Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар жаңалық негізгі – ұмыт болған көнеде

Бар жаңалық негізгі – ұмыт болған көнеде

18 мамыр – Халықаралық музей күні қарсаңында халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтқан Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің директоры Құттықыз Ыхановамен әңгімелесудің сәті түсті.

– Қайырлы күн, Құттықыз ханым! Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Қайбір жылы шежірелі өлкемізде өлкетану музейінің болмауынан руханиятымыз ақсап тұратын-ды. Шүкір, қазіргі таңда сол ойықтың орны толып, жұрттар жиі бас сұғатын, тарихтан түрлі мәлімет алатын, құнды мекенге айналып үлгерді. Алдымен әңгімеміздің ауанын сіз басшылық етіп отырған тарихи орынның өткені мен бүгінінен бастасақ…

– Ағылшындар «Қандай істің де табысты болуы – керекті жеріне керекті адамның келуінен» - деп айтады екен. Сол айтқандай қай деңгейдегі музей, не басқа да мәдениет ошақтарының гүлденуі, жақсы жұмыс істеуі жергілікті басшылардың көзқарасы мен қамқорлығына көп байланысты. Негізі қай жерде де жақсы музей болуы үшін материалдық жағынан басқа үш фактор қажет. Олар музейдің қоры – бар жиған-тергені, екіншісі – жасақталған ғылыми экспозицияны көрсете білу, үшіншісі – жан-жақты білімді, өз ісіне адал, жан-тәнімен берілген қызметкерлерді топтастыру. «Бар жаңалық негізгі – ұмыт болған көнеде» дейді халық даналығы. Музей мен тарих етене тығыз ¬байланыста. Тарихтың тірі куәлары – көнеден қалған қорымдар, құлпытастар, зергерлік және тағы басқа бұйымдардың уақыт өткен сайын мүжіліп, тозып, жоғалып бара жатқандығын, көнекөз қариялардың да мәңгілік өмір сүрмейтінін ескерген жөн. Бұл еңбекті жарыққа шығарудағы мақсатым да осы Ұла дала мәдениетінің қоламта шағын сөндірмей одан әрі үрлеп, жалындата түсу. 

Қазіргі қаржы қиындықтарына байланысты кейінге қалдырылып келе жатқан көнеден бүгінгі жеткен мәдени мұраларымызды көздің қарашығындай сақтай білу бүгінгі ұрпаққа аманат және сын болып қала бермек.

Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі 1978 жылдан 1982 жылға дейін облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шиелі ауданындағы филиалы негізінде құрылып 1982 жылы Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі болып ашылды. 2019 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімінің Қаулысымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалы болып құрылды. 

Музей – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отыратын орын. Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау – абыройлы міндеттің бірі. Қазіргі таңда қоғамда мұражай ісіне, мұражай құндылықтарына деген талап пен қызығушылық артып келеді. Отандық мұражай қызметіне, ондағы тарихи-мәдени мұраларға деген сұраныс халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Қоғамда мұражайдың тек әлеуметтік емес, тарихи-мәдени мұраларды сақтайтын мәдени-ғылыми институт, ғылыми ақпараттар жүйесінің орталығы ретінде маңыздылығы артты, музей ісіне деген қоғамның қызығушылығы да өсіп келеді. 

– Шежіреге құндақталған Шиелі – тарихқа бай аудандардың санатында. Осы тұста музейдегі құнды жәдігерлердің бірсыпырасын атап өтсеңіз?
– Бүгінде музей қорында 10756 құнды жәдігерлер жинақталған. Негізгісі  – 6967, көмекшісі – 3789.Әрине бұл саланың да қызықты тұстары көп. Кешеден қалған құнды жәдігерлерге қарап ата-баба жүріп өткен тарихи жолдар көз алдыңа келеді де тұрады. «Өз тарихын сыйламаған халық, өзін де сыйламайды» деген даналық бар ғой. Ғылым мен техника дамыған заманда халықтың сұранысы да арта түскені белгілі. Біз де сол талапқа сай қызмет етсек дейміз. Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің құнды жәдігерлері – ¬Ыбырай атамыз өзі ұстап тұтынған заттары. Мысалы, кетпен, байтесе, қол орақ, 40 литрлік самаурын, қол шам, 1958 жылы Корей еліне сапарға барғанда корейліктердің кигізген жадағай шапаны мұражай төрінен орын алады. 

– Мұнан өзге музей қонақтарын селт еткізетін экспонаттарды сөйлетсеңіз…
– Музейге келгендер қайың сапты үлкен диоганалды кетпенді көргенде «Мына кетпенді қария қалай көтерген?» деп таң қалады. Ең құнды экспонаттары кетпені, ағаш, темір соқалары,аяқ көрік пен қол көрік халықты таң қалдырады.Астана қаласындағы Ұлттық музейінен Алтын адам реконструкциясын 2016 жылы осы Жақаев музейіне алып келіп, аудан халқы, қонақтары, аудан көлеміндегі мектеп оқушылары тамашалады. Бұл ауданның жетістігі, Ы.Жақаев атамыздың құдіретті еңбегі.

– Ерекшелігі сол, тарихқа тұнған музейдің табалдырығын аттай қалсақ, жайқалған гүлдер мен жасыл желек көздің жауын алады. Ерекше әсер сыйлайды. Біз мұны мұражай қызметкерлері экспонаттармен жұмыс істеп қоймай, ғимарат айналасына да жіті мән береді деп топшыладық. 
– Иә, гүл менің екінші демім десем де болады. Гүлсіз өмір мәз емес, мәнді де болмайды. Сондықтан да көркейту- көгалдандыру жұмысына етене көңіл бөлемін. Музей ауласының көз тартар келбетіне сүйсінгені соншалық, аудан тұрғындары арнайы келіп суретке түсіп кетіп жатады.

– Күні бүгінге дейін сіздердің ұйымдастыруларыңызбен нендей іс-шаралар өтті? Жаңашылдықтарға да аз-кем аялдасақ…
– Даталық мерекелік іс-шарадан басқа бізде жобамыз да бар. «Музейдегі сұхбат», «Кеше, бүгін, ертең», үш тілдегі экскурсияны мектеп оқушыларына «Мирас» клубы арқылы жәдігерлеріміз жоспарлы түрде жүргізіледі. Музей – өлкемнің тарихы, халқымның қазынасы, ел-жұрттың тағдыры, менің де тағдырым. Осының бәрі келешек ұрпаққа аманат.

– Аудандық тарихи-өлкетану музейі жылдағы дәстүрден жаңылмай «Халықаралық музей күнін» өз деңгейінде атап өтетінін білеміз. Ал биыл аталған мерекеге қандай жоспар бар?
– Биылғы жылы музей күнін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әннің атасы – Нартай, Дәннің атасы – Ыбырай, Шежірелі Шиелі» атты шара ұйымдастырылады. Облыстық өлкетану музейіне Астана, Қарағанды қаласынан 3 Алтын адамның реконструкциясын әкеліп, халықтың назарына ұсынғалы жатыр. Сол күні Алтын адам реконструкциясын облыс әкімі ашылу сәтінің тұсаукесерін жасайды. Ал Шиелі ауданы яғни, бір аудандағы 3 музей этно ауыл көрінісін жасап, Шиелінің шежірелі тарихын сомдайды. Қазыналы қарттарымыздың өткен өмірінің тарихы біздің байлығымыз және құндылығымыз.

Ал, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде 18 мамыр Халықаралық музейлер күніне байланысты Ашық есік күні өткізіледі. Ауданның барша халқын музейге тегін келіп көруге шақырамыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
17 мамыр 2023 ж. 132 0