МУЗЕЙДЕ МЫҢДАҒАН ТАРИХ БАР
Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да барлығы Ы.Жақаевты сөз етеді. Ыбырай есімін әлемге танытқан жер мен дән, Сыр өңірі, Сыр күріші. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі. Бұл аты аңызға айналған атақты күрішші Ыбырай Жақаевтың өмірлік қағидасы. Биыл дала академигі Ы.Жақаевқа – 130 жыл. Соған орай, біз Ы.Жақаев атындағы тарихи мұражайға сапар шекпекпіз. Ондағы мақсат – мерейтой қарсаңында, даңғайыр диқанның өзі пайдаланған құрал-жабдықтарын, тарихи заттарын аудан халқына көрсету, һәм таныстыру.
Өздеріңіз білетіндей, бұл мұражайда ауданның асыл қазынасы жинақталып, көненің көзінен қалған мұралар сақталған. 1978 жылдан бастап, 1982 жылға дейін бұл мұражай тарихи-өлкетану музейінің Шиелі ауданындағы филиалы негізінде құрылып, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысымен, 30 сәуір 1982 жылғы және Қазақ ССР Мәдениет Министрінің 13 мамыр 1982 жылғы бұйрығына сәйкес, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейі болып ашылды. 2019 жылдың ақпан айынан бастап, облыс әкімінің 28 желтоқсан 2018 жылғы қаулысының негізінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалы болып құрылды.
Ыбырай ұстап тұтынған құралдар қазіргі таңда көптеген мұражайларда сақталған. Құнды және тұрмыстық заттар Ы.Жақаев мұражайында. Олар келешек ұрпақ үшін айырықша естелік, тарихи мұра іспеттес. Сыр салысына пайдаланған құрал-саймандардың да өзіндік тарихы бар.
ҚАРА КЕТПЕН
Ақ күріштен тау тұрғызған еңбек адамы Ыбырай атамыздың кетпені туралы әңгімелер ел арасында жиі айтылады. Бір ғажабы, ол тұтынған еңбек құралын көзбен көруге құштар кісілер өте көп.
Ақ күріштен тау тұрғызған еңбек адамы Ыбырай атамыздың кетпені туралы әңгімелер ел арасында жиі айтылады. Бір ғажабы, ол тұтынған еңбек құралын көзбен көруге құштар кісілер өте көп.
Диқанның сыры кетсе де, сыны кетпеген қара кетпені қазіргі күні Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылындағы Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің төрінен орын алып тұр. Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев атамыздың өзі ұстап, тұтынған заттарын 1982 жылы музей ашылған кезде атаның ұрпақтары сыйға тартқан.
Бұл кетпен – Ыбырай Жақаевтың егіс басында өзі пайдаланған құралы. Металдан жасалған кетпеннің диагоналы – 35 см. Сол кезеңде ұсталар кетпенді өздері соғып алатын болған Бұл кетпен де қолдан соғылған. Атамыз ірі денелі кісі болғандықтан, кетпені де үлкен әрі салмақты. Яғни, атамыздың өзіне лайықтап жасалған.
Ауылдағы музейге келген қонақтар кетпеннің үлкендігіне аса мән беріп, оған таң-тамаша болып бас шайқап, таңырқап қарайды. Кетпенді Шиелі ауданы бұрынғы Қызылту колхозының тұрғыны, ұста Сейтімхан Сахиев қолдан соққан екен.
Кетпен – ауылшаруашылығы жұмыстарында, тұрмыста қолданылатын еңбек құралы. Кетпен жүзінің жалпақтығына байланысты әр түрлі болып келеді. Кейде салмағын жеңілдету мақсатымен кетпеннің ортасын ойып тесік жасап қояды.
Ыбырай атамыздың әр жылдары өзі пайдаланған кетпендері бүгінгі таңда Алматы және Астана қалаларындағы музей залдарының экспозициясында тұр.
