Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Келін – ұлт тәрбиесінің айнасы

Келін – ұлт тәрбиесінің айнасы

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Дана халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Бұл сөздің астарында терең мағына жатыр. Расымен де Отанды сүюге тәрбиелейтін бірден-бір орта, ол – отбасы. Отбасында жарасым, сүйіспеншілік, мейірім секілді асыл қасиеттер ұштасса шаңырақ биік құрылып, керегесі кең болады.
Отбасы құндылығын нығайту мәселесі күн тәртібінен ешқашан түспейді. Жақсы қасиеттердің барлығы отбасында қалыптасып, тәрбие де, тағылым да жанұяда беріледі. Әке – отбасының тірегі, ана – оның жүрегі, ал бала – болашағы. Отбасыда бала тәрбиесі, рухани даму, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлер ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Мерейлі мерекеге орай Ақмая ауылдық әкімдігінің қолдауымен, ауылдық Әйелдер кеңесі төрайымы Жәмила Әділбектің ұйымдастыруымен клуб алаңында «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» атты жас келіндер сайысы өтті.
Байқау шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тілеген ауылдық округ әкімі Ғалымжан Бейсенбаев жиналған қауымды Отбасы күнімен құттықтап, келіндер сайысының мақсат-мазмұнына тоқталды.
– Баршаңызды отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасы күні біздің қоғамымызда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, ерлі-зайыптылар жауапкершілігінің маңыздылығының арттыруына ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – барша халқымыздың табысты болашағының кепілі.
Бүгінгі сайыстың мақсаты ұлттық мұрамызды ұлықтап, бүгінгі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келінінің бойынан табылуы керек игі қасиеттерді қайта жандандыру, өнер әлеміне жетелеу, ежелден қазақ келіндеріне тән әдемілік пен ізеттілік, инабаттылық сияқты асыл қасиеттерді насихаттау, ақылды да, үлгілі келіндерді елге таныстыру. Бұл асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіру баршамыздың міндетіміз. Барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, ақ жаулықты, алтын құрсақты аналарымыздың жолын берсін, – деді ауыл әкімі.
Жалпы шараға 7 келін қатысып, «Тегін белу тектілік», «Айран пісу», «Нан жабу», «Самаурын қою», «Қамыр жаю» кезеңдері бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде келін өзінің аты-жөнің, қайын жұртын таныстырса, екінші кезеңде піскен айранның қоюлығы немесе сұйықтығы, жылы немесе салқындығына және майдың таза түсуіне аса мән берілді. Үшінші кезеңде таба нанның жұмсақтығы мен күйіп кетпеуімен қатар таза пісуіне мән берілсе, төртінші кезеңде самаурынға қойылған шәйдің тез қайнауына, қайнаған шәйді демдеп ауыл үлкендеріне ұсынды. Соңғы кезеңде үйден иленіп, иіні қанған дайын қамырды жаю. Жайылған қамырды еттің қамыры немесе көженің қамыры етіп кесіп сол жерде аяқтап қазылар алқасына ұсынды. Сонымен қатар салт-дәстүрге байланысты дайындалған сұрақтарға жауап береді.
Мерекелік сайысты тамашалауға келген көрермен қауымның да қарасы қалың болды. Ауыл тұрғындары қатысушыларға қолдау білдіріп, ұйымдастырушы тарапқа осындай ерекше іс-шара үшін өз алғыстарын жеткізді.
Сайыс қортындысы бойынша жүлделі ІІІ орын «Көрермен көзайымы» номинациясымен Ақбота Нұрмұхамед , Әсем Асанбекқызы, ІІ орын «Пысық келін» номинациясымен Ақзада Абдықадірова, Әсел Ысқақ, Меруерт Есетова марапатталды. Сондай-ақ І орын «Өнерлі келін» номинациясына Жансая Дәрібаева лайық деп танылса, ал Майра Алтыбаеваға жарыстың бас жүлдесі бұйырып, «Үлгілі келін» атанды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы ­диплом және бағалы сыйлықтар табыс етілді.

М.ИБРАГИМ
19 мамыр 2026 ж. 1 0