Ұрпаққа үлгі болған майдангерлер
Бүгінде арамызда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сирегені белгілі. Десе де көзден кетсе де көңілден кетпейтін майдангерлерге көрсетілетін құрмет қашанда толастамақ емес.
1939 жылдың 23 тамызы күнгі шабуыл жасаспау туралы Кеңес одағымен жасаған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді.
1939 жылдың 23 тамызы күнгі шабуыл жасаспау туралы Кеңес одағымен жасаған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді.
Бес жылға созылған соғыста қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуіне атсалысты.
Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз Қазақстан елінде мұңсыз өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын күресте бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады. Сонау Жер-ананы өрт шарпыған соғыс жылдарында елі мен жерін, ұрпағының болашағын қорғаған, Отанға бейбіт өмірді тарту еткен, қан майданда от кешкен ержүрек жауынгерлер – бүгінгі ақ сақалды ардагерлер мен ақ жаулықты аналар әрқашан жоғары құрметке лайық екені даусыз. Сондықтан да, оларға деген ыстық ықылас пен құрмет, алғыс ешқашан толастамайды, керісінше «тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, уақыт өткен сайын еселене бермек.
Жуырда 21 бекетте Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 77 жыл толуына орай «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты ескерткіш тақта ашылды. Осы ауылдан шыққан 16 майдангердің суреті ілінген тақтаны аудандық теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Ақпанов өз қаржысына жасатқан. Қашанда игі істің басы-қасынан табылатын ауыл ардақтысы бұл тақтаны кейінгі ұрпақ өмірден өткен аға-аталарын біліп, есте сақтап жүсін деген ниетпен жасаған. Ауылдағы үлкен жолдың бойына қойылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, әскери бөлімше мамандары, ауыл әкімі мен ардагерлер, майдангерлердің ұрпақтары қатысты. Жиында рухты көтерер патриоттық әндер шырқалып, соғыс ардагерлері жайлы әңгімелер айтылды.
Иә, өткен азапты жолдың қасіретін халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады.
Тұрмат БАЙМАҒАНБЕТОВ,
«Құрметті ардагер» медалінің иегері
«Құрметті ардагер» медалінің иегері