Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХ. ТӘЖІРИБЕ. ТАБЫС

ТАРИХ. ТӘЖІРИБЕ. ТАБЫС

Кейде бір кәсіпорынның шежіресіне үңілсең, өңірдің даму тынысын, уақытпен үндескен еңбек ырғағын сезінгендей боласың. Әр белесінен – табандылық, әр кезеңінен – жауапкершілік, әр жетістігінен талап пен табыс көрінеді. «KAР Logistics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 20 жылдық мерейтойы – үздіксіз еңбек, айқын міндет пен тәртіптің көрінісі.
Бұл – жай ғана уақыт межесі емес. Бұл – сансыз шақырым жол, жүздеген техника мен мыңдаған тонна жүктің қозғалысы арқылы қалыптасқан өндірістік қуат, ең бастысы – бір мақсатқа жұмылған үлкен ұжымның маңдай терімен жазылған еңбек шежіресі. Мерейтой қарсаңында кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, филиал ­директоры Дәурен Досмағанбетұлымен сұхбаттасқан едік.

–Дәурен Досмағанбетұлы, 20 жыл – уақыт таразысына салса, аз көрінгенімен, мазмұны терең, мағынасы салмақты кезең. Осы аралықта «Шиелі-Сұңқар» қандай белестерді бағындырды? Кәсіпорын алғаш қандай мақсатпен құрылған еді?
– Дұрыс айтасыз, 20 жыл – уақыттың жай ғана өлшемі емес, еңбектің еленіп, тәжірибенің толысатын кезеңі. Бұл – табандылық пен төзімнің сыннан өтіп, жүйелі жұмыстың нәтижеге айналған шағы. Осындай мерзімде біздің кәсіпорын өзінің бағыт-бағдарын айқындап қана қоймай, тұрақтылыққа табан тіреп, даму даңғылына нық қадам басуда.
Тарихты қозғар болсақ, 2006 жылы іргетасы қаланған сәттен бастап кәсіпорынның басты мұраты – өндірістің күретамыры саналатын логистика саласын жүйелі жолға қою, уран өндіруші кәсіпорындарға көліктік-логистикалық қызметті орталықтандырылған түрде сапалы ұсыну болды. Алғашқы жылдар оңайға соққан жоқ. Дегенмен сол кезеңдер ұжымды шыңдап, тәжірибесін байытып, төзімін беки түсті. Уақыт өте құрылымдық өзгерістер енгізіліп, жаңа бөлімдер ашылып, техникалық база жаңарып, кәсіпорын қуатты өндірістік жүйеге айналды.
Талай белесті артқа тастап, түрлі даму кезеңінен өткен мекеме 2022 жылы «KAР Logistics» атауын иеленсе, 2023 жылдан бастап филиал «Шиелі-Сұңқар» ЖШС атауымен қызметін жалғастырып келеді.
– Кәсіпорынның қазіргі өндірістік қуаты қандай деңгейде және негізгі бөлімдердің үлесі қандай?
– Қазіргі таңда алпауыт өндірістік кешен жұмыс істеуде. Онда төрт негізгі құрылымдық бөлім бар. Атап айтсақ, автошаруашылық, жүк түсіру-қайта тиеу базасы, теміржол учаскесі және жол пайдалану бөлімдері. Ең ірі бөлім – автошаруашылық. Мұнда 350 адам еңбек етеді. Баланста 356 бірлік автотракторлық техника бар. Мұнда техниканың тілін тапқан мамандар көліктің қысқы және жазғы күтімін қатаң бақылауда ұстайды. Сондай-ақ жыл сайын автопаркіміз жаңартылып, заманауи техникамен толықтырылуда.
Ал жүк түсіру-қайта тиеу базасы 2018 жылдан бері шығыс өндірістік аймақта жұмыс істейді. 20 жылдық тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш – 842 мың тонна жүк өңделгенін де айта өтейін. Бұл – біздің өндірістік қуатымыздың күннен күнге артып жатқанын білдіреді. Теміржол бойынша кірме жолдардың ұзындығы 8 265 метрді құрайды. Вагондарды беру мен шығаруды «ТЭМ-2У» тепловозы мен «Unimog 400 Mercedes-Benz» локомобилі жүзеге асырады. Біздің жол пайдалану балансымызда – 182,74 шақырым автожол бар.
– Осындай үлкен өндірістің артында үлкен ұжым тұрғаны анық…
– Дұрыс айтасыз. Әрбір іргелі істің, әрбір биік белестің артында тек өндірістік қуат қана емес, сол үдерісті бағыттап, ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыра білген жандардың еңбегі тұратыны анық. Бұл ретте «KAP Logistics» ЖШС-нің бас директоры Рамазанов Дархан Болатұлының және 2006-2018 жылдары басшылық еткен Қыдырбай Берік Қасиетұлы мен 2018-2020 жылдары ұжымды басқарған Сүлейменов Насыр Шәкенұлының кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқанын ерекше атап өту қажет. Ал 2020 жылдан бері осы ұжымға басшылық ету маған сеніп тапсырылды.
Бүгінде филиалда 568 адам еңбек етеді. Оның ішінде 25 нәзік жан өндірістің түрлі саласында қызмет етуде. Сонымен қатар 134 жас маман бар. Біз үшін ерекше мақтаныш – еңбек әулеттері. Бір отбасының бірнеше буыны осы кәсіпорында еңбек етіп келеді. Бұл – ұжымдағы сенім мен тұрақтылықтың айқын көрінісі.
Сондай-ақ бағыт-бағдар беріп, жастармен тәжірибесін бөлісетін ардагерлердің орны ерекше. Бүгінде 80-нен астам зейнеткер ардагеріміз бар. Олар – осы ұжымның қалыптасу жолында маңдай терін төгіп, еңбегі ел есінде сақталған абзал жандар. Қожахмет Тобағабылов, Болатбек Жайынбаев, Шералы Баекеев, Налтай Айтимов, Арғынбай Рысдәулетов, Уалихан Буриев, Нина Дьяченко сынды ардагерлер әрдайым ұжыммен тығыз байланыста болып, ақыл-кеңесімен бөлісіп келеді. Олар тек өткен күннің куәгерлері ғана емес, бүгінгі буынға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен жол көрсететін шынайы тәлімгерлер. Кез келген игі бастамадан шет қалмай, ұжымның рухани өміріне белсене араласып, кейінгі толқынға үлгі бола білуде.
– Жергілікті билікпен бірлескен жұмыстар қалай жүзеге асырылуда?
– Кәсіпорынның тұрақты дамуы мен өңірлік бастамалардың жүзеге асуы жолында жергілікті атқарушы органдармен өзара әріптестік берік жолға қойылған. Бұл бағытта аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. ­Аудан мен кәсіпорын арасындағы бірлескен жұмыс – тек өндірістік мәселелермен шектелмей, әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жетілдіру және қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыру бағыттарын да қамтиды. Осындай өзара түсіністік пен үйлесімді әріптестік өңірдің дамуына серпін беріп, ортақ мақсаттарға қол жеткізудің маңызды тетігіне айналуда.
– Кәсіпорын ұжымы мәдени-көпшілік шараларға қалай атсалысып келеді?
– Біз қоғамнан бөлек емес, керісінше, оның ажырамас бір бөлшегіміз. Сондықтан аудан көлемінде ұйымдастырылатын барлық қоғамдық және мәдени іс-шараға ұжым болып белсене атсалысып келеміз. Бұл бағытта аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы тарапынан көрсетіліп отырған сенім мен қолдау – біздің ортақ жұмысымызға үлкен серпін беріп отыр. Ұжым «Алтын күз» мерекесі мен «Наурыз» мейрамын өткізуге тұрақты түрде қатысып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, елдік бірлікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Мұндай шаралар қызметкерлер арасындағы ынтымақты арттырып қана қоймай, рухани тұтастықты да күшейтеді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан», «Мектепке жол» акцияларына тұрақты түрде қатысамыз. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмектесу – біздің азаматтық борышымыз. Биыл мерейтой аясында «20 қайырымды игі іс» акциясын өткіздік. 30 отбасыға азық-түлік себеттері таратылды, 3 мүмкіндігі шектеулі балаға арба сыйға берілді, мұқтаж жандарға киім-кешек үлестірілді. Қызметкерлер ұйымдастырған жәрмеңке арқылы «Мейірім» оңалту орталығына 370 мың теңгелік мультиаудио жүйе табысталды.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алда ауқымды жобалар бар. Соның бірі – Тайқоңыр елді мекеніндегі құрылысы бастау алған күкірт қышқылы зауыты. Бұл күкірт түсіру қайта тиеу және тасымалдау базасын құратын үлкен жоба деп айтар едім. Өз кезегінде аталған жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ
14 сәуір 2026 ж. 97 0