Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәдігерлерді жаңғыртқан Шахизатхан

Жәдігерлерді жаңғыртқан Шахизатхан

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жерге ту тіккен әрбір азаматты ұрпағы біліп өсуі тиіс» деген болатын. Шиелі өңірі де талантты тарихи тұлғалар мен құнды дүниелерге толы өлке. Әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Еліне қызмет еткен ерлері, талай-талай аңызға толы жер атау­­лары бар. Міне, осы жәдігерлерді жиып-теріп, мұражайда сақтауға аянбай тер төккен ­Шахизатхан Тәшімбетов жайлы келер ұрпақ біліп өсуі керек-ақ.
Даңқты диқаншы Ы.Жақаевтың күріштің бабын тауып, дүниежүзілік рекорд жасап, екі мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атанғаны баршамызға мәлім. Өмірінің соңына дейін күріш өсірумен айналысқан даңғайыр диқанның ерен еңбегін әлі күнге дейін Сыр елі ұмытпайды. Оны өскелең ұрпаққа жақаевшылар, мәдени орталықтың қызметкерлері насихаттап келеді.
Ауданда Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің іргетасын қалап, музейдің негізін қалау барысында 2 ай экспозиция жұмыстарына басшылық жасаған, 3 жылға жуық экспонаттар мен Ы.Жақаевтың пайдаланған заттарын, жәдігерлер жинаумен айналысқан – Ш.Тәшімбетовті біреу білсе, біреу білмес деп мақаламызға арқау еттік.
Шахизатхан Есенбайұлы 1937 жылы қазан айының бірінші жұлдызында Ташкент облысы, Көк-Арал елді мекенінде дүниеге келген. 1957 жылы орта білім, 1963 жылы жоғары білім алған. 40 жылдан астам аудандағы білім, мәдениет саласында қызмет атқарған. Ең алғаш №97 кәсіптік техникалық училищеде директордың орынбасары, кейіннен №149 «Қызыл Ту», №207 «Жаңатұрмыс» атындағы мектепте физика пәнінің мұғалімі, кәсіподақ комитетінің төрағасы, мектеп директоры қызметтерін атқарған. 1982 жылдан бастап Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің негізін қалап, алғашқы 6 айда орынбасар, кейіннен жиырма жылға жуық уақыт музей директоры қызметін абыроймен атқарған.
Алғашында музей 1979 жылы облыстық өлкетану музейінің филиалы негізінде құрылып, кейіннен 1982 жылы толық Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі болып ашылды. Осы музейде 1991-1999 жылдар аралығында басшылық етіп, музей қорын құнды дүниелермен толықтыра түседі. Ауырды арқасына, ащыны таңдайына сала жүріп, жер-жерді аралап, тарихтан сыр шертетін мұраларымызды жинақтаудан жалыққан емес. Осы еңбекқорлығы құрмет биігінен көрінуге сеп болды.
Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін ол Бас муфтидің Қызылорда облысы бойынша өкілі, бас имам Ә.Әуезовтың шешімі бойынша аудандағы орталық «Оқшы Ата» мешітінің бас хатшысы қызметіне тағайындалған. Аудан көлемінде ауыл имамдарына бағыт-бағдар беріп, исламдық жолдағы жұмыстарды жүйелі жүргізген. 2003 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Жаңатұрмыс ауылдық округі «Әлі ата» мешітінің имамы қызметін атқарған. Ұрпаққа рухани азық болатын жәдігерлердің жаңғыруына өзіндік үлесін қосқан Ш.Есенбайұлы 2008 жылы қасиетті Рамазан айында дүниеден өтті.
Ұлттық маңызы бар мәдени мұра – музейде сақталуы керек. Музейге лайықты бағалы бұйымды, асыл затты, маңызды құжатты экспонат ретінде қорға тапсыру – кез келген ұлт жанашыры үшін абырой, дәреже. Бұл – барлық өркениетті дамыған елдерде бар үрдіс. Бұл үрдісті Ш.Тәшімбетовтың ұлы Кенжехан Есенбаев әрі қарай жалғастырды. Ол әкесінен мұра болып қалған құнды жәдігерлерді Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізген болатын. Музей директоры Өсербай Төребек бастаған басқа да музей қызметкерлері тарихи тұлғаның пайдаланған заттарын қабылдап алып, оған арнайы төлқұжат жасап, тапсырылған заттардың иесі, кімнен алғанын жазып алды.
– Музейге тапсырылған әрбір зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге ықпал ететін сыртқы факторлардың бәрінен сақтандырылады. Тарихи, құнды дүниелер өскелең ұрпаққа бүлінбей жетеді,– деді музей қызметкері.

Нұрай ҚАЛЫШБЕКОВА

05 қараша 2021 ж. 539 0