Ауыл ағасы
Біз өмірді түсінбейміз,
Сол – қайғы.
Туа сала таудай бақыт күтеміз,
Ал шынында бақыт үлкен болмайды.
Қадыр ақын
Дарақ – бір жерден көгереді дегенді естіп өстік. Мәні зор, мағынасы терең, астарлы сөз. Сөз мәнісі – тумысынан түтінін жұтып, түндігін ашқан туған жерге сіңірген адал еңбектің ақыр түбі қайырды меңзейді, білем. Бұрынғы әріптесім болған осы жігіт ойдан орып, қырдан қырман суырдым демей-ақ, ауылда жүріп бастаған қарапайым еңбектегі өмір жолын ылғи да өсу-өрлеумен жүріп өтіпті. Зейнетке шыққаннан кейінгі өмірі де ауданның тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста. Өңірдің қоғамдық өмірінен қапысыз орнын тапқан алмалылық дүр жігіттің есімін аудан жұртшылығы сонау кеңестік кезеңнен бері жақсы біледі. Барлық тұстастарына тән Кеңес өкіметінің қасаң тәртібін көріп, коммунистік идеялық тәрбиенің (пионерден басталып, комсомол партияға дейінгі) барлық сатысынан өтіпті. Қара жұмыстан қан тараған бойы да, ойы да жетіліп ысылып шыңдалған ол 2 жылдық әскери борышын өтеген соң, сол кездегі іргелі шаруашылық өз ауылы «Жеміс-жидек» совхозында қатардағы механизаторлықтан бас инженерлік лауазымға дейінгі сатылап өскен қызметтерін жасқа тән жігер, ынта-ықыласпен атқарғаны жайлы аудан шежіресінің алтын қоры «Өскен өңір» газетінің сол тұстардағы сандарынан көзіміздің шалғаны бар. Солардың ішінен Қаратау етегінен мал азығын дайындау барысы жөніндегі репортаж назар аударарлық. Көне сурет көп жайды аңғартады. Екінің біріне тие бермейтін сол кездегі ең қуатты, алып К-700 тракторы жанындағы басына орамал байлаған жұмыс киіміндегі аты аңызға айналып үлгерген Жадыра Таспамбетованы бірден танисыз. Онымен иықтасып қатар тұрған ұзын бойлы шашы дудыраған жас жігіт – осы Байекең. Жұлдызы жанып, дәурені жүріп тұрған тұлғамен бір сәттік мезет бейнеленген тарихи суреттің шежіреге айналғаны қашан?!. Зымырап өтер уақыт шіркінге не шара? Бірақ ізсіз емес. Ұзақ жылдар бойы жасаған адал еңбектің зейнетін көріп ағайын-туыс, дүйім жұрттың қошемет құрметіне бөленіп жүрген Бәйімбет Дүрімбетов ағамыз да, өмір арнасының шымырлай аққан ағысын жалдап жүріп, кемерінен асқан 60–ты артқа тастап, кемел жасы 70-не иек артыпты. Ердің жасы дейтін елуінде елге жасаған қызметімен абырой биігінен көрінген Байекең, қылшылдаған қырық жасынан бастап мемлекеттік қызметке араласып, тәуелсіз елдің тұғырын нығайтып, ірге тасын қаласқан азаматтардың қатарынан көрінді. Қатардан көрініп қана қойған жоқ, қабырғалы елдің қамын жеген ел басқару тізгінін ұстаған екі бірдей ауылдық округінің әкімі қызметтерінде тұрғындардың ынтымағы мен бірлігін ұйыстыра білген қабілет-қарымы, парасат-пайымымен көзге түсті. Қай қызметте болмасын басшымен де, қосшымен де тіл табыса білетін кісілік-кішілігімен өскен орта, жас-кәрісімен етене жақын, табан аудармай біте қайнасқан ғұмыр баяны, сөз басындағы қарапайым халықтық тәмсілмен мазмұндас екеніне көз жеткізесіз. Өркен жайып өсіп-өнген әулеттің үлгі тұтар үлкені. Бүгіндері бір қауым елдің сөз ұстар ардагер ақсақалын төраға етіп сайлаған қариялықтың қамытын киіп, ауылдастың арбасын жегіп жүрген Байекең 16 жасынан трактор тізгіндеген, ес біліп етек жапқалы бергі Алмалы ауылының байырғы тұрғыны. Әу баста, жеміс-жидек өсіру бағытындағы шаруашылық болып құрылған ауылдың жетпіс жылдық тарихын түп-тұқияннан тарқатарлық көргені көп. Сөйлеп кеп берсе тоқтамайды. Өткен-кеткен оқиғалардан, әсіресе, өзі өндіріс бригадирі, шеберхана меңгерушісі, кейіннен бас инженері болған шаруашылықтың дәуірлеп тұрған кезеңдерінен он-сан мысал, дәйек-деректер келтіріп майын тамызып айтқанда айызыңды қандырады. Хатқа түсерлік дайын шежіре дерсің. Қызды-қыздымен есеп-қисабы, кіріс-шығысын шемішкедей шағып, кейбір керенау басшыларды сын тезіне салып тулақша қағатын жады мықты.
