Дала дәнінің дастанын сақтаған шаңырақ
Шиеліге жолы түскен адам Сыр бойының мінезін күріш алқабынан таниды. Жаздың аптабында жылтырап жатқан атыздар, суға түскен аспанның бейнесі, белуардан су кешкен диқандардың еңбегі – бұл өңірдің өмір салтына айналған көрініс. Ал сол тарихтың үнін өшірмей, өткеннің табын бүгінге жеткізіп отырған ерекше орын бар. Ол – Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі. Ауданға табан тіреген жан алдымен осында келіп Құран бағыштаған соң ғана өзге шаруасына бет бұратын дәстүр де бар.Музейде Сыр елінің маңдай тері, диқанның тағдыры, елдің еңбекпен жазылған тарихы сөйлеп тұрады. Музейдің іргесі 1978-1982 жылдары облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шиелі ауданындағы филиалы негізінде қаланып, 1982 жылы ресми түрде Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі болып ашылды. Кейін 2019 жылдан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде жұмысын жалғастырып келеді.
Бүгінде музей қорында 11 мыңнан астам экспонат сақталған. Ескі кетпен, ағаш айыр, темір орақ, сарғайған суреттер мен қолжазбалар – бәрі де тұтас дәуірдің әңгімесін айтып тұрғандай. Әсіресе, күріштің дәннен дастанға айналған жолын көрсететін жәдігерлер келушіні бірден өзіне тартады.
Музейдің «Сыр өңіріндегі күріштің даму тарихы» залы ерекше әсерлі. Бұл жерде күріштің мыңдаған жыл бұрынғы тарихынан бастап, Сыр бойындағы егіншіліктің қалыптасу кезеңіне дейінгі деректер жинақталған. Күріштің Үндістаннан бастау алғаны, кейін Орта Азия мен қазақ даласына тарағаны, Сырдария бойында суармалы егіншіліктің ерте дәуірлерде-ақ болғаны нақты мәліметтермен берілген. Залдың ерекшелігі – кітаптағы құрғақ дерек емес, қарапайым еңбек адамының өмірі арқылы берілген тарихта. Залға кіргенде таң қараңғысынан атыз жағасында жүрген диқан, су жіберіп тұрған тоған, масақ иісі аңқыған күзгі алқап бір сәтке көз алдыңызға елестейді. Мұнда күріштің жер жыртудан бастап қапқа түскенге дейінгі бүкіл машақаты көрсетілген.
Ал «Ы.Жақаев және оның ұрпақтары» залында Ыбырай Жақаевтың өмір жолы кеңінен таныстырылған. Оның шетел сапарлары, замандастарымен түскен суреттері, түрлі марапаты мен жеке заты сақталып тұр. Бірақ көпшілікті ерекше тоқтататыны – 1964 жылы облыс жастарына жазған Үндеу хаты. Сол хаттан кейін Сыр бойында «Жақаевшылар қозғалысы» басталып, жастар еңбекке бет бұрған. Бұл – бір адамның сөзі бүтін буынға әсер еткен заманның табы.
Музейдегі тағы бір маңызды бөлім – «Ыбырай ізбасарлары» залы. Мұнда атақты күрішшінің жолын жалғаған еңбек адамдарының жетістігі көрсетілген. Кезінде атыз жағасында маңдай терімен танылған қарапайым жандардың еңбегі бүгін музей төрінде тұр.
Музейдің бүгінгі тыныс-тіршілігі де заман ағымынан қалыс емес. Экспозициялар жаңартылып, залдар заманауи үлгіде жабдықталған. Барлық бөлмеге бейнебақылау орнатылған. Қазір музей директоры қызметін Өсербек Төребай атқарады. Бүгінде музей жәдігер сақтайтын орыннан жастарға өткенді танытатын рухани орталыққа айналып келеді.
Кейде тарих зәулім ғимараттарда емес, қарапайым еңбек құралдарының арасында сақталады. Жақаевтағы осы музей соның дәлелі. Мұнда батырдың қылышы жоқ шығар, бірақ бір халықты асыраған диқанның кетпені бар. Ал сол кетпеннің салмағы кейде тұтас дәуірдің салмағындай сезіледі.
Гүлхан ЯХИЯ







