Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАУ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – БОЛАШАҚТЫ ТАҢДАУ

Бәсекеге қабілетті білікті мамандарды дайындау – бүгінгі күннің басты талабы. Мектеп қабырғасында он бір жыл бойы білім алып, «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққаннан» кейінгі мәселе – болашақ мамандықты таңдау. Бұл жасөспірім өмірінің маңызды кезеңі. Себебі таңдаған мамандығы өмірінің бір бөлшегімен біте қайнасып жатады. Осы орайда Ақмая ауылындағы №49 мектептің 9-11 сынып оқушылары мен түрлі сала мамандары «Мамандық таңдау – маңызды қадам» тақырыбында пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек. Қазіргі таңда мамандықтың түрі көп. Таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, қоғамға үлес қосатындай болуы шарт. Оңы мен солын танып үлгермеген мектеп оқушылары мамандығын дәл таңдауы қиын. Сондықтан жастар мамандық таңдауда көбіне ата-аналарымен, ұстаздарымен ақылдасып, бір шешімге келіп жатады.
Осы орайда жасөспірім шақта таңдаған мамандығың өзіңе өмір бойы азық болатынын да ұмытпаған жөн. Жиында бас қосқандар қатарында Ақмая ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Сейітмұрат ­Жандарбеков, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бағлан Әбсаттаров, аталған бөлімнің инженері Бақытжан Айдаров, Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінің өндірістік оқу шебері Айболат Байтұрсынов, №49 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бибігүл Сұлтанова, визажист ­Зарина Икрамхан және осы жолдардың авторы болды.
– Мамандық таңдау – жай ғана оқып, диплом алу емес, өмірлік жолыңды таңдау. Сондықтан болашақтарыңды айқындау барысында талапкер де, ата-ана да «жеті рет өлшеп, бір рет кескен» абзал болмақ. Сол үшін осы бастан дұрыс бағытты таңдап, лайықты маман болудың жолын қарастыру керексіздер. Өйткені өз саласының білгірі ғана қай кезде де сұранысқа ие болмақ, – деді жиында алғаш сөз алған ауылдық округ әкімдігінің бас маманы С.Жандарбеков.
Шара барысында оқушыларға түрлі мамандық жайында слайдтар көрсетілді. Оқушылар тарапынан келген қонақтарға түрлі сауалдар қойылды. Өз ойларымен бөліскен қонақтар саналуан мамандық болғанымен таңдау біреу екенін нақтылап айтты.
Жиынды қорытындылаған мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Ғалымжан Абдрахманов:
– Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ соны таңдауда дұрыс шешім қабылдай білу керек. Қарапайым сөзбен айтқанда мамандық таңдау өзің айналысқың келген жұмысты таңдаудан ғана емес, араласқың келетін ортаны қоса таңдаудан тұрады. Сол себепті әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйеніп барып болашақ мамандығына аяқ басу керек. Мамандық таңдау әрі қиын әрі жауапты болғандықтан мына отырған сала мамандарын арнайы сіздер үшін шақырдық. Бұл мамандық таңдауға байланысты оқу жылының алғашқы жарты жылдығында ұйымдастырылып отырған бірінші шара. Келесі жарты жылдықты мұндай жиындарды түрлі сала мамандарының қатысуымен жиі өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді.
Шынында да, болашақта қандай мамандықты таңдаған жөн? Бұл сауал күннен күнге өзекті мәселеге айналуда. Өйткені заман талабына сай түрлі мамандықтар сәт сайын көбейіп келеді. Ал бірнеше жыл бұрын ғана сұраныста болған кейбір мамандықтар керісінше, қажетсіз күйде қалғанын байқауға болады. Сондықтан үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған жастардың мамандық таңдауда қателеспеуі үшін осындай пікірсайыстардың өтуі орынды.

Гүлхан ЯХИЯ
28 желтоқсан 2021 ж. 12 566 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930