Жаңа технология – жетістік бастауы
Қаһарлы қыс қыр асып, қарбаласқа толы көктемнің бел ортасына келдік. Қым-қуыт күйбең тірлікке толы мезгілде дала төсі де еңбек майданына айналады. Бұл диқандар үшін қайнаған тірліктің қызатын шағы. Бүгінде өңірдегі ауа-райының құбылып тұрғанына қарамастан, Шиелі ауданының еңбеккерлері көктемгі егіс дала жұмыстарына кірісіп кетті. Диқандар дәнін дайындап, жерін жыртып, дала дүбірін қыздыра түсті. Ерте бастан дала жұмыстарының дайындық қамына кіріскен еңбеккерлер берекелі күзде көл-көсір өнімге кенелуді көздеп отыр.Мол өнім алу диқаншыларға ғана үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймайды. Сала мамандарының да дұрыс саралап, жоспарлауына байланысты. Биыл аудан бойынша жалпы 31 213 гектар жерге егін егіледі деп жоспарланған. Жерді тиімда пайдалану және су ресурстарын үнемдеу мақсатында ауыл шаруашылығына заманауи технологияны кеңінен пайдаланып, жерді лазерлік тегістеуден өткізуде.
Лазерлік тегістеу – егістік алқаптың жер бедерін жоғары дәлдікпен тегістеуге мүмкіндік беретін озық технология. Бұл әдіс арнайы лазерлік құрылғылар мен автоматтандырылған техниканың көмегімен жүзеге асырылады. Нәтижесінде жер беті мінсіз деңгейде тегістеліп, су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашылады. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл технология – мол өнім алуға және үнемділікке мол мүмкінді береді.
Аудан бойынша биыл 10 000 гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілуде. Бұл жұмыстарға заманауи 45 дана лазерлік тегістегіш техника жұмылдырылған. «Судың да сұрауы бар» деген қағиданы ұстаған еңбеккерлер тіршілік нәрін тұтынуда ысырапшылдыққа жол бермей, су үнемдеу тәсілдерін тиімді пайдаланып жүргенін айтып отыр.
Айта кетейік, өткен жылдары облыс бойынша Су үнемдеу технологиясын тиімді қолдану бойынша Шиелі ауданы «Озат аудан» атанған болатын. Жылда жарқын жетістіктерімен көрініп жүрген аудан еңбеккерлері биыл да меже биігінен шығады деген сенім мол.
Мейіржан ИБРАГИМОВ







