ЖЕР ҚҰНАРЫН ЗЕРТТЕГЕН ҒАЛЫМ
Осындай ізденісі мен табандылығы арқылы аграрлық ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жанның бірі – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің аға оқытушысы Назымгүл Жолдасқызы.
Бестам ауылында дүниеге келген оның ғылымға деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан бастау алған. 2001 жылы №205 қазақ орта мектебін тәмамдап, сол жылы аграрлық білімнің қарашаңырағына айналған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне оқуға түседі. Ол мұнда «Өсімдік шаруашылығының селекциясы және биотехнологиясы» мамандығы бойынша білім алып, аграрлық ғылымның күрделі де маңызды саласына ден қояды.
Жас маман оқуын аяқтаған соң ғылым жолындағы ізденісін тоқтатпай, білімін тереңдетуге күш салады. 2016 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында «Биотехнология» мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленіп, кейін ғылыми-педагогикалық бағыттағы еңбегін жалғастырып, PhD докторлық дәрежесін қорғайды.
Ғылым жолы – үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр әрі абыройлы жол. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласында еңбек ету – елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, экологиялық тұрақтылығына қызмет ету деген сөз. Назымгүл Жолдасқызы осы бағыттағы ғылыми жұмыстарын топырақ құнарлылығын арттыру, агроэкология және биотехнология салаларына арнаған.
Бүгінде жаһандық климат өзгерісі мен экологиялық мәселелер ауыл шаруашылығы саласына да әсер етуде. Осындай кезеңде топырақтың табиғи сапасын сақтау, оны ғылыми негізде жақсарту – уақыт талабы. Ғалымның зерттеу жұмыстары дәл осы мәселелерді шешуге бағытталған. Ол топырақ құрамын микробиологиялық және биотехнологиялық әдістер арқылы зерттеп, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру жолдарын қарастыруда.
Назымгүл Шуменованың мақалалары әлемдік ғылыми қауымдастық мойындайтын Scopus базасындағы беделді журналдарда жарияланып келеді. Бұл – қазақстандық ғалымдардың халықаралық ғылым кеңістігіндегі орны нығайып келе жатқанын аңғартатын маңызды жетістік. Білікті маман кәсіби тәжірибесін арттыру мақсатында Түркияда тағылымдамадан өтіп, шетелдік ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты. Халықаралық тәжірибе оған аграрлық ғылым саласындағы жаңа технологиялар мен заманауи зерттеу әдістерін меңгеруге мүмкіндік берген.
Қазіргі таңда ол университет қабырғасында студенттерге дәріс оқып қана қоймай, жас ғалымдардың қалыптасуына бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаз ретінде теория мен тәжірибені ұштастырып, білім алушыларды ғылымға баулуда аянбай еңбек етуде.
Қазақ «Жер – ырыстың кіндігі» дейді. Сол қасиетті жердің құнарын зерттеп, ғылым арқылы ел игілігіне қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі әрдайым бағалы. Ал мұндай мамандар – ауыл шаруашылығының ғана емес, ел болашағының тірегі.
Г.ЯХИЯ