– Байеке, сіз бас инженер емес, бас есепші сияқты сөйлейсіз, осынша дүние, негізгі қорды аз жылда қалайша ту-талақай қолды қылдыңыздар? – деймін.
– Е-ее, мемлекеттік саясатты жете ұғынбаудан ауылдастарды көп қиындықтарға душар еткен, әлі күнге зардабын көріп келе жатқан көп қателіктерге жол беріп алғанымыз рас, – деп күрсінгендей күреңітіп қабағын шытады. Ойына әлдене түсірген аз-кем кідірістен соң:
– Өзің ойланып қарашы, 200 гектар алманы пай үлесімен әр отбасы 1 гектардан бөліп алды. 10 гектар жүзімдік жер де осылайша пышақ үстінен пай үлесіне кетті. Есігі алдындағы әрі кеткенде 20-30 түп жүзім, 10 түп алманы күтіп баптаудың қыры-сырын Қайырбек, Әлияр сияқты ілуде біреу болмаса, қалғандары біле бермейді ғой. Білген күнде де үдесінен шыға алмайды. Ал енді, ғылыми негізде тұрақты түрде мерзім-мезгілінде арнайы техникалық жабдық-жарақпен агро-химиялық және агро-техникалық кешенді шаралар жүргізу әр адамның қолынан келе ма? Келмейді. Тоз-тоз болған тоқыраудың басы осы болды да, су аяғы құрдымға кетті деп өкінеді. Өзім Алмалы ауылдық округінде екі жарым жыл ауыл әкімі болған кезімнен бұл мәселеден бір кісідей хабардармын. Сол кездері «Бөліп алып қарық боламыз деп емексіген есек дәме орға жықты. Әттең, естияр ардагер ағаларымыз бас болып, уақытысында ғылыми негізде ұтымды үйлестірген шаруашылықтан шаш етектен табыс тауып жүзімге жүздіріп, алмадан тау тұрғызған іскер басшы Мұхит Ысмайловты өтініш айтып шақыртып сенімді басқаруға бергенімізде, осы күні 500 тонналық қоймамызды толтырып, банкімізді (1 миллион шартты банкалық зауыт) жапқан мұртымызды балта шаппас еді...» дейтін сыңайдағы әңгімені өзім талай естігенмін. Осы ойға орайлас пікірдегі бүгінгі ардагерлер болып жүрген сол тұстағы жігіттер шоғыры, бұлыңғыр саясаттың бұғалығына шатылған шарасыз күй кешкен ол кездері жас еді. Байекең де болары болып, бояуы сіңген өткенді қазбалауға құлық танытпайды. Әлдекімдерді күстаналап кінә тағудан да аулақ. Ол кісіні өткеннің шырғалаңы емес, бүгіннің бұлғақ-бұралаңы көп жастар тәрбиесі, ағайын арасындағы татулық түсіністік пен ауыл елдің ынтымағы көбірек ойландыратын сияқты. Үлкендік үлгісін көрсетіп, қарияға тән байыпты сөз ұстап, орнықты мінез танытып жүрген сабырлы да салмақты осы қасиетін ауыл халқы да әбден біледі.
