, ұлттық ойындардың қызығына батты. Тынығу орнын аралап, лагердің тыныс-тіршілігімен танысқан қонақтар жылы лебіздерін білдірсе, тынығушылар ән айтып, би биледі. Концерттік бағдарламаға ұласқан шараның соңы аудан әкімі Ә.Оразбекұлының балаларға жасаған тартуымен аяқталды. Тәтті балмұздақтан дәм татқан жас жеткіншектер де ұйымдастырушыларға алғысын жаудырып, керемет көңіл-күймен қоштасты.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.