Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

ЕРЛІГІ ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Екінші дүниежүзілік соғыс халқымыз үшін қасіретті кезеңнің бірі болып тарихта қалды. Майданға аттанған 1,3 миллион қандасымыздың тең жартысы қайтып келмеді. Сұм соғыс қайғы жұттырмаған бірде-бір отбасы болмады. Естіген құлаққа салмағы ауыр, ызғары қатты бұл сөздің дүние жүзіне әкелген қасіреті қаншама. Бейбіт елдің берекесін қашырып, ынтымағын ойсыратқан да осы – соғыс. Аналардың көз жасы, ержүрек батыр бабаларымыздың қанымен келген жеңіске биыл 80 жыл толып отыр. Жылдар жылжып, сол сұрапыл кезеңнен алыстаған сайын, бүгінгі ұрпаққа бейбіт күн сыйлаған майдангерлерге деген құрмет еселене түсетіні анық. Өйткені олардың ерен еңбегі жеңіс туын желбіретті. Есімдері тарих сахнасында алтын әріптермен қалды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жау қоршауындағы қалаларды азат ету жолындағы шайқасқа Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бір бөлігі қатысқаны тарихтан белгілі. 900 күн мен түнге ұласқан кескілескен қан майданда неміс басқыншыларына қарсы тұрған жерлестеріміз көзсіз ерлік көрсетті. Олар батыр атағын алып, қалың көпшілікке танылып жатса, нұр үстіне нұр, әрине. Әйтсе де, бүгінде ерлігі еленбей, еңбегі ескерілмей қалған жауынгерлердің көп екені көңіл қынжылтады. Отан үшін орын алған қиянкесті ұрыста ержүректік танытқан жандардың бірі – Әуез Данияров еді.

Ол 1913 жылы Шиелі ауданы, «Жиделіарық» елді мекенінде дүниеге келген. Жастық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген ол 1941 жылы қан майданға аттанып, ерен еңбек пен батырлықтың озық үлгісін көрсетті. Сұм соғыстың зардабынан бірнеше рет жарақат алды. Десе де, өліспей, беріспейміз деп, міндетіне жауапкершілікпен қарайтын жауынгер Берлинді азат етуге қатысып, соғыс аяғына дейін ерлік көрсетті. Көзсіз батырлықтың арқасында 1945 жылы жеңіс туын желбіретуге өз үлесін қосып, елге аман-есен оралады. Майдангер Әуез Данияровқа Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, жауынгерлік қызметі мен батылдығы үшін, сондай-ақ еңбек саласындағы жетістіктері мен соғысқа қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше жоғары марапаттар берілген. Ол соғыс майданынан елге оралған соң, ауыл шаруашылығы саласының дамуы жолына білек сыбана кіріседі. Мал басын көбейтіп, ішкі өнімнің өсуіне күн-түн демей қажыр-қайратын салады. Еңбек ете жүріп Құдай қосқан жары екеуі 9 баланы өсіріп, оқытады. Өздері секілді адал бейнет етуге бейімдеп, саналы перзент тәрбиелейді. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырады. Қазіргі таңда ұл-қыздары асқар тау әкесінің есімін мақтанышпен айтып, ерлігін үлгі етіп, еске алып отырады. Иә, расымен де бүгінгі ұрпақ қан майданда жанын пида етіп, ерлікпен қаза тапқан батыр бабалардың ерен еңбегін ұмытпауымыз керек. Өйткені өткенді ұмыту – өшкендіктің белгісі, ал оны еске алу – өскендіктің белгісі. Батыр да батыл Әуез Данияровтың өжеттілігі мен қайсар мінезі, соғысқа ғана емес, ел үшін еткен еңбегін де мақтан тұтамыз. Осындай жарқын өмір сыйлаған жандардың ерлігін мақтан етіп, келешек ұрпақ есінде мәңгі қалдыру – басты міндетіміз.

М.ИБРАГИМОВ
20 сәуір 2025 ж. 4 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (9293)

13 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930