Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДҰРЫС МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ ҚҰПИЯСЫ

ДҰРЫС МАМАНДЫҚ ТАҢДАУДЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Мамандық таңдау – бұл жай ғана өмір жолын белгілеу емес, бұл – өз тағдырыңа өз қолыңмен бағыт сызу. Әрбір жасөспірімнің жүрегінде «Мен кім боламын?» деген бір сұрақ жатады. Бұл сауалға жауап іздеу, адамның ішкі әлемімен, арманы мен шынайылығының түйіскен тұсы.
Сәрсенбі күні «Руханият» орталығында Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбутегінің ұйымдастыруымен, №50 Абай атындағы орта мектеп оқушыларының қатысуымен «Мамандық таңдау – болашақты таңдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Бүгінгі жас ұрпаққа мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру мақсатында өткен мазмұнды шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жантас Қалекеев, заң саласының ардагері Алмас Сармантаев, №50 Абай атындағы орта мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Айна Әбуова, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Мейіржан Ибрагимов спикер ретінде арнайы қатысты.
Кездесуде оқушыларға таңдау жасау барысында мамандыққа сұраныс пен оның беделі, мансап перспективалары, еңбек жағдайлары, орташа жалақы сияқты аспектілерді ескеру қажет екендігі айтылды.
– Санаулы аптадан кейін биылғы оқу жылы да өз мәресіне жетеді. Орта мектепті аяқтағалы отырған әр бозбала мен бойжеткеннің алдында өзінің болашақ мамандығы мен сол бойынша білім алатын оқу орнын таңдау жауапкершілігі тұр. Болашақ мамандықты таңдауда қателеспеу керек. Хакім Абай Құнанбайұлы: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» демекші, қандай бағыт таңдасаңыздар да, сол мамандықтың озаты болып, елдің келешегі үшін еңбек етулеріңізге тілектеспін, – деді Алмас ­Сармантаев.
Бүгінгі мектеп түлектерінің алдында үлкен таңдау тұр. Бұл – тек мамандық таңдау ғана емес, өз өмір жолын анықтау. Сондықтан әрбір талапкер өз мүмкіндігін саралап, болашағын байыппен бағамдауы қажет. Ал ата-ана баласының таңдауына түсіністікпен қарап, бағыт-бағдар беруші, қолдаушы рөлін атқаруы тиіс.Қорытындылай келе, мамандық таңдау – кездейсоқ шешім емес, ол саналы ойдың, терең ізденістің нәтижесі. Жастарға дұрыс бағдар беріліп, олардың қабілеті мен қызығушылығы ескерілген жағдайда ғана қоғам өз орнын тапқан білікті мамандармен толығады. Ал бұл – ел болашағының берік іргетасы.
Басқосу соңында талапкерлер де көкейінде жүрген сауалдарын қойып, алдағы мақсат-жоспарларын ортаға салды.

«Өскен өңір» ақпарат
28 сәуір 2026 ж. 31 0