Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ дәстүрін дәріптеген орыс келін

Қазақ дәстүрін дәріптеген орыс келін

Сыр өңіріне 35 жылдан бері келін болған өзге ұлт өкілі қазақ аналарының ақ жолын ардақтап келеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Екі баласымен ерте жесір қалған ол қара шаңырақты шайқалтпай, отбасы дәстүрлерін берік ұстап қалған. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген Марина Тебенькованың шаңырағындағы тұсау кесу рәсіміне біздің тілшіміз де куә болды. Марина Тебенькова қазақ дәстүріне сай жетінші немересінің тұсауын кесті. Үлкендердің батасын алып, өздері өнеге тұтқан жанға ұқсасын деген ниетпен рәсімін жасады. Қаз басқан балақайды ұлттық нақышта киіндіріп, тағылымды тәрбиенің үлгісін дәріптей түсті. Осыдан 35 жыл бұрын Сыр еліне келін болып түскеннен бері қазақ аналарының парасаттылық болмысын терең ұғына бастадым дейді ол. Марина Тебенькова, Жалағаш ауданының тұрғыны: – Өзімнің анам ерте қайтыс болған соң туған анам сияқты болып кетті. Басқа ұлт болғанмен, «сен орыссың» деген жоқ. Сонымен қазақ сияқты тәрбиеледі. Енем не істесе, қасында жүріп соны үйрендім. Қазақшаны кішкентай қайын інім үйретті. Отасқандарына 10 жылдан аса бергенде Маринаның жары өмірден өтіпті. Бірақ орыс келін шаңырақтың туын жықпай, Жалағаштағы жақын-жуықтарының ортасында екі баласын үйлі етіп, немере сүйіп отыр. Барлық ұлттық рәсімдердің жоралғысын жасап, енесі көрсеткен тәлім-тәрбие ізімен ізеттілік жолынан айныған емес деп мақтан тұтты әулет үлкендері. Бекзада Жүсіпәлиева, М.Тебенькованың қайын апасы: – Қазақтың барлық кәдесін біледі. Құранын оқытады ата-енесіне. Жұмыс істейді. Ауылда ел-халықтың қуанышына да барады. Ағайын-жекжатқа, көршілерге де сыйлы. Көктемнің шуақты күнімен қатар келген отбасы қуанышы ағыл-тегіл ақ дастарханмен көмкерілетіні рас. Бауырсағын пісіріп, қымызын сапырып, етін ұсынған Маринаның қазақ аналарына тән бар асылды бойына жия білгенін байқадық.

09 наурыз 2021 ж. 365 0