Ерлік ешқашан ескірмейді
Жыл сайын көктемнің шуақты күндерімен бірге ел жүрегіне ерекше жылылық сыйлайтын ұлы мереке – Жеңіс күні келеді. Бұл – бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын, өткеннің қасіреті мен ерлігін қатар еске салатын, болашаққа сеніммен қарауға жетелейтін қасиетті күн. Соғыс деген сөздің өзі жанға ауыр. Оның салған жарасы – тек тарих беттерінде ғана емес, әр отбасының жадында, әр жүректің түкпірінде сақтаулы. Бірақ сол сұрапыл кезеңнің бар ауыртпалығын қайыспай көтерген жандар – ардагерлер. Олардың ерлігі – мәңгілік, олардың жолы – ұрпаққа аманат. Ерлік ешқашан ескірмейді, өйткені ол – адамзаттың ең асыл қасиеттерінің көрінісі.Адамзат тарихындағы ең қаһарлы соғыстардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс, біз үшін Ұлы Отан соғысы. Бұл соғыс тек мемлекеттер арасындағы қақтығыс қана емес, ол – адам тағдырын талқандаған, миллиондаған жанның өмірін қиған, қайғы мен қасіреттің қара бұлтын төндірген зұлмат кезең болды. Биыл Ұлы Жеңіске 81 жыл толуы – сол бір ауыр жылдардың алыстағанын білдіргенімен, оның салған ізі ешқашан өшпейді. Өйткені бұл – тек өткеннің тарихы емес, бүгінгі бейбіт өмірдің негізі. Сол бейбіт күн үшін қаншама ерлер өз жастығын құрбан етті, қаншама аналар көз жасын төкті. Осындай тағдыр иелерінің бірі – Шиелі ауданы, Керделі ауылдық округінде 1920 жылы дүниеге келген Бектай Бейсембаев еді.
Бектай Бейсембаев – өз заманының қарапайым, бірақ жүрегі алып азаматы. Оның өмір жолы – ерлік пен табандылықтың, намыс пен отансүйгіштіктің айқын үлгісі. Ол 1940 жылдың 5 қыркүйегінде әскер қатарына алынып, көп ұзамай басталған соғыстың алғы шебіне аттанды. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, ефрейтор шеніне дейін көтерілді. Әскери мамандығы – аға телефонист. Бұл – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, майдан даласында аса маңызды, әрі қауіпті қызмет еді. Байланыс – соғыстың күретамыры. Байланыс үзілсе, бұйрық жетпейді, ал бұйрық жетпесе, тұтас бөлімшенің тағдыры қыл үстінде тұрады. Сондықтан да Бектай әкеміздің әрбір қадамы – өмір мен өлімнің арасында жасалған таңдау болатын.
1941 жылы №844 атқыштар полкінің құрамында жүріп, ол жаумен қиян-кескі шайқастарға қатысты. Оқ пен оттың ортасында жүріп, неміс фашистеріне қарсы күресте өз үлесін қосты. Бір ұрыста ауыр жарақат алып, госпитальде емделсе де, майданға қайта оралып, күресін жалғастырды. Оның бойындағы қайсарлық пен жігер, Отанға деген адалдық оны ешбір қиындыққа мойытпады. Ол жаудың көзін жоймай елге қайтпауды өзіне серт еткендей еді.
Бектай Бейсембаевтың майдан жолы Мәскеу түбіндегі шайқастардан басталып, Польшаны азат ету арқылы Берлинге дейін жалғасты. Бұл – тек соғыс жолы ғана емес, бұл – ерліктің, төзімнің, үміт пен сенімнің жолы. Ол Мәскеуде әскери училищені бітіріп, кәсіби білімін шыңдаған жауынгер ретінде майданда ерекше жауапкершілікпен қызмет атқарды. Соғыстың ең ауыр сәттерінде де ол өз міндетін адал орындап, талай сыннан сүрінбей өтті.
Соғыстың сұрапыл жылдарында оның басынан өткен оқиғалар – адам сенгісіз ерліктің үлгісі. Байланыс үзілген кезде, жауған оқ пен жарылған бомбаның астында жүріп, үзілген сымды іздеп тауып, оны жалғау – нағыз батырлық еді. Бірде ол оқ жаңбырша жауып тұрған сәтте, жердегі ойдым-ойдым шұңқырларды паналап, еңбектеп жүріп, үзілген байланысты тапқан. Шөптің арасынан сымды тауып, оны тісімен жалғап, бөлімшеге қажетті байланысты қайта қалпына келтірген. Бұл – өмірін қатерге тігіп жасалған ерлік.