СОҚА
Соқа (жер өңдеу құралы) Бұл құралды даңғайыр диқан жерді өңдеу үшін, агроөнеркәсіп саласына пайдаланған. Ол күні бүгінге дейін атадан балаға мұра болды. Ы.Жақаевтың пайдаланған бұл құралы қазіргі таңда мұражайда сақтаулы. Оны музейге келіп, экскурсия жасаған кез келген адам көре алады. Адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуы барысында орасан зор орын алған, көне дәуірлерден қазірге дейін қолданылып келе жатқан бұл еңбек құралы мыңдаған жылдар бойы жетіле келе ертедегі қарапайым имек ағаштан осы заманның күрделі техникасына айналды. Егіншілік мәдениеті пайда болған әлемнің аса ірі сегіз орталығында Қытай, Үндістан, Алдыңғы Азия, Орта Азия, Жерорта теңізі жағалауы, Эфиопия, Орталық Америка, Оңтүстік Америка жер өңдеу саласы терімші-аңшылықтың гүлденген кезеңінен кейін барып қалыптасты. Терімші қауымдар тұтынған мүйіз, ағаш кетпендер мен жерқазғыштар іс жүзінде ежелгі соқаның пайда болуының алғы шарты еді. Ежелгі қауымдар пішіні жағынан қазіргі құралдарға ұқсас кетпендер мен түзу ұшталған имек таяқ жерқазғыштарды жеуге жарамды тамырлар мен түйіндерді қопарып алуға пайдалана отырып, оны өгіз, бұқа, есек, ат сияқты үй жануарларына тіркеу идеясына, яғни алғашқы соқаның идеясына жетті. Бұл ретте, әсіресе, дәнді дақылдардың жабайы түрлерін азық қылуға дағдыланған өлкелердің маңызы ерекше болды. Ерте егіншілік, малшылық салалары қалыптасқан неолиттік төңкерістің қарқындаған тұсында соқа пайда болды.
ТАС ДОҢҒАЛАҚ
Ақ күріштің атасы шаруашылық жұмыстарын жеңілдету үшін тас доңғалақты жиі пайдаланған. Достарының айтуынша, бұл оның ең сүйікті құрал-саймандарының бірі болған екен деседі. Күні бүгінге дейін диқанның бұл пайдаланған құнды жәдігері мұражайда сақтаулы тұр.
Ақ күріштің атасы шаруашылық жұмыстарын жеңілдету үшін тас доңғалақты жиі пайдаланған. Достарының айтуынша, бұл оның ең сүйікті құрал-саймандарының бірі болған екен деседі. Күні бүгінге дейін диқанның бұл пайдаланған құнды жәдігері мұражайда сақтаулы тұр.
ЕР-ТҰРМАН
Құттықыз Шайыққызының айтуынша, бұл ер-тұрманды Ы.Жақаев өзі арнайы жасатқан. Бұл ер де көрме залының төрінен орын алған құнды жәдігердің бірі.
Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанып, туған жерін жайқалтып, ақ күріштен тау тұрғызған, мол өнім алып, рекордтардың көшін бастаған Ыбырай Жақаевтың бейнесі ұрпақ жадында мәңгі сақталары анық, Ыбырай Жақаев – дала академигі. Бұл есім Шиелінің, күллі Сыр өңірінің келбеті, таныстырар төлқұжаты десек, артық айтқандық болмас. Ел тарихында екі дүркін Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері, үш рет Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты, диқан Ыбырай Жақаевтың алар орны осылай анықталса керек. Кетпенін күнге сүйдіріп, жүзін күнге күйдірген диқан, қазақтың қара шалының далалық дана ақыл ойымен, бойындағы Алланың аманаты мен сыйы – жойқын күш жігерімен, киелі, күректей қолымен, кәрі бәйтеректің жер бетіне шығып кеткен тамырындай салалы саусақтарымен қара жерді қарс айырып жасаған еңбегі ұрпаққа үлгі болған Ыбырай Жақаевқа биыл 130 жыл. Ал, осы мереке қарсаңында атамыздың пайдаланған құрал-саймандарын көру үшін жан-жақтан экспонанттар арнайы келуде. Атаның ұрпақтары оның пайдаланған әрбір заттарын, еңбек құралдарын мұражайға әкеп тапсырған болатын. Бүгінгі таңда олардың барлығы мұражай төріне қойылып, көпшілік назарына ұсынылуда.
Сымбат СҰЛТАН