Ауылым – алтын бесігім
Өлісі бар, тірісі бар, Жеміс-жидек ауылының өсіп өркендеуіне иненің жасуындай болса да қызметін арттырған кез-келген тұрғын қошемет-құрметке лайық. Ал бар қажыр-қайратын сарқа жұмсап, елдің рыздығын молайтып, қоғамдық қоржынның бүйірін томпайтуға мысқалдап емес батпандап қосқан үлестің бәсі қашанда басым. Көн етігін сүйретіп иығынан кетпені, қолынан орағы түспей жүріп бейнет кешіп, маңдай терін төгіп диқаншылық жасаған Байекеңнің әкесі Оспан қарттың өмір тарихы өз алдына бір әңгіменің арқауы. Ауылдың көнекөз қарияларынан ол кісі жайлы да, 2 дүркін ауаткомның депутаты болып сайланып кеудесіне бейбіт өмірдің қос-қос медалін таққан алма бағының звено жетекшісі анасы Күлжахан жөнінен де хабарым бар. Мемлекет және қоғам қайраткері Ғафур Мұхамеджановтың әкесі Шерім қожа соғыс жылдары колхоздың басқарма төрағасы кезінде: «Осы Қызылдиханнан басқа жерге көшіп бара жатса, қайда деп сұрамастан бірге еріп жүріп еңбек жасайтын Күлжахан мен Дүрдананың жүрген жері береке ғой» деп разылығын білдіреді екен. Сол ықылас ынтамен еткен еңбгіне бағалаған соғыс жеңіспен аяқталған 1945 жылы қыз күнінде-ақ «Тылдағы қажырлы еңбегі үшін» мерекелік медальмен марапатталған. Ауылдағы үлкен бір шараға орайлас жайылған дастархан үстіндегі әңгіме ауаны былайша түзілер еді:
– Осы Осекең қырма сақал қырықты алқымдаған соғыстан бірер жыл бұрын Жөлектен наубайхана ашып талай Абызды тойындырған қызметі бар. Бәйімбет жиеннің орны төр, кел мұнда деп ығысып оң жағынан орын ұсынған қария маған қарата былай дегені есте.
– Әй, әкім бала, – дейді әлгі кісі, өзіме таман жылжи жақындап. Жәлімбет құрдасыңның түр-пошымы да, шатырлап шарт сынатын мінезі де жездемізге ұқсаған, ал мынау отырған Бәйімбет бізге көбірек келетін көпшіл, нағашысы Оразбай молда сияқты бойшаң, апамызға тартқан сабырлы... Сол жолы көтермелеп күлдіріп отырған шалдардың да көпшілігі бүгінде бақилық болған. Бұл жайында Байекеңнің өзі былай дейді:
– Әкем марқұм Құдайдан басқа сүйенері жоқ жасынан жетім өскенімен еті тірі болғанға ұқсайды. Жаңа заманның ағымына ілесіп жиырмадан асқанда өздігінен оқып ликбезден (сауатсыздықты жою қоғамы) сауат ашқаны сеп болды ма, сол кездегі Сыр бойындағы бірден-бір ірі мекеме Таштопқа (Ташкентское топливное бюро) тепловоз жүргізуші машинист болып жұмысқа орналасады. Дарияның арғы бетіндегі ну тоғай қалың сексеулді сындырып құмнан құмға жалғастырып төселген енсіз темір жолмен (узкокалейка) дарияға жеткізіп, баржаға тиеп Ташкентке жөнелтеді екен. Орыс тілін еркін меңгерген әкеміз осы жұмысын 1929 жылға дейін Шиеліде, мекеме Жамбыл облысындағы Қосқұдыққа көшкен соң да ілесе барып 1939 жылға дейін табан аудармай тағы он жыл бақылаушы-контролер болып жұмыс істеген. 1940 жылы Шиелі каналының қазылуымен дарияның арғы бетіндегі Жуантөбедегі ағайындар бергі бетке өтіп, жаңадан ұйымдастырылған «Қызылдиқан», «Ақтоған» колхоздарына орналаса бастағанда елге оралған. Артынша Отан соғысы басталып, қан майданның әбден шиеленісіп қызған шағында 1942 жылы 40 жасында соңғы мобилизацияға ілігіпті. 18-20 шамасындағы кілкіндей жас әкелеріндей көріп «көке» дейді екен. Неміс самолеттері шүйліккенде «воздух, воздух!!!» дейтін жан-дәрмен айқайды естіп «боздық, оздығы...» несі деп ұйлығып басын бұғып жата кететін небір бозым опат болғанға ұқсайды. Осындай бір бомбалаудан кейін Қызылдиханнан бірге аттанып өзін арқа тұтып маңайынан ұзай қоймайтын 18 жасар Ысмайылдың Қалдыбегін бомба түсіп қансырап жатқан жерінен іздеп жүріп тауып, жарасын таңып қақаған суықта бірде арқалап бірде сүйретіп жүріп 3 шақырым жер тылдағы госпитальға тапсырған оқиғасын «Мені ажалдан аман алып қалған Оспан көкеме өле-өлгенше қарыздармын!» деп ризашылықпен еске алып айтып жүреді екен жарықтық. Сталинградтан Берлинге дейінгі жауынгерлік жорықты жолды өткен майдангер қарияның орден-медальдарын («Ерлігі үшін, Сталинградты қорғағаны үшін, Кенигсбергті, Будапешті, Берлинді алғаны үшін») тұмардай қастерлеп сақтап отырған Байекеңнің орта жастан асқанда жаман-жәутік көп шалдың бірі болуға хақысы бола қояр ма екен? Әлбетте жоқ!