Тағы бір ерекше оқиға – оның кеудесінде үнемі Құран кітабын алып жүргені. Сұрапыл соғыста ол қасиетті кітапты кеуде тұсында сақтаған. Бір шайқаста жаудың оғы дәл кеуде тұсына тиеді. Бірақ, таңғаларлығы – ол аман қалады. Кейін ол бұл жайында: «Қасиетті кітаптың құдіреті ме, кім білсін…» деп қана қысқа жауап беретін. Бұл оқиға – оның өміріндегі ең тылсым, ең әсерлі сәттердің бірі. Бұл тек кездейсоқтық па, әлде сенімнің күші ме – оны әркім өз жүрегімен түйсінеді.
Бала кезімізде біз әкемізден соғыс туралы жиі сұрайтынбыз. Бірақ ол бұл тақырыпта көп сөйлегенді ұнатпайтын. Тек кейде ғана, естеліктердің ауыр жүгі жүрегін қысып, өткен күндерді еске алғанда, көзіне жас алып, баяу ғана сыр шертетін. Ол бейбіт тұрғындарды құтқару үшін уақытпен жарысқан сәттерін, жаудың қатыгездігін, майдандас достарының көз алдында қаза болғанын айтып, ауыр күрсінетін. «Жеңіске жеттік деп қуанып жатқанда, талай жауынгер минаға түсіп, көз жұмды…» деген сөздері оның жүрегіндегі жазылмас жараны аңғартатын.
Соғыс аяқталған соң, Бектай Бейсембаев елге аман оралып, бейбіт өмірге қадам басты. Ол анамыз Үржанмен отбасын құрып, тоғыз баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Әкеміз бізге ешқашан қатты сөйлемейтін, әрқашан сабырлы, мейірімді, қамқор жан еді. Оның көгілдір көздерінен төгілген жылылық – біздің бала жүрегімізге мәңгілік із қалдырды. Ол бізге адалдықты, еңбексүйгіштікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті. Оның өмірі – сөзбен емес, іспен берілген тәрбие болды.
Кеудесінде жарқыраған «Ерлігі үшін» І дәрежелі ордені мен «Венгрия мен Германиядағы жеңісі үшін» медальдары – оның батырлығының айғағы. Бірақ ол ешқашан өз ерлігін мақтан етпейтін. Қарапайымдылық – оның басты қасиеті еді. Ол үшін ең үлкен марапат – елдің амандығы, ұрпағының бақыты болатын.
1992 жылы әкеміз өмірден озды. Ол кезде мен небәрі 21 жаста едім. Әлі де көп нәрсе сұрап үлгермегеніме, оның өмір жолын тереңірек танып үлгермегеніме кейде өкінемін. Бірақ уақыт өткен сайын оның бейнесі биіктей түседі. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, оның тұлғасы біздің жүрегімізде асқақтай береді. Бүгінде біз – оның ұрпақтары, бір қауым елге айналып, әкеміздің өнегелі өмірін мақтан тұтамыз.
Қазіргі таңда ардагерлердің қатары сиреп барады. Сондықтан олардың әрбір естелігі – баға жетпес мұра. Біз сол мұраны қадірлеуіміз керек. Өйткені тарихты құрметтеу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағыт. Ардагерлердің ерлігі – бүгінгі бейбіт өмірдің іргетасы. Егер біз сол ерлікті ұмытсақ, онда өзіміздің кім екенімізді ұмытқанымыз.
Ерлік ешқашан ескірмейді. Ол – уақыттан биік, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мәңгілік құндылық. Бектай Бейсембаев сынды ерлердің өмір жолы – біз үшін үлгі, біз үшін аманат. Ендеше, сол аманатқа адал болу – біздің қасиетті борышымыз. Елімізде енді соғыс болмасын, бейбіт өмір мәңгі жасасын, бірлігі мен берекесі жарасқан тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болсын!
Гүлмира Бейсембаева,
Алматы облысы білім басқармасының әдіскері, Қонаев қаласы
Алматы облысы білім басқармасының әдіскері, Қонаев қаласы








