Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРЛА ҚАЛАСЫНДАҒЫ «СЫРДАРИЯ» ЖАЗҒЫ ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІНЕ 500 ОҚУШЫҒА ТЕГІН ЖОЛДАМА БЕРІЛЕДІ

ҚЫЗЫЛОРЛА ҚАЛАСЫНДАҒЫ «СЫРДАРИЯ» ЖАЗҒЫ ТЫНЫҒУ ЛАГЕРІНЕ 500 ОҚУШЫҒА ТЕГІН ЖОЛДАМА БЕРІЛЕДІ



Бүгін, қала әкімі Н.Нәлібаев «Сырдария» жазғы тынығу лагерінің маусымдық ашылу салтанатына қатысып, барша бүлдіршіндерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен құттықтады.
- «Айналайын бүлдіршіндер! Бүгінгі күн - Сіздер үшін ең маңызды күн. Өйткені, бұл өздеріңіздің еншілеріңізге тиген төл мерекелеріңіз.
Сіздер, жазғы демалыс уақытында жадыраған жаздың рахатына бөленіп, балғын балалықтың бал дәмін ұмытпастай ету үшін түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылуда. 
Біз үшін, бұл өмірде Сіздердің балғын жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыластарыңызбен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ. Сондықтан да Сіздердің бақытты өмір сүрулеріңіз үшін барлық жағдайды жасау жолында аянбай еңбек ете береміз. 
Бүгінгі барлық құрмет те, қошемет те Сіздер үшін. Әрдайым тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында бақытты өмір сүре беріңіздер» - деді, мерекелік шарада сөз сөйлеген қала әкімі.
Нұрлыбек Машбекұлы мерекелік шара барысында бірқатар көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасының және үздіктер мен дарынды мектеп оқушыларына республикалық және аймақтық жазғы тынығу лагерьлеріне жолдама табыстады.
Ал, «Сырдария» жазғы тынығу лагерінде биылғы маусымда қала мектептерінен 500 оқушыға (көп балалы отбасы, тұрмысы төмен және әлеуметтік аз қамталған отбасы) тегін жолдама беріледі.
«Сырдария» тынығу лагерінің биылғы ерекшелігі, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес, қазақтың ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін насихаттайтын түрлі үйірмелер мен балалар үшін арнайы этноауыл жұмыс жасайтын болады.
Жалпы, биылғы жазғы маусымда өңіріміздегі білім ошақтарынан 1-10 сынып аралығындағы 52 мың 835 оқушының 48 мың 777-і жазғы демалыспен қамтылады. 
Қаладағы 54 мектептің барлығында күндізгі тынығу лагерьлері жұмыс жасап, оның ішінде 11 мектепте толық күндізгі жатын орындары бар лагерьлер ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, облыс көлеміндегі тынығу лагерьлеріне 1 мың 561 оқушы, Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан лагерлерге 864 оқушы, Республика көлеміндегі басқа да лагерьлерге 1 мың 412 бала, Шетелдерде ата-аналарымен және басқа да түрлі демалыс орындарына (курорт, санатория) 1 мың 534 бала демалатын болса, қосымша оқу орталықтарына 5 мыңнан астам, қалалық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Қайнар» спорт клубында 4 мыңнан астам оқушы спорт секцияларына тартылады. 
Мұнымен қоса, мұнай компанияларының демеушілігімен - 806 бала республика көлеміндегі лагерьлерде демалса, республикалық бюджет есебінен «Бөбек» және «Балдәурен» Республикалық орталықтарында 30 оқушы демалады. 
Биылғы жылдың басты ерекшелігі, 1 маусым-14 шілде аралығында «Оқушылар сарайында» үш ауысым бойынша «ЖАЗҒЫ ТАЙМ» (Zhazgy Time) танымдық-шығармашылық мектебі жұмыс жасайды.
Танымдық-шығармашылық мектептің бағдарламасы: Танграм, Робот техникасы, Спорттық туризм, Хореография, Палитра, Планетарий, Шығармашылық зертхана, Тілдік мектеп, концерттер, конкурстар, интеллектуалды ойындар, тренингтер, кинозалды қамтитын болады.
Жалпы бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қала көлемінде көптеген шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, «Достық» үйінен бастап орталық алаңға дейін жалғасқан балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлер мен ансамбльдердің шеруі өтті.
Республикалық акция аясында ұйымдастырылған мерекелік шеруге облыс бойынша 14 мыңға жуық оқушы қатысса, Қызылорда қаласынан 5 мыңға жуық мектеп оқуышлары мен колледж студенттері қатысты.
Бұдан бөлек, «Мұз айдыны» мен қалалық мәдени және демалыс паркіне қарасты бірқатар аттракциондар бүлдіршіндерге ақысыз қызмет көрсетті.
Сонымен қатар, қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарында да балаларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып, тегін сыйлықтар мен балмұздақтар үлестірілді.
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ФБ ПАПРҚШАСЫНАН.
04 маусым 2018 ж. 1 430 0