Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨНЕР МЕКТЕБІ – ТАЛАНТТАР ОРДАСЫ

ӨНЕР МЕКТЕБІ – ТАЛАНТТАР ОРДАСЫ

Қасиетті Шиелі топырағы қазақтың маңдайына талай дүлдүл өнерпаздарды жарқыратып дүниеге әкелді. Ән мен жырдың алтын қазығы болған, даласы дархан, қойнауы қазына, тарихы телегей теңіз бұл өлкеден әлемді аузына қаратқан Сыр сүлейі Бұдабай, атақты әнші-балуан Иманжүсіп, ағайынды Мәнсұр мен ­Нартай Бекежановтар, Әбділда Тәжібаев сияқты тұлғалар шыққан. Қазақ даналығында «Асыл – тастан, өнер – жастан шығады» демекші, бүгінде жас өрендер кешегі өткен ізгілердің сарынымен төл өнерімізді төрден түсірмей, ұлы көштің ізін жалғап келеді.
Бүгінде Шиелі аудандық «Өнер» мектебінің аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына қосып жүрген үлесі мол. Таланттардың ордасына айналған бұл мектеп ұжымының атқарып жүрген жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Бойында жалыны бар өнер өлкесінің табалдырығын аттауға келген кез келген жанның тұлғалық болмысын қалыптастырып, қабілеттерін шыңдап келеді. Бұл мектептен тәлім алғандар қазақы құндылықтарды дәріптеп, аудан мерейін үстем етуде.
Жуырда №244 Ыбырай Жахаев атындағы орта мектеп директорының қолдауымен, Өнер мектебінің жанынан құрылған «Шашу» домбырашылар ансамблінің «Шабыт сыйлаған Шашу» атты шығармашылық кеші өтті. Концертке мектеп директоры Жеңіскүл ­Рыспенбетова, Өнер мектебінің директоры Нариман Мизамбаев арнайы келіп қатысты. Кештің мақсаты — ұлттық өнеріміздің алтын қазығы саналатын күй өнерін дәріптеу, жас буынға қазақтың төл аспабы – домбыраның қоңыр үні арқылы рухани тәрбие беру.
Рухани өнер кешін жыршы Ізбасхан Дәулетхан тізгіндеп, өнерпаздарды таныстырып, сахна төріне шақырды. Сонан соң «Ер тұран» күйімен концерттің шымылдырығы түріліп, күйден шашу шашты. Сахна төрінде жас күйшілер халық күйлері мен белгілі композиторлардың туындыларын орындап, шеберлігін паш етті.
Биыл «Шашу» ансамбілінің құрылғанына 2 жыл толып отыр. Осы аралықта көптеген концерттер өткізіп, жас күйшілер облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанып үлгерді.
Қазақта «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді. Бұл тұста шәкірттеріне ізгілік нұрын сеуіп, өнер жолына баулып, ұлттық аспаптың қыр-сырын үйретіп жүрген ­Шынболат Жансейітовтың еңбегі ерен. Міне, ансамблдің құрылғанына көп уақыт болмаса да жоғары нәтиже көрсетуі – ұлағатты ұстаздың төгілген маңдай терінің жемісі.
Кеш барысында Өнер мектебінің шәкірттері, баян сыныбының оқушысы Нұрислам Сүйіндік, дәстүрлі ән сыныбының оқушысы Мырзатай Тұрманов та өз өнерін ортаға салып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Күй – қазақ халқының рухани болмысының, мәдениетінің тұғыры биік асыл мұрасы. Осынау мұрамыз насихатталған кеш соңында көрермендер орындарынан тұрып қол соғып, ұлттық өнерге деген ыстық ықыласын білдірді. Тың туындыларымен күй құдіретінің сұлу үнінен рухани әсер алған қауым өнерпаздарға алғыстарын жаудырды. Біз де «Өнер» мектебінің шын таланттар ордасына айналғанын көзбен көріп, қуанып, «бәрекелді» десіп қайттық.

М.ИБРАГИМ
05 мамыр 2026 ж. 12 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

№32 (9399).

01 мамыр 2026 ж.

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031