***
Бала Бәйімбет мектепке 6 жасынан барыпты. «Ойын баласы ғой, әлі бір жыл емін-еркін көз алдымда жүре тұрса болмай ма?» деген шешесінің сөзін тыңдамаған әкесі қолынан жетелеп әкеліп алғашқы ұстазы Марал ағайына өз қолымен табыстап тұрып:
– Оқуға ықыласы бар, оқысын! – деп бір-ақ қайырыпты. Ойындағысын ірікпей айтып салатын мінезді қарияның мысы басты ма, әлде ағарған шаш, ұлғайған жасын сыйлады, әйтеуір «Ау, Осеке, баланың жасы толмай тұр ғой ...» деп ешқайсысы айта алмапты. Қонақжай қарияның мол жайылар дастарханынан өзге де дөкейлермен бірге дәм татып шайын ішкен мектеп басшысына сөзі жүретінін білетін Осекең осылайша белден басыпты. Кім біледі, жас болса ұлғайып қалды, 54 жасында көрген ұл баласының ертерек оқып, ертерек қолқанат болғанын қалаған үмітін үрлеген тырс етіп сыртқа шығармаған ішкі ойы да болған шығар. Осы болжам шындыққа бір табан жақын сияқты. Мектепті кіл 4 пен 5-ке аяқтаған Бәйімбетті жоғарғы оқу орнына бармай, өз еркімен ауылда қалады деп ешкім ойламапты. Бірақ, анығы осы. Ол кездері мектеп бітіруші жастар жоғарғы сыныптарда арнайы жабдықталған кабинеттерден арнайы курстан өтіп қосымша мамандық алып шығатын тәртіппен ауылшарушылығы техникаларын оқығаны жөнінде куәлік берілетін. Жоғарғы оқу орнына бірден-бір талапкер оқушы дейтін Байекең сыныптастары жан-жаққа оқу іздеп аттанып жатқанда, өзінен өзі ұялғандай болып шәпкесін көзіне баса киіп, таңертең ертерек келіп совхоз кеңсесінің табалдырығын аттағанда, жарты ғасыр жүріп өтер үлкен өмір есігін аштым деп ойламаған да болар. Осылайша, бір күнде жұмыс қолы қашанда тапшы болатын совхоздың 16 жастағы ең жас механизаторы болып шыға келеді. Күні кешегі бозбала, өзі ересектер қатарына қосылған сол күннен басталған жұмысқа ерте барып, кеш қайту дағдысынан зейнетке шыққанға дейін айныған емес. Буыны қатпай жатып қара жұмысқа жегілудің оңай соқпайтынын да білді. Өйтпеске басқа амалы да жоқ еді. Өзінің алдындағы екі бірдей апаларының үлкені тұрмыста, кішісі Қызылорда пединститутында, тетелес ағасы Самарқанның жоғарғы оқу орындарында оқиды. Жетпістен асқан әке, жасы ұлғайған шешенің есек арбамен жаздай шөп орып, қыстай отын таситыны жанына қатты бататын. Өзінен кейінгі інісі жастау, кенже бала болып тым еркін өскен албырттығы басым. Қартайған әке-шешенің жанында болуға тәуекел етпек. Осы ойға бел буған кешкілік астан соң: «Көке, үлкейіп қалдыңыздар. Өмірдің қиындығын көрген бейнеттеріңіз аз емес, енді демалатын уақыттарыңыз келді. Мен сіздерді тастап ешқайда да бармаймын. Жұмыс істеп ақша тауып, реті келсе кейінірек сырттай оқуға түсермін, осыған ризашылықтарыңызды беріңіздер?» дегенді айтқанда шешесі марқұм баланың жолын байладық па деп толқығаны ма, білдіртпей төмен қарап отырып көз жасын сығып алыпты. Әкесі түрін бермей тік отырған бойы: «Балам, 13-те отау иесі деген, жас емессің, өзің білесің. Тек әйтеуір кейін қатарымнан қалдым деп өкініп жүрмесең болғаны. Жалғыз басты, сабау қылышты болып жүріп перзент қызығын кештеу көрдім. Қыздарым сабаққа жүйрік болып жақсы оқыды, бой