Мамандық таңдау – болашақты таңдау

Сәрсенбі күні №244 Ы.Жақаев атындағы қазақ орта мектебінде 11 сынып оқушыларының ұйымдастыруымен «Мамандықтар әлемі: біз таңдайтын жолдар» атты шара өтті.
Шараға №244 Ы.Жақаев атындағы қазақ орта мектебінің директоры Жеңіскүл Аманбайқызы, мектеп директорының бағдарлы оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлфайруз Асфандиярқызы, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар, жас түлектер қатысты.
– Мен журналистика мамандығын таңдап жатырмын. Өзіме бұл сала қатты ұнайды. Ауданның төс басылымы «Өскен Өңір» газетінде жарық көрген әр мақаланы қалт жібермей оқып отырамын. Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсіп, өзім қалаған маман иесі атанып, ауданымыздың дамуына өзімнің үлесімді қосқым келеді, – дейді 11 сынып оқушысы Мөлдір Қуанышқызы.
Шара барысында мектеп оқушылары мамандық таңдау және қай қаладағы оқу орнына түскісі келетіндері жайлы шағын «вайн» арқылы көрсетті. Сонымен қатар, болашақта қандай маман иесі болатындары жайлы айтып, таңдаған мамандықтарының жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр екенін талдап, мамандық таңдаудан қателеспеу қажеттігі айтылды. Жиында мектеп оқушылары өлең оқып, ән айтып, көрермендерге өз өнерлерін паш етті.
Шара соңында мектеп директоры оқушыларға деген жылы лебіз-тілегін білдіріп, оқушылардың алдағы үлкен өмір жолына сәттілік тіледі.
Дархан Байтілес