Тағылым мен дәстүр тоғысты
Шиелі ауданында түрлі ұлт өкілінің мәдениетін таныстырып, ұрпаққа өнеге боларлық мазмұнды шара өтті. Кәріс халқының ұлттық тағамдарына арналған шеберлік дәрісі – тек аспаздық сабақ қана емес, татулық пен бірлікті дәріптеген тағылымды кездесу болды.«Отбасы күні» аясында ұйымдастырылған бұл шара – тек тағам дайындау сабағы ғана емес, ұлттар арасындағы достық пен бірліктің айқын көрінісіне айналды.
Іс-шараға қатысушылар кәріс асханасының ерекшеліктерімен танысып, дәстүрлі тағамдардың дайындалу жолдарын үйреніп, олардың дәмін татты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастаманың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау, түрлі мәдениеттің өзара сабақтастығын көрсету.
Шеберлік дәрістің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов пен аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев қатысып, жиналған қауымға жылы лебіздерін білдірді. Олар бұл шараның ұлттар арасындағы достықты нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар шара барысында бірқатар азаматқа аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шиелі ауданында 800-ге жуық кәріс өмір сүреді. Шарада кәріс жастары қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақша ән орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Мұның өзі еліміздегі этносаралық келісім мен татулықтың нақты көрінісі.
Бұл шараның ұйымдастырылуына «FLY» мейрамханасының директоры Владимир Валерьевич ұйытқы болды. Сонымен қатар «Бурводстрой» ЖШС жетекшісі Евгений Олегович, «Адажио Шоу» театрының жетекшісі Виктория Владимировна, «BUSINESS СLUB» Қызылорда координаторы Сергей Эдуардович, сондай-ақ кәріс диаспорасының өкілдері Жанетта Мун мен кәсіпкер Аида Николаевна шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Біз де журналист ретінде аталған іс-шараға қатысып, кәріс халқының ұлттық тағамдарын көзбен көріп, дайындау тәсілдерін үйреніп, дәмін татып қайттық. Әр тағамның артында тұтас бір мәдениет пен тарих жатқанын сезіну ерекше әсер қалдырды.
Осындай тағылымды шаралар ұлттар арасындағы татулықты нығайтып, өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқарады. Шиеліде өткен бұл кездесу – соның жарқын дәлелі.
Айнұр МАҚСҰТҚЫЗЫ