жетті. Түбі жат-жұрттық қой, сағы сынбасын деп беттерінен қақпай, тарықпасын деп тыраштанып, қауын егіп тиын-тебен құрастырып оқытып жатырмыз. Ағаң Әйімбет те ту-у Өзбек асып Самарқанда оқып жатыр. Құдайға шүкір, шау тартып шаршаңқырап жүргенімізбен, әзірге қуатымыз бар сияқты. Саған да зорлық жоқ, оқимын десең жолың ашық...» дегеннен әріге бармаса да, ұлының сөзіне марқайып, иығын қомдап, насаттанып отырғаны әліге дейін көз алдында. Осымен сөз тәмам. 50 жылға жалғасқан ащысы, тұщысы да бар, ара-кідік орын алған қысылтаяң қиындығынан көрі қуанышы мен жұбанышы, қызық-шыжығы көбірек болған өмірдің қайнаған ортасын қақ жарып әлі келеді... Ірге тасы 1959 жылда қаланған ауылдың алғашқы басшылары болған Әшім Ыбыраев, Бекқожа Сүйіндіковтен бергі күні кешеге дейінгі ауыл өмірін бүге-шігесіне дейін білетін шежіре шертерлік жасқа келіпті. Осы аралықта 7 жыл директор болған Қазым Бірімжановпен 2 рет басшылыққа келіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артып, тұрмысының түзелген дамуына тың серпін берген Мұхитдин Исмайловтың тұсындағы, өзі тікелей шаруашылық қызметтеріне араласқан уақытты ең бір табысты да жемісті жылдар деп есептейді. Ең алғаш түтіні будақтаған «Беларусь» тракторының рөліне отырып тау қопарарлық екпінмен ентігін әзер басатын күндерді қалай ұмытсын? «Қазақтың Маресьеві батыр қыз!» деп аты шыққан Жадыра мінген су жаңа УАЗ-ға мінгесіп Бәйгеқұмға күнде қатынап 3 ай бойы К-700 тракторының қыр-сырына қаныққан күндер естен шығар ма? Көзден бұл-бұл ұшқанмен көңілден кетпес бір дәуірдің жүгін арқалаған қайран дариға дәурен! Кейіннен мемлекеттік қызметке араласқан жылдарынан да, соңынан сөз ертпеген, үлкенді-кішілі лауазымдарда жүріп аудандық деңгейде танымал, бедел арттырған белестерден өткен азды-көпті абыройын орнымен алып жүрген, қоғамдық негізде жауапкершілік жүгін арқалаған өз орнын біледі. Бір кездері өзі ауыл әкімі кезінде ұстаздық еткен, әріптес, қызметтес болған қарындастың кездескен жерде шүйіркелесіп амандасып «Ағай, аз уақыт қызмет атқарсаңыз да көп адамның жүрегінде қалдыңыз...» дейтін сөзі өзінің де жүрегіне жылы тиеді. Осыны халықтың берген бағасы деп түсінетін жан семіртерлік жақсы сөзге неге шүкіршілік етпеске дейтін? Бір жерден өсіп, бір жерден көгерген жұбайы Оразкүлмен екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 7 немере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Жаңа заманға бейімделіп өскен олардың да өз деңгейі, дәрежелерінде жеткен жетістіктері көңіл қуантады.
«Көңілімде дағым жоқ сақталатын,
Күнәм да жоқ өкініп ақталатын.
Адал тудым, жасадым адал өмір,
Табыстарым сол ғана мақтанатын» дейтін Әбділда ақынның бір шумақ өлеңі өзіне арналғандай көкейіне сондай қонымды, жадына сақтап жатқа айтады. Қоғамнан да, адамнан да алашақ-берешегі жоқ Байекеңнің шүкір, уайым қыларлық қайғысы жоқ. Барға қанағат етіп, жоққа салауат айту да – кемеңгерліктің белгісі.
Исабек Сәрсенбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Исабек Сәрсенбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі







