«ШИЕЛІ-СҰҢҚАРДЫҢ» СЕРПІНІ

Бұл логистикалық кәсіпорын №6 кен басқармасының құрамында 1983 жылы №4 автобаза ретінде құрылды. Ол кезде автотрактор 36 техникасы тұратын парк болатын. Автожайдың қазіргі өндірістік базасы 1986 жылы пайдалануға берілді. Сол уақытқа дейін уақытша алаңда орналасқан болатын. Бұған қоса, №6 кен басқармасының құрамында бір кездері тасымал-сақтау учаскесі болған. Қазір бұл – транзиттік база. №4 автобазасы мен тасымал-сақтау учаскелері құрылғалы бері №6 кен басқармасының қалыптасуы мен дамуына, «Көкшоқы» елді мекенінің құрылысын жүргізуге, сонымен қатар СМУ 3, МСУ және НУС кәсіпорындарына қызмет көрсетуге тікелей атсалысты . 2007 жылы «ГРК» ЖШС-ны (тау-кен рудалы компания) қайта құрылымдау кезінде автобаза мен тасымал-сақтау учаскесі негізінде «ТТК Шиелі» сауда-тасымалдау компаниясының филиалы құрылды. Уақыт өте келе мекеме «Шиелі-Сұңқар» «KAP Logistics» ЖШС филиалы деп аталатын болды. Филиалдың негізгі мақсаты – «НАК «Казатомпром» АҚ тың кәсіпорындарына жүк және жолаушыларды тасымалдау, жүктерді өңдеу, көтергіш механизмдермен қызмет көрсету, жер қазу жұмыстарын, жол-құрылыс машиналарымен басқа да жұмыстарды қамтамасыз ету. Сонымен қатар мұнда тауар-материалдық қорларды қабылдау, сақтау және жеткізу, теміржол қызметін көрсету де жүзеге асырылады. Кәсіпорынның өндірістік базасы мықты, жыл сайын жаңартылып, заманауи жабдықтармен, автотрактор техникасымен қамтамасыз етіледі. Филиал балансында автотрактор техникасының 200-ден астам бірлігі бар. Соның ішінде «РЕНО» маркалы, Shansy Sx5313gp3jyc және Tsq 5313qyy автомашиналары бар. Сондай-ақ филиал теңгерімінде маневрлік теміржол локомотиві ТЭМ 2 және «Унимог 400 Мерседес Бенц» локомобилі бар, олар шығатын жолдарға маневрлік жұмыстар жасауға арналған. «Шиелі-Сұңқар» «KAP Logistics» ЖШС филиалы құрылғалы бері көрсетілетін қызмет көлемі күрт артты, Қаратауда орналасқан уран өндіретін кәсіпорындардың кен орнына жүктер тасымалдануда. Мұнда еңбек қорғау және техникалық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және радиациялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қызметкерлерге әлеуметтіктұрмыстық жағынан жақсы жағдайлар жасалған. Кәсіпорын басшылығы өндірістің үздіктері қатарында Мақсұт Төлегеновті, Айтжан Түлкібаевті, Нұрлан Байбураевті, Мұрат Әлиевті, Құрманғали Нұрмағанбетовті, Бауыржан Орынбаев пен Әбітхан Нұртаевты және еңбек ұжымының жалпы жетістігіне үлес қосып жүрген басқа көптеген маманын атап көрсетті.